22 Тамыз 14:09
...

Маймыл шешегі: Қауіп қайдан болса, қатер содан

Вирус
Фото: Коллаж NEGE

Әлемнің 14 мемлекетінде таралып, салдарынан жүздеген адам қайтыс болған жұқпалы маймыл шешегі дерті күннен-күнге өршіп барады. Аурудың қаупі, себептері мен алдын алу жолдары қандай? Осы туралы тілшіміз зерттеп көрді.

Маймыл шешегі қандай дерт?

Маймыл шешегі (Monkeypox, mpox) – бүкіл денеде бөртпе пайда болып, лимфа түйіндері ұлғайып, әлсіреп, қалтырап, дене қызуы көтеріліп, бас аурып, бұлшықеттер мен буындар сырқырап белгі беретін жұқпалы дерт түрі. Ауру көбінесе сырқат адаммен жақын жанасу, қақырық пен сілекей бөлшектерінің таралуы арқылы жұғады. Яғни, 2020 жылы әуреге салған короновирус сияқты ауа арқылы емес, маймыл шешегімен ауырып жатқан адамның терісіне қол тигізгенде, ауру адам түшкірсе немесе жөтелген жағдайда шешек жұғады. Mpox-маймыл шешегі қара немесе табиғи шешекке қарағанда жеңілірек вирус. Жұқтырғандардың өлім деңгейі 3-6% бен 40%, әсіресе, балалар мен жастар, иммундық жүйесі әлсіз науқастар арасында өлім-жітім жоғары.

Вирус
Фото: ғаламтордан

Вирустың өлімге дейін үш стадиясы бар. Біріншісі – дене қызуы көтеріліп, бас айналады, кенеттен бас қатты аурады. Екінші стадия –денеге қызыл бөртпелер шығады. Алдымен, қол-аяққа, бетке шығып, кейін арқаға тарайды. Үшінші стадиясы – қызыл бөртпелер сары сұйықтықпен толады.

Дәрігерлердің айтуынша, бірінші және екінші стадияларда маймыл шешегінен жазылып шығу оңай. Ал үшінші стадияға өтіп кеткен жағдайда, адам өмірін аман алып қалу қиын. Маймыл шешегінің үш стадиясы да бірден 2-3 аптаның ішінде ағзаға таралады. Дер кезінде ем-шара жасалмаса, адамның демі қиындап, арты өлімге әкеп соқтырады.

Ең қызығы, маймыл шешегі кезіндегі қызыл бөртпелер желшешек (ветрянка) бөртпелеріне қарағанда өзгеше. Маймыл шешегінде шығатын бөртпелер қаралау әрі жануарларға шығатын жараларға ұқсайды. Оның үстіне, вирус 16 жасқа дейінгі балаларға тез жұғады екен. Аурудан жазылған жағдайда, бөртпелер уақыт өте келе жоқ болып, теріге айналып кетеді.

Вирус қалай көбейіп барады?

Жақында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) жаһандық төтенше жағдай жариялады. Себебі, Африка елдерінде маймыл шешегінің таралуы тез күшейіп, қауіпті вирус «COVID-19» секілді жайпап барады. Конго Демократиялық Республикасында биыл бұл ауруды 14 мыңнан астам адам жұқтырып, оның 524-і қайтыс болған. Вирустың негізші тамыры да осы елде. Қазір бұл дерт тек Африка құрлығындағы мемлекеттерде ғана емес: Индонезия, Пәкістан, Швеция, АҚШ, Ұлыбритания, Испания, Португалия, Канада, Австралия елдерінде тіркелді. Әзірге Қазақстанда және көршілес мемлекеттерде тарай қойған жоқ. Бірақ, «Сақтансаң, сақтайды» демекші, еліміз шекарадағы санитарлық бақылауды күшейтті. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев Sputnik.kz сайтына берген сұхбатында былай деді: «Қазақстан Республикасы аумағында індеттің пайда болу қаупі аз. Осыған қарамастан, министрлік бұл инфекцияның таралуына жол бермеу үшін барлық қажетті алдын алу шараларын қабылдауда. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттерінде санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді».

Вирус
Фото: ғаламтордан

Қазір таралып жатқан маймыл шешегі – дерттің жаңа түрі. Дәрігерлер, мұны «жеңілдеу түрі» дейді, ал ерекшесі жұққан жағдайда жаралар жыныстық мүшеге де тарайды екен.

Бұл вирус алғаш рет 1958 жылы маймылдың ағзасынан табылды. Одан кейін 1970 жылы Конгоның Басанкусу қаласында адам ағзасынан анықталды. 1981 жылдан 1986 жылға дейін 338 жағдай тіркеліп, дерттен 33 адам өлген. Вирустың тағы бір толқыны 1996 жылы үдеп, 511 адам маймыл шешегімен ауырған. Конгода бұл вирусты толығымен жою осы күнге дейін мүмкін болмаған. Араға жылдар салып оқтын-оқтын қайталанып тұрады. Себебі, тарихқа үңілсек, 2003 жылы АҚШ-та, 2017-2019 жылы Нигерияда, 2018 жылы Ұлыбританияда, 2019 жылы Сингапурда, 2022 жылы Еуропаның бірқатар елдері мен АҚШ қалаларында қайта өршу байқалған. Енді міне, биыл тағы қайталанып бұл жолы күллі әлемді дүрліктіріп жатыр. Себебі, ауру таралу жылдамдығы бұрынғыдай емес, өте жылдам.

Дәрігерлер не дейді?

NEGE тілшісіне берген түсініктемесінде жалпы медициналық дәрігер Роза Сатбәйқызы былай дейді: «Маймыл шешегі көбіне ыстық мемлекеттерде тез таралады. Ең бірінші, маймылдан адамға жұғады. Сол үшін, кез-келген жерде маймылды ұстаудан, тамақтандырудан бас тарту керек. Азаматтарымыз, әсіресе, Тайландта белгісіз маймылдарды ұстап, жайбарақат сипай береді. Бұл – өте қауіпті. Шешек тек Африкадағы ғана емес, барлық маймылдарда болуы мүмкін. 14 күннің ішінде ауру денеге таралып кетеді. Кез-келген елге жүгіре бермей, абай болуымыз қажет. Қазір дерт ушығып тұрған уақытта экзотикалық елдерге барудан аяқ тарта тұрған жөн».

Аэропорт
Фото: ktk.kz

Ал эпидимолог Елдана Нөкербанның пікірі мынадай: «Шешектің қай түрі болмасын өміріңізге қауіп төндіреді. Бұл дерт қатерлі ісік немесе жүрек талмасы сияқты тек бір адамның өмірін қиып қана қоймай, мыңдаған адамға жұғады.

Негізі, бастапқыда маймыл шешегімен тек кеміргіштер ауырған. Адамдар кеміргіштер мен жануарларға тыныштық бермей, ақыры вирус өзгеріске түсіп, соңында адамға жұқты. Бұрын тек жыныстық қатынас арқылы жұққан вирус қазір шырышты қабық арқылы да жұғады. Вирустың кез-келген түрі ешқашан толық жоқ болып кетпейді. Араға уақыт салып қайталанып отырады. Мәселен «COVID-19» жойылып кеткен жоқ, арамызда әлі жүр.

Симптомдардың соңғы белгісі – жараларды денеңізден байқаған кезде тым кеш болады. Сол үшін басыңыз қатты ауырып, дене қызуы көтерілгенін сезсеңіз, бірден жедел жәрдем шақырыңыз. Сақтанып жүру үшін, үйден келе сала, міндетті түрде қолыңызды сабындап жууыңыз».

Вирусты қалай тоқтатамыз?

Вирусты тоқтатудың бірден-бір жолы – вакцина. Бірақ маймыл шешегіне қарсы әлі күнге дейін вакцина ойлап табылған жоқ. Сонда да шетелдік дәрігерлер қарапайым шешекке қарсы вакцинамен-ақ ауруды емдеп жатыр. Қызығы, Совет үкіметі кезінде туыла сала барлық сәбиге салынатын вакцина бұл дертке төтеп бере алады екен. Сондықтан болар, әзірге Ресей Федерациясы мен бұрынғы КСРО құрамында болған мемлекеттерде маймыл шешегі тарала қойған жоқ. Ал АҚШ Ұлттық стратегиялық қорында бүкіл ел азаматтарына салуға жететін вакцина барын мәлімдеді.

Вакцина
Фото: ғаламтордан

Әйтсе де, вирусологтар мен дәрігерлер денесі бөртіп, ауру белгілері байқалған адамдармен жақын байланыста болмауға кеңес береді. Маймыл шешегін жұқтырған адам бірден оқшауланып, медициналық көмекке жүгінуі керек. Дәрігерге өзі барғанша, жедел жәрдем қызметкерлерін шақырғаны жөн.

Қазір ғалымдар маймыл шешегіне қатысты вакцина жасап, жануарлар арасында сынақтан өткізіп жатыр. Маймыл шешегіне қарсы вакцина жасалса, Қазақстан халқы вакцина салғыза ма? Алматы облысы, Жаңатұрмыс ауылында тұратын оқырманымыз Ернар бүй дейді: «Балаларымыз бен өзімізді қорғау үшін, әрине, салғызамыз. Нигерияда алты айлық сәбидің үстіне қорқынышты жаралар шығып кеткенін көріп, жүрегім ауырды. Қазір, халқымыздың көзі ашық, оқыған. Вакцинаға ешкім қарсы болмайды деп ойлаймын».

Түйін

Шүкір, әзірге Қазақстанда маймыл шешегі жоқ. Бірақ, әлемнің әр түпкірінен ұшақтар емін-еркін ұшып келіп жатыр. «Вирус бізге келмейді» деп ешкім кепілдік бере алмайды. Бекшин сияқтылар «наконец-то появился коронавирус» деп қарап отыра беруі мүмкін. Сондықтан ең алдымен өзіңіз сергек болыңыз.

Аружан АСҚАРҚЫЗЫ, Ақпараттық технологиялар университетінің 2-курс студенті.