Мәслихат депутаты Алаш арыстарын Желтоқсан көтерілісіне «қатыстырып» қойды

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Сарапхана аулындағы «Мәңгілік ел» саябағында үш бірдей ескерткіш ашылды – Алаш арыстары, «Анаға тағзым» және даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлына.
Осы игі шараны облыстық және республикалық БАҚ шама-шарқынша насихаттады. Алайда бізді таңдандырған – облыстық «Южный Казахстан» газетінде (сайтында – ред.) жарияланған «Чтобы помнили...» деген мақала.
Облыстық мәслихаттың депутаты, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, Nur Otan партиясы саяси кеңесінің мүшесі Марина Лимаренко басшылық жасайтын «Южный Казахстан» былай деп жазады: «Первая скульптурная группа «Алаш арыстары» посвящена национальным героям — желтоксановцам. 16 декабря 1986 года они вышли на главную площадь Алма-Аты, став предвестниками независимости Республики Казахстан…».
Осымен тоқтай қалса да көп ештеңе бүліне қоймас еді, «тілшінің білместігі болар» (мақала авторы – Татьяна Корецкая) деп қоя салар едік. Алайда редакция белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалымдарды да ұятқа қалдырыпты.
«Для всех нас декабрьские события 1986 года имеют особое значение. Они вписаны в историю становления независимости Казахстана и останутся в памяти народа. Памятник «Алаш арыстары» – напоминание молодым поколениям о знаковых для страны событиях», — говорили в своих выступлениях участники митинга, приехавшие со всей страны, Мамбет Койгельды, Куаныш Айтаханов, Сауытбек Абдрахманов, Нармахан Бегалиулы и другие», – деп жазып, Алаш арыстарын зерттеп жүрген белгілі ғалымдарды да өздерімен бірге батпаққа батырып кетіпті.
Енді қараңыз, дәл осындай былжырақ материал Forbes.kz сайтында жарияланды. Олар «Қазинформ» халықаралық ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған. Ал енді мұндай былжырақты «Қазинформнан» қаншама сайттар мен газеттер көшіріп басқаны белгісіз.
Тілшіміз Алаштың тоғыз арысына ескерткіш қоюға мұрындық болған Бекет Тұрғараұлына хабарласты.
«Орыс редакциясы қателік жіберген. Өздерінің қателігі, журналистердің қателігі. Ескерткіштің Желтоқсан көтерілісіне ешқандай қатысы жоқ. Бұл – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Алаш арыстарына қойылған ескерткіш», – деді Б.Тұрғараев.
«Южный Казахстан» тілшісі Т.Корецкая мақала соңына «Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан дерек бойынша дайындалды» деген. Осы мәселені анықтамаққа Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Мира Мүсілімге де қоңырау соқтық.
«Бұл – аудармашының қателігі. Түркістанда орыс тілді аудармашы тапшы. Мәтінді шатыстырып алған. Біз кеше редакцияларға хабарласып, қате мәтінді ауыстырдық. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз», – деді М.Мүсілім.
«Алаш арыстары» ескерткішінде Алаштың тоғыз бірдей арысы бейнеленген: Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабаев, Әлімхан Ермекұлы және Жаһанша Досмұхамедұлы.
«Алаш арыстары» ескерткіші.
Түркістан облысы әкімдігінің аудармашысы қателескен деген күннің өзінде Алаш арыстарын Желтоқсан қайраткерлерімен қалай шатыстыруға болады?! Әлде Nur Otan партиясы саяси кеңесінің мүшесі М.Лимаренко Алаш арыстарын танымай ма?
P.S. Лимаренко басқаратын «Южный Казахстан» газетінің сайтында жаңағы былжырақ материал құлама бесінге дейін жарияланып тұрды...