Маңғыстау өңірінде 9 су тұшыту зауыты салынады

Елімізде ауыз су мәселесі әлі өзекті. Шалғайда таза суға жарымай отырған елді мекен көп. Кезінде қабылданған «Ақ бұлақ», «Ауыз су» мемлекеттік бағдарламасы бұл түйткілді толыққанды шешіп берген жоқ.
Ауыз су мәселесі күн тәртібінен түспей тұрған өңір – Маңғыстау. Десе де, мұнда ауызсу тапшылығы мәселесін шешу үшін қабылданып жатқан шара көп. Бұл тұрғыда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев: «Бүгінгі күні облыс 150 мың текше метр су тұтынады. Жаз мезгілінде 51 мың текше метр су тапшылығы байқалады. 2025 жылға қарай суға деген қажеттілік 250-260 мың текше метрге жетеді деген болжам бар. Президенттің халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында облыста 2025 жылға дейін жалпы қуаты 286 мың текше метр суды тұшытатын 9 жобаны іске асыру жоспарлануда», – деді ол.
Оның айтуынша, Қаражанбас кен орнында қуаты тәулігіне 17 мың текше метр су тұшытатын зауыт іске қосылады. Инвестициялық жобаның құны – 21,4 млрд.теңге. Зауыт пайдалануға берілгеннен кейін «Астрахань-Маңғыстау» су құбыры арқылы келіп түсетін 10 мың текше метр су Жаңаөзен қаласына, Бейнеу және Жетібай ауылдарына жіберіледі. Одан бөлек «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын 20 мыңнан 40 мың текше метрге дейін жеткізудің 2-ші кезеңі басталды.
– Бұл жұмыстар 2022 жылы толық аяқталады. Жергілікті атқарушы билік аталған зауыт өндіретін су көлемін тәулігіне 100 мың текше метрге дейін жеткізуді көздеп отыр. Қазір 3-ші кезеңін жүзеге асыру үшін жобалық сметалық құжаттамасы әзірленуде. Жаңаөзен қаласын толықтай сумен қамтамасыз ету үшін Кендірлі аймағында тәулігіне 50 мың текше метр су тұшыту зауыты салынып жатыр. «ҚазМұнайГаз» компаниясы жүзеге асырып жатқан жоба 2024 жылы іске қосылады деп жоспарлануда, – деді Маңғыстау облысының әкімі.
«Форт-Шевченко қаласында қуаты тәулігіне 5 мың текше метр су, Ақшұқыр ауылы мен Сайын Шапағатов ауылдық округінде қуаты тәулігіне 10 мың текше метр су болатын қондырғы салынады. Ал Бейнеу ауданының Боранқұл ауылында тәулігіне 80 мың текше метр су өндіретін зауыт салу жоспарлануда. Ақтау қаласында қуаты тәулігіне 20 мың текше метр теңіз суын тұшытатын зауыттың құрылысы басталды», – дейді Н.Ноғаев.
Сонымен қатар Ноғаев Президент 2022 жылға дейін 12 ауылды орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуді тапсырғанын айтты. «Биыл орталықтандырылған сумен 2 ауыл қамтылады: Бекі және Басқұдық. Нәтижесінде елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету 96%-ға дейін жеткізілетін болады. Қалған 10 ауылды ауызсумен қамтуды 2022 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда», – деді облыс басшысы.
Бүгінде облыс дамып, елді мекендер аумағы кеңейген сайын ауыз суға деген сұраныс артып келеді. Ауыз су тапшылығын кезең-кезеңімен шешу үшін 2025 жылға дейін жалпы қуаты 286 мың текше метрді құрайтын 9 су тұшыту жобасын жүзеге асыру қарастырылған. Атап айтқанда:
Бірінші, «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын 40 мың текше метрге дейін жеткізудің 2-ші кезеңі басталды. Жобаны 2022 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мұның нәтижесінде Мұнайлы ауданының 180 мың халқын, Түпқараған ауданының Ақшұқыр және С.Шапағатов ауылдарындағы 20 мың халықты, Қарақия ауданының Құрық ауылының 15 мың тұрғынын, сондай-ақ, аграрлық аймақты, «жылы жағажай» курорттық аймағын 100 пайыз сапалы және үздіксіз сумен қамтамасыз етілмек.
Екінші, Қаражанбас кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су тұщыту зауыты 2022 жылдың шілде айының соңына таман іске қосылады. Зауыт іске қосылғаннан кейін «Астрахан-Маңғыстау» су құбырынан босайтын су көлемін өңірде қалдыру арқылы ауыз су көлемін ұлғайтуға мүмкіндік болады. Яғни, 10 мың текше метр суды Жаңаөзен қаласы, Бейнеу, Жетібай ауылдары тұрғындары игілігіне қолдана алады.
Үшінші, жеке инвестордың қаражаты есебінен Ақтау қаласында тәулігіне 20 мың текше метр су тұшыту зауытын салу жұмыстары басталды. Бұл жобаның іске асу кезеңі былтыр басталып, 2023 жылы аяқталуы тиіс.
Төртінші, Жаңаөзен қаласын толықтай сумен қамтамасыз ету үшін Кендірлі аймағында тәулігіне 50 мың текше метр су тұщыту зауытын салу жұмысына қан жүгірмек. Жобаны қолға алатын «ҚазМұнайГаз» компаниясы 2024 жылы пайдалануға бермек.
Бесінші, бүгінде өңірдің орталығы Ақтау қаласында жаз мезгілінде ауыз су тапшылығы байқалады. Сондықтан қаланы ауыз сумен қосымша қамту мақсатында «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» компаниясының аумағына қуаты тәулігіне 24 мың текше метр су тұщыту қондырғыларын салу жоспарлаған. Жоба биыл басталып, 2024 жылы іске қосылады.
Алтыншы, «Каспий» су тұщыту зауытына қосымша қуаттылығы 60 мың текше метрге дейін артық, яғни өнімділігін тәулігіне 100 мың текше метрге дейін жеткізудің 3-ші кезеңіне ЖСҚ әзірлеу және салу жұмыстары жүргізілуде. Жобаны іске асыру кезеңі 2023-2024 жылдар. Жобалаушы – «Қаз Нұр» жобалау-құрылыс институты» ЖШС.
Жетінші, Форт-Шевченко қаласында қуаты тәулігіне 5 мың текше метр су тұшыту қондырғысын іске қосу көзделген. Жобаны іске асыру кезеңі – 2022 жыл.
Егер жобалар сәтті жүзеге асса, Форт-Шевченко қаласы мен жақын маңдағы елді мекендердің 12 мың тұрғыны сапалы және үздіксіз сумен қамтамасыз етіледі. Сол сияқты Ақшұқыр және С.Шапағатов ауылдарында қуаты тәулігіне 10 мың текше метр су тұшыту қондырғылары іске асырылса, мұнда да ауыз су мәселесі біршама шешімін табады.
Тағы бір жаңалық – Бейнеу ауданының Боранқұл елді мекенінде қуаты тәулігіне 80 мың текше метр болатын тұщыландыру зауыты мен су тартқышын салынады. Қазіргі таңда Бейнеу ауданы Төңірекшың жер асты су кен орны қорын қайта бағалау құжаттамасы дайындалу үстінде. Жобаны аяқтау мерзімі 2021 жылдың желтоқсан айына жоспарланғанмен, іске асыру кезеңі 2024-2025 жылдары жүзеге асады. Маңғыстау өңіріндегі ауыз су түйткілін шешуге байланысты қабылданған шаралар мен жобалар түбегейлі іске асып, өз уақытында пайдалануға берілсе, халықтың қуанышында шек болмас еді.