Махмахановтар Рысбек Сәрсенбайұлына сес көрсетті

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы, Ащысай ауылының тұрғыны Нұрлан Ахметовті 15 тамыз күні белгісіз біреулер өз үйінде пышақтап өлтіріп кетті.
20 тамызда Нұрлан Ахметовтің 40 күндік асы өтті. Қоғам белсенділері жиналып, Ахметовтың өліміне кінәлілерді тез арада табу керек деген талап-арыздарын билік өкілдеріне тағы да жеткізді.
Осы іске қатысты қоғам белсенділері арнайы комиссия құрған. Nege.kz тілшісі комиссия мүшесі, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлынан оқиғаның мән-жайын сұрап білді.
– Рысбек Сәрсенбайұлы, комиссия мүшесі ретінде Нұрлан Ахметовтің өліміне қатысты істі бақылауда ұстап отырсыздар. Тергеу қалай жүріп жатыр?
– Нұрлан Ахметов өз үйінде қастандықпен өлтірілді. Денесіне 9 жерден пышақ салған. Арнайы тергеу тобы құрылды. Тергеу тобының құрамында прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің, Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері бар. Қазір жұмыс істеп жатыр. Олардың айтуына қарағанда, куәгер ретінде, басқа да жағдаймен 5 мыңға жуық адам сұралған. Содан кейін тағы 1-2 адам басқа қылмыс бойынша қамауда отыр. Олардың осы іске қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Тергеу орындарының жұмыс тәжірибесі сондай. Олар барлығын жан-жақты тексереді. Сондай-ақ Нұрлан Ахметовтің жеке басына қатысты, айналасындағы адамдарға байланысты деректерді мұқият қарап жатыр. Басқа да келіспеген, жанжалдасқан жағдайлар бар ма деген болжамдар да қарастырылуда. Қылмыстың қандай да бір мақсаты, себебі болады. Не себепті жасалғанын анықтау керек. Барлық фактіні електен өткізіп, анықтап, зерттеу арқылы қылмыскердің ізіне түсу керек.
Одан кейін қылмыс жасалған жерде қалған айғақтар болса, соның барлығы зерттелуі тиіс. Сондай жағдайда ғана қандай қылмыс болмасын ашылады. Өйткені, қазіргі технологиялық жағдай оған мүмкіндік беріп отыр. Қолында байланыс құралы бар, бейнебақылаулар орнатылған, ары-бері жүріп тұрған адамдар бар. Жан-жақты тексеру жүргізілсе, бұл қылмысты ашудың мүмкіндігі жетерлік.
– Қылмыскерлердің ұсталатынына сенуге бола ма?
– Оларды міндетті түрде табуы тиіс. Бұл қылмыстың тергелу барысы Нұрлан Ахметовтің туыстарын, жақындарын ғана емес, бүкіл ауыл, аудан, Қазақстан азаматтарын алаңдатып отыр. Олардың көкейінде «Таба ала ма, жоқ па?» деген күмәнді сауал тұр. Алаңдауға негіз жоқ емес. Сол себепті де Қоғамдық тәуелсіз комиссия құрылды. Ол жерде әртүрлі қоғамдық бірлестіктің мүшелері, белсенді азаматтар бар. Комиссия мүшелері тергеу тобының адамдарымен кездесті. Менімен де жеке кездесіп, сөйлесті. Айтуға болатын деректемелерді бізге түсіндірді. Бірақ әлі де белгілі бір күдіктінің соңына түскен жоқ.
Н.Ахметов
Нұрлан Ахметов қаза болған кезде халық «10 күннің ішінде табыңдар» деген талап қойған. Кейін 2 ай мерзім сұраған. Сол мерзім 18 қарашада бітеді. Кеше жиылған жұрт соны тағы да естеріне салды. «Қалай да табасыңдар, жауабын айтасыңдар!», деп талап қойды. Бұл жерде жұрттың көпшілігі Нұрланның өлімінің салдарын сезіп отыр. Өйткені, Нұрлан өзі қансырап көз жұмар алдында мұның шешендерден келген әрекет екенін әйеліне айтқан. Оның арғы жағы 2007 жылы Казаткомдағы қақтығыстан шыққан. Бұл – бүкіл шешен ұлтымен емес, тек бір әулеттің мүшелерімен болған қақтығыс.
– Қастық солардан келуі мүмкін бе?
– Махмахановтар болуы мүмкін. Бұл – көп адамның ойындағы күмән. Менің де сондай күмәнім бар. Оның ақ-қарасы қылмыскерді тапқан кезде белгілі болады. Бірақ қазіргі жағдайда бұл күмәнді ысырып тастамай, толық тексерулері керек. Біз осы мәселені айтып отырмыз. Неліктен? Өйткені 2007 жылы болған қақтығысқа қатысты сотталғандардың арасында Нұрлан Ахметов те бар. Оны да жауапқа тартқан. Бірақ оның кісі өліміне қатыстылығы дәлелденбейді де, жеңіл жазаменен сотталады.
Сот процесі кезінде, куәлердің айтуына қарағанда, Махмахановтардың әкесі: «Менің бәленбай балам бар, олар кек алмай қоймайды», – дегенді қадап айтқан.
Бұл де көңілге күдік туғызатын, тексерілуі қажет дерек. Сондай-ақ Махмахановтардың сот шешімімен келіспегенін ескерген жөн.
– Нұрлан Ахметовке бір емес, бірнеше рет қастандық жасалыпты ғой...
– Осыған дейінгі уақытта Нұрлан Ахметовке 4 рет қастандық жасалған. Көлігіне, үйіне жарылғыш зат қойды, сол кезде кездейсоқ басқа бір адам жарақат алды. Нұрланның Самат деген інісі бар, соны Думан ықшамауданында көлігін оталдырып жатқан кезде терезеден келіп атқан. Інісі сол сәтте басын көтеріп қалған да, оқ басына тимей, әйнектің жарығынан көзіне зақым келген. Оны көрген куәгерлер болған. Куәгер атқан адамды «шешен ұлтынан болуы мүмкін» деп суреттеп берген. Фотороботын жасаған суреті де бар. Ол Махмахановтардың біреуіне ұқсайды. Нақты сол ма, ол емес пе дегенді Саматтың өзі де айта алмады. Ал куәгер де бір себептермен куәлік етпеді. Ақыры қылмыскер анықталған жоқ.
Одан кейін Нұрланның өзіне де Таусүгірден шығып келе жатқан жолда көпірдің астына тығылған әлдекім автоматтан оқ жаудырған. Ол автомат кейін табылды. Махмахановтардың үйінен де 2007 жылғы оқиға кезінде бірталай қару-жарақ, оқ-дәрі табылған. Олар қаруды қандай мақсатпен үйде ұстаған?
2007 жылы Казаткомдағы оқиғаның кезінде Жезқазғанда адам өліміне қатысты Махмахановтардың Витта деген біреуі күдікті деп танылды. Оны оқшаулап түрмеге жабудың орнына, үйіне жіберген. Осы және басқа да қылмыстарға қатысты журналистік зерттеу жасап, мақалалар жазған журналист із-түзсіз жоғалып кетті.
Витта Махмахановқа халықаралық іздеу жарияланғаны туралы құжат
Мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысовтың баласы, тәп-тәуір қызметтегі Нұрлан Тұрысов пен оның әйеліне Алматыда қастандық жасалып, екеуін де өлтіріп кетті. «Тапаншаның қылмыс орнында қалған оғы мен гильзасы 2007 жылы жараланғандардың денесінен табылған оқпен сәйкес келді» деген ақпарат шықты. Осындай қылмыстар әлі күнге дейін ашылған жоқ. Халықты мазалайтын мәселе осы. Мұның бәрін күдік пен болжам күйінде қалдырмай, қайтадан тексеру, анықтау керек.
– Қоғамдық комиссия мүшелерінің құрамында кімдер бар?
– Қоғамдық комиссия құрамында елге танымал саясаткерлер, жазушылар, журналистер, қоғам белсенділері бар. Балташ Тұрсынбаев, Қабдеш Жұмаділов, Ғаббас Қабышев, Марат Тоқашбаев, тағы да біраз адамдар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазды. Ол хатта осы қылмыстарды ашуды талап етті. Сондай-ақ, бұған дейінгі алты қылмысты, оның ішінде Ахметовтерге жасалған қастандықтарды ашпаған, аша алмаған қызметкерлердің үстінен іс жүргізуді, оларды әкімшілік не болмаса қылмыстық жазаға тартуды талап еттік. Өйткені ол қылмыстар ашылмайынша, мына қылмыстар да ашылмайды. Сол қылмысты қысқартқан, не болмаса кейінге қалдырған, тоқтатқан адамдар қазір ішкі істер саласында қызметте жүр. Солар қазір іс жүргізіп жатқан топқа кедергі келтіруі мүмкін. Ең үлкен қауіп пен күдік осында. Біз осы мәселені Президентке ашық жаздық, халыққа да ашық айтып отырмыз, ақпарат құралдарына да ашық жариялаймыз. Мына қылмыс ашылмаса, ол одан әрі жалғасады.
Қоғамдық комиссия мүшелері
Жұрттың көңілінде күдік бар. Мұны ұлтаралық жанжалға жібермес үшін осы қылмысты ашудың маңызы зор.
– 2007 жылы болған оқиғаға қатысы бар Тахир Махмахановтың қазір қайда екенін тергеу органы біле ме?
– 2007 жылы төбелеске қатысқан, оқ атқан күдіктінің бірі әлі күнге дейін анықталмай, ұсталмай жүр. Оның артынан қылмыстық іс қозғалған, іздеу салынған. Ол Ресейге Қырғызстан арқылы қашып кетіпті-міс. Жарайды, 2007 жылы қашып кетсе, қазір 2020 жыл ғой. Арада 13 жыл өтті. Оның артынан іздеу қағазын Ресейге 2015 жылы жіберген. Одан бері тағы 5 жыл өтті. Ешкім іздемейді, сұрамайды, талап етпейді. Егер дәлелдері болса, неге елге алдырып жазасын бермейді?
Моловодное, 2007 жыл
– Махмахановтар Сізге де сес көрсетті ме?
– Өзін «Махмахановтардың үлкендерінің бірі – Ахмадпын» деген адам маған сес көрсетіп, 1-2 бейнежазба жіберді. Онымен қоса, «Сендер ұлт патриоттары бәрін бүлдіріп отырсыңдар. Махмахановтар туралы жалған дерек айтып отырсыңдар, сендерді шариғат сотына береміз, сендерді Президентеріңе жазамыз», – деп дөңайбат шеккен жазба жіберді. Онымен қоса, «сепаратист Ганс» дегеннің видеоролигін және ұлттар арасындағы қақтығысқа апарып соқтыруы ықтимал жағдайларды айтып, оған қазақтарды кінәлайтын, сол үшін Ресейден көмек сұраған әлдекімнің жазбасын қоса салыпты.
– Сізге сес көрсеткендегі мақсаты не болуы мүмкін?
– Ондағы ойы – мені қорқыту, жасқандыру. Дегендеріне жету үшін маған қысастық жасауы да мүмкін. Бірақ олардан жасқанып, қорқатын біз жоқпыз. Мен де, комиссия мүшелері де.
Нұрланға жасалған қастандықты «шәлкем-шалыс адамның әрекеті» деп қарауға болмайды. Бұл – алдын ала жоспарланған, дайындалған қылмыс. Ал егер ондайлар жазаланбаса, қоғамға өте қауіпті.