Құмар ойын: Мемлекет лудоманиямен қалай күресіп жатыр?
Құмар ойын – өте қауіпті. Десе де құмар ойынның жетегіне еріп, артынан зардабын тартып жүргендердің қатары өте көп. Слоттарда, рулеткада және басқа да онлайн казино түрлеріне қалтасындағы соңғы тиынын тігіп, барынан айырылып жатқандардың мысалы өзгелерге сабақ болып жатқан жоқ. Керісінше, мәселенің түйінін мемлекет деңгейінде шешуді талап ететін дертке айналды.
Құмар ойындарға тәуелділікті «лудомания» деп атайды. Ал құмар ойындарға: рулетка, лотерея, покер, ойын автоматтары, әртүрлі бәс тігулер (ставка) және ақша тігетін кез келген ойын жатады. «Лудомания» терминнің халық арасында тарап кеткені соншалық, қазір ол ауру болып саналады. Тіпті психикалық ауытқу ретінде де жіктеледі. 20 ғасырдың ортасында құмар ойындарға тәуелділікті түсінуге психологиялық және психоаналитикалық интерпретациялар қосылды.
Басқа психикалық ауытқулар сияқты, құмар ойындарға тәуелділік көп факторлы ауруға жатады. Біріншіден, оның пайда болу қаупі әлеуметтік-демографиялық факторлармен байланысты. Лудомания дерті ерлерде әйелдерге қарағанда екі есе жиі кездеседі. Бірақ әйелдерде құмар ойындарға тәуелділік тез дамиды. Лудоманияға көбіне 40 жасқа дейінгі адамдар шалдығады.
Құмар ойындарға тәуелділіктің пайда болуына әсер ететін төрт негізгі фактор бар. Олардың барлығы адам бойындағы тұлғалық қасиеттермен байланысты:
- Күйзеліс. Адам жанына тыныштық іздеп, көңілін құмар ойындарға аудара бастайды. Әсіресе, бұл фактор әйел адамдарда көп кезедеседі. Ол суицид қаупінің жоғарылауымен және отбасында әртүрлі психикалық жағдайлардың болуымен байланысты.
- Алкоголь. Алкогольге тәуелді адамдар одан да жоғарғы құмарлықты іздей бастайды.
- Қылмыс пен жалғыздыққа бейімділік. Мысалы, қылмыс үшін жазасын өтеген, заңсыз әрекеттер жасаумен айналысқан адамдар арасында кездеседі. Сонымен қатар тұрақты жұмыстың болмауы, ажырасу себептері де жатады.
- Көңіл-көтеру. Адам құмар ойынды тек көңіл-көтеру құралы ретінде қабылдап, соңында тәуелді болып қалғанын байқамайды.
Құмар ойын ойнауға енді ғана кіріскен адам оның артты үлкен қауіп екенін бағамдай алмайды. Алғашқыда ойынды жай ғана ойын-сауық немесе көңіл-көтерудің болмашы құралы деп есептейді. Мұндай «ойын-сауық» кезінде адам кездейсоқ ұтыстарға жету үшін материалдық құндылығын сарп етеді. Бастапқыда құмар ойындарға тәуелділік тек моральдық тұрғыдан қарастырылды, сондықтан бұл проблемадан зардап шегетін адамдар моральдық тұрғыдан әлсіз, жалқау болып есептелді.
Көбінесе құмар ойындарға тәуелділікті есірткіге тәуелділікпен салыстырады. Лудомания өз эмоциялары мен нәпсісін жеңе алмайтын адам үшін өте қауіпті. Құмар ойындарға тәуелділік әртүрлі жолдармен көрінеді. Тәуелді адамды анықтау кейде өте қиын, ол тәуелділігін жақсы жасыра білуі мүмкін. Тіпті, жанында жүрген жақындары да оның жылдар бойы құмар ойын ойнайтынын білмейді. Егер сіздің туысқаныңыз немесе досыңыз құмар ойындарға қызығушылық танытса, ұтыстары туралы үнемі айтып, қарызға ақша сұраса, онда оның құмар ойындарға тәуелділігі артып келе жатыр деген сөз. Құмар ойындарға тәуелділерге тән көрініс бар. Олар өздерінің жүрген жері туралы өтірік ақпарат береді. Тәуелді адамдар ешқашан казинода болдым деп айтпайды. Өйткені олар өз тәуелділігін басқалардан жасырғысы келеді.
Мамандар бұл індетпен күресу жұмыстарын тездету керек деп есептейді. Жеделдетпесе, оның арты жақсылыққа алып келмесі анық. Лудоманияны емдеудің әмбебап әдісі жоқ. Әрбір жеке жағдайда психотерапевт науқастың өмірін зерттеу және ойынға тәуелділіктің даму себептерін анықтау үшін жұмыс істеуі керек. Сонымен қатар сарапшылардың көпшілігі құмар ойындарға тәуелділікті толығымен емдеу мүмкін емес деген пікірде. Тәуелділік пайда болғаннан кейін ол өмір бойы сақталады. Бірақ ұзақ әрі тоқтаусыз жұмыстың арқасында жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Оның барлығы емделушінің ерік-жігеріне байланысты. Ең алдымен құмар ойынға тәуелді адам өз мәселесін өзі түсінуі керек. Егер адамның өзі құмар ойынның оның өміріне кедергі келтіретінін түсінсе, онда ол психотерапевт пен жақындарының көмегін қабылдап, тәуелділіктің бетін қайтара алады.
Құмар ойындарға тәуелділіктің арты көптеген мәселенің туындауына себепші. Мысалы, отбасының бұзылуы, жұмыссыз қалу, несиеге бату (жоғары пайыздық мөлшерлемемен қарыз алу) және т.б. Кейде осы себептермен барынан айырылған адам өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады. Аталмыш факторлардың барлығы көптеген елде, соның ішінде Қазақстанда да ойын бизнесін реттеу қажеттілігін туындатты. Өкінішке қарай, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барлығы мәселені толығымен шешуге мүмкіндік бермейді, өйткені ойын алаңдарының көбі Интернет платформаларға көшті, ал оларды басқару қиынырақ. Қаншама тексерістер, заң бойынша шектеу, бас бостандығынан айыру жазалары қолданылса да бұл кәсіппен айналысу тыйылар емес. Әлеуметтік желілерде де заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қатары сиремеген.
Қазақстанда құмар ойындармен күрестің кешенді жұмыстары жүргізіліп, 2026 жылға дейінгі нақты жоспарлары әзірленді. Сонымен қатар, биыл 9 қыркүйектен бастап елімізде мемлекеттік қызметкерлердің құмар ойындар ойнауына тыйым салатын заң күшіне енді. Заң аясында мемлекеттік, әскери, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойын ойнап, бәс тіге алмайды. Ал аталмыш заңға бағынбағандар қызметінен, лауазымынан босатылады. Сондай-ақ қарызы бар борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған адамдардың құмар ойындарға қатысуына және бәс тігуіне тыйым салынған. Мемлекеттің лудоманиямен күреске назар аударуы еліміздегі құмар ойындарға тәуелділікті біршама төмендетеді. Мысалы, 2026 жылға дейінгі жоспарда ойынға тәуелді лудомандардың санын 42 пайызға азайту көзделген.
Ересектерді қойып, жастар арасында да лудомандардың қатары көбейіп жатыр. Сол себепті құзырлы органдар бұл мәселе бойынша жастармен де кешенді жұмыс атқаруды қолға алған. Мысалы, жоғары оқу орындарында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Лудоманияны жеңуге бағытталған шаралардың барлығы адамның сапалы өмір сүруіне жағдай жасайды. Сол себепті бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді.