ҚТЖ «өгізді өлтіріп, арбаны да сындырмақ». Ұлттық оператор НЕГЕ тығырыққа тірелді?
«АМАНАТ» партиясының Парламенттегі фракциясы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының кезекті рет тарифті көтеруіне қарсы шықты. Бірақ ҚТЖ тарифтерді көтермесе өзін матап отырған қарыз құрсауынан шыға алмайды. Сарапшылардың барлығы компанияның 2023 жылғы қаржылық есебін күтіп отыр.
2022 жылдың қаржылық есебі бойынша, жағдай мүлде мәз емес болатын. «Қазақстан темір жолының» қысқа мерзімді міндеттемелері өзінің ағымдағы активтерінен 118,4 миллиард теңгеге асып тұрды. Яғни компанияның толық минуста болғанын аңғарамыз. Онымен бірге, ҚТЖ 2023 жылы 256,5 миллиард теңге қарызын төлеуі тиіс еді. Қарыздан құтылып, компанияны пайдаға шығаратын жалғыз жол – тарифтерді қымбаттату. ҚТЖ 2023 жылы теміржол тарифтерін бірнеше рет көтерген. Онымен бірге, 2024 жылы да көтеру туралы өтініш берген.
Бірақ бүгін «АМАНАТ» партиясы ҚТЖ жоспарына қарсы шықты. Парламенттегі фракция мүшесі Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында ұлттық компанияның 2024 жылы магистралды теміржолмен экспорттық тасымалдау қызметтеріне баға лимитін 3,89 есеге арттыру туралы өтінішін сынады. Себебі, оған отандық экспорттаушылар алаңдап отыр. Бұдан экспорттаушылардың бәсекеге қабілеттілігі төмендеуі мүмкін.
Депутат Ескендіровтің ойынша, ҚТЖ-ны екіге бөлу керек. Инфрақұрылымды басқаруды (теміржолдың өзін) Көлік министрлігіне беру қажет. Ал ҚТЖ сонда таза тасымалмен ғана айналысатын болады.
Тарифтерді өсірген ҚТЖ 2023 жылы жағдайын жақсарта бастаған болатын. Үкімет отырысында есеп берген «Қазақстан темір жолы» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан САУРАНБАЕВТЫҢ айтуынша, ҚТЖ 2023 жылдың 10 айында 139 миллиард теңге таза пайдаға қол жеткізген.
«Дегенмен, ҚТЖ-ның борыштық жүктемесі әлі де бар. Өйткені тарифте несиені өтеу мөлшерлемесі қарастырылмаған. Бізге берілген тапсырмалардың барлығы ҚТЖ есебінен жасалып жатыр. Сол себепті, қарызымыз артып барады. Қазір мемлекет басшысының, үкімет басшылығының тапсырмалары бар, соларды атқарып жатырмыз»
Бірақ АМАНАТ партиясы «ҚТЖ қарызын төлеу экспорттаушылардың мойнына артылмауы керек» деген пікірде. Тариф өскен сайын біз шетелге шығаратын тауарлар да қымбаттай түспек. Ол бәсекелестікке қабілеттілікті едәуір нашарлатады.
ҚТЖ-ның қазіргі проблемаларының барлығы – «Ескі Қазақстанның» мұрасы. Компанияны майшелпек ретінде сору, одан ақша шығарып алу, тиімсіз келісімдерге жегу, Астанадан ғимараттар салғызып алу – осының барлығы қордалана келе, теміржол тасымалымен айналысуы тиіс ұлттық компанияны батпаққа батырды. Енді ҚТЖ одан шыға ала ма? Осы сұрақ өте маңызды болып тұр.