29 Қаңтар 16:02

Енді айына 5 миллионнан. ҚТЖ басшыларының табысы НЕГЕ үш есе өсіп кетті?

КТЖ
Фото: Фото: Nege.kz

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына қарасты «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшылық құрамына кіретін 15 адам 2023 жылдың 9 айында жалақы, бонус, басқа да төлемдер түрінде 711 миллион теңге алған.

Бір қызығы, бұл 2022 жылғы 9 айдағы төлемнен үш есе көп. 2022 жылғы үш тоқсанда 16 басшы 273 миллион теңге алған болатын. Ал 2023 жылы басшының саны бір адамға кеміген, есесіне қалған 15 топ-менеджер 9 айда 711 миллион теңге алған. Орташа есеппен әрқайсысына айына 5,2 миллион теңге төленген.

Олардың айлықтары мен бонустарының өсуі «Қазақстан темір жолы» қаржылық көрсеткіштерінің жақсаруы есебінен жүрді деп топшылаймыз. Шынында да, 2023 жылдың 9 айында ұлттық компанияның выручкасы 1,4 триллион теңге, ал аудиттелмеген таза табысы 129,5 миллиард теңгені көрсеткен. Мысалы, 2022 жылдың 9 айында таза табыс небәрі 15 миллиард теңге болған еді. Сонда ҚТЖ қаржылық көрсеткіштері кемінде 8 есеге өскен.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы – елдегі ең ірі жұмыс берушінің бірі. Бекетшілер мен жолсеріктер, жүк тасушылар, бәрін есептегенде 116 мың адам жұмыс істейді. Компания өзінің өндірістік көрсеткіштер есебінде 2023 жылы қарапайым жұмысшылардың жалақысы 20%-көтерілгенін хабарлады.

Қарапайым жұмысшылардың жалақысын 20 пайызға, ал басшылықтың табысын үш есеге арттыру қаншалықты әділеттілік нормаларына сай келеді? Бұл компанияның өзі жариялаған ESG принциптерін аяқ асты етіп отыр. Және оның ESG рейтингінің болашақта төмендеуіне себеп болуы мүмкін.

КТЖ
Фото: Nege.kz

ҚТЖ үшін негізгі табысты жүк тасу секторы алып келеді. Осы орайда оны монополист деуге болады. 2023 жылы жүк айналымы 269 миллиард тонна/шақырымға жеткен. Демек, 2022 жылға қарағанда 7% артық.

Ресейге салынған санкцияның арқасында «Қазақстан темір жолының» кірісі еселей артады деп күтілуде. Қазақстан арқылы өтетін трафик жыл санап өсіп келеді. Тек осы берекенің қызығын тек 15 топ-менеджер ғана емес, жалақысын келесі айлыққа әрең жеткізіп жүрген ҚТЖ-ның қатардағы 116 мың кызметкері де көруі тиіс.