Қожамжаровтың «қырғилары». Миллиондаған доллардың тауары қалай ұшты-күйлі жоғалды?

Сенатор Қайрат Қожамжаров Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін басқарып тұрған кезде қозғалған дақпыртты қылмыстық істердің шетінен тігісі сөгіліп жатыр. Неге?
Мәселен Жоғарғы сот былтыр бұрынғы энергетика вице-министрлері А.Шкарупа, Б.Жақсалиев, Ғ.Сәдібековті ақтаса, биыл елге танымал әкелі-балалы журналистер Сейтқазы Матаев пен Әсет Матаевты ақтап шығарды. Ал кеше Сенат төрағасының бұрынғы орынбасары Сергей Тихоновтың ұлы бұрынғы прокурор Виктор Тихоновқа негізсіз айып тағылғанын анықтапты.
Бұл қылмыстық істердің барлығы Қ.Қожамжаровтың кезінде (2014-2017 жылдары) қозғалып, сотқа жеткен. Енді міне, былығы бетіне шығып жатыр.
Сегіз жылдық сергелдең
Жуырда NEGE-нің редакциясына бұрынғы спортшы, бизнесмен Руслан Рыспаев келіп, 2014 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері өзін қалай бопсалағанын, бопсаға көнбеген соң қылмыстық істі қолдан құрастырғанын, 2015 жылы сот негізсіз тағылған айыпқа сүйеніп, сегіз жыл жаза кескенін баяндаған.
- Тақырыпқа орай: «Жазықсыз қаматты!». «Ескі Қазақстанда» бизнесінен айрылған кәсіпкер қазіргі биліктен үміт күтеді
Таққан айыптарды атан түйе көтере алмайды: экономикалық контрабанда, ұйымдасқан қылмыстық топ құру, тағы да басқа. Осындай ауыр айыптармен бизнесмен Р.Рыспаевтың дүние-мүлкі тәркіленіп, 8 жылға сотталып кете барады.
Р.Рыспаев ұлттық құрама сапында.
2019 жылы ол шартты түрде мерзімінен бұрын түрмеден босап шыққан. Міне, содан бері Р.Рыспаев тынбастан әділдік іздеп жүр. Әзірге оның жанайқайы Жоғарғы сотқа ғана жеткен сыңайлы. Ал Бас прокуратура арызды онда-мұнда сілтеумен әлек.
2020 жылы 29 қыркүйекте Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қаулы шығарып, Р.Рыспаевты бірнеше эпизод бойынша ақтаған. Нақтырақ айтсақ, экономикалық контрабанда бойынша тағылған айып негізсіз екені дәлелденген.
Төраға Е.Арипов пен судьялар А.Нұрбеков, Б.Шермұхаметов шығарған қаулыда былай дейді: «Руслан Рыспаев, Рауан Рыспаев, Дильшат Шабурханов, Әділжан Садықов, Акрам Халилов, Қуат Үмбетовке халық тұтынатын тауарлар контрабандасы эпизоды бойынша шығарылған үкімнің, аппеляциялық және кассациялық қаулының күші жойылсын. Қылмыстық заң бұзушылық құрам болмағандықтан, осы бөлігі бойынша өндірістен қысқартылсын».
Тауарларды кім ауыстырды?
2002 жылдан бизнеспен айналыса бастаған Руслан Рыспаев он жылда логистикалық бизнесті қалай аяғынан тік тұрғызғанын, 2012 жылдан басталған қысымның соңы немен аяқталғанын NEGE-ге берген сұхбатында егжей-тегжейлі баяндады. Осы тұста Жоғарғы сот назар аударған эпизодқа індете тоқталмақпыз.
2014 жылы бизнесмен Р.Рыспаевты сол кездегі қаржы полициясының қызметкерлері «Ираннан, Біріккен Араб Әмірліктерінен үш контейнер контрабандалық тауар әкелді» деп айыптайды. Қайткен күнде де айып тағу үшін контейнерлердегі тауарды ауыстырып жіберген.
Р.Рыспаев.
«Халық тұтынатын тауарлардың орнына көліктің ескі дөңгелектері мен әлдебір газеттер салып қойған. Ойлап көріңізші, шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкер шетелден осындай болмашы нәрселер әкеле ме? Тергеушілер «контрабандамен айналысты» деген жалған айып тағу үшін осындай қылмысқа барған», – дейді Р.Рыспаев.
Тағылған айыптың негізгі өзегі осы болғанымен, бизнесменді «тереңірек батыру» үшін тергеушілер «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» деген айыпты да жамап жіберген болуы мүмкін. Өйткені салығын төлеп отырған компаниясы, кеңсесі, құзыреті бөлінген қызметкерлері бар компанияның құрылтайшысы қалай қылмыстық топ жетекшісі болады?
Қызығы сонда, компания құрылтайшысы Р.Рыспаевты «қылмыстық топ жетекшісі» еткен де, қалған қызметкерлеріне де компаниядағы лауазымына байланысты «қылмыстық топтағы рөлін» бөліп бере салған. Бас қатырып жатпайтын оңай схема.
Президентке хат
Қош, Р.Рыспаев пен оның компаниясындағы қызметкерлері экономикалық контрабанда бойынша ақталып шықты. Енді қылмыстық іске негіз болған әлгі үш контейнердегі тауар мен іске қатысы жоқ қоймада тұрған 3 млн доллардың тауары заңды иесіне қайтарылуы керек қой? Заң бойынша солай. Бірақ миллиондаған доллардың тауары ұшты-күйлі жоқ. Кәсіпкер кімдерден күдіктенетінін айтып құзырлы органдарға арыз жазған, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа да хат жолдаған. Әзірге нәтиже жоқ.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында. Фото: БОРТ№1
Р.Рыспаев пен Д.Шубурханов президентке жазған хатта былай дейді: «Құрметті президент, Сізге мемлекет басшысы ретінде және соңғы инстанция ретінде хат жолдап отырмыз. Бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан бассыздықты тоқтатуға, маңдай терімізбен тапқан үш контейнердегі тауарларды ауыстырып, қызмет бабын асыра пайдаланған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті тергеу тобының жетекшісі С.В.Онгирскийді, Р.О.Есенжановты, С.А.Таубалдыны және басқа да адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға пәрмен беруіңізді сұраймыз».
Бұл хат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жетпеген сияқты. Өйткені жоғалған тауарлар бойынша қозғалған қылмыстық іс ауада қалқып тұр, іс бар – күдікті жоқ. Бас прокуратураға жолданған хат та сиырқұймышақтанып келіп, осы іске тікелей қатысы болуы мүмкін адамдардың «ауласына» түсіп жатқан көрінеді.
Бұл іске қатысты NEGE порталы Бас прокурор Берік Асыловтың атына ресми сауал жолдайды. Жауап көп күттірмейді деп сенеміз.
Айтпақшы, Р.Рыспаев пен оның компаниясындағы қызметкерлерінің қылмыстық ісін қараған судья Ф.У.Омарова қаржы полициясының бұрынғы қызметкері екен. Яғни қылмыстық істі тергегендердің әріптесі. Бұл істе сот пен тергеудің мүдделестігі байқалмай ма? Мұның жайын Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтан анықтауға тырысамыз.
Қ.Қожамжаров.
P.S. «Бас қырғи» Қайрат Пернешұлының қазір күштік құрылымдардан алшақтап қалғаны анық. Бірақ Қайрекеңнің «қатардағы қырғилары» әлі де қажет жерден табылып жүргенге ұқсайды. Р.Рыспаевтың айтуынша, оның ісін жүргізгендер қазіргі Антикорда әлі де жауапты қызметте отыр. Ал тергеу тобының жетекшісі болған Онгирский басқа органда экономикалық қылмыстармен айналысып жүрген көрінеді...