Қазақстандық жас блогерлер мен әншілердің әскерге бармауына не себеп?
ҚР Қорғаныс министрлігі Nege.kz сайтына берген ресми жауабында жас блогерлерді, әншілер мен танымал тұлғаларды әскер қатарына шақыруда ешқандай жеңілдік болмайтынын, заң талабы бәріне бірдей екенін мәлімдеді.
Алматы, NEGE. Әлемнің бірқатар елінде танымал тұлғалар үшін де әскери борышын өтеу міндетті талап болып саналады. Соның айқын мысалы ретінде Оңтүстік Кореяны атауға болады. Бұл елде әртістер, актерлер және шоу-бизнес өкілдері әскерден босатылмайды. Мәселен, әлемге танымал BTS тобының мүшелері заңға сай әскери қызметін өтеп шықты.
Егер денсаулық жағдайына байланысты азамат казармада тұрып, физикалық дайындықтан өте алмаса, ол әскери борышын балама негізде, яғни қоғамдық қызмет арқылы атқара алады.
Ал заң талаптарын орындамаған немесе әскери міндетіне салғырт қараған жағдайда қылмыстық іс қозғалады. Мұндай жағдай қоғамның сынына ұшыратып қана қоймай, жарнама берушілердің де қолдауынан айырылуға себеп болады.
Қазақстанда жағдай өзгеше. Әскер жасындағы танымал блогерлер мен өнер жұлдыздарының әскерге аттанғаны сирек байқалады. Сондай-ақ медиа кеңістікте белгілі тұлғалардың әскери қызметке баруға дайын екені жөнінде ақпарат та аз таралады. Мұның бәрі қоғамда «танымал адамдар әскерге бармайды» деген көзқарастың қалыптасуына ықпал етіп отыр.
Қорғаныс министрлігі блогерлерге, әртістерге, кәсіпкерлерге және медиа саласында жұмыс істейтін басқа да азаматтарға әскерге шақыру кезінде қандай да бір арнайы жеңілдіктер немесе ерекше шарттар қарастырылмағанын мәлімдеді.
«Қазақстан заңнамасына сәйкес 18-ден 27 жасқа дейінгі барлық ер-азамат үшін әскерге шақыру талаптары бірдей қолданылады. Азаматтың танымалдығы, кәсіби қызметі немесе қоғамдық мәртебесі оны әскерден босатуға немесе кейінге қалдыруға негіз бола алмайды», – делінген министрліктің ресми жауабында.
Ресми жауапта әскерге шақырудан босату немесе кейінге қалдыру тек заңда нақты көзделген жағдайларда ғана мүмкін екені де көрсетілген. Атап айтқанда, денсаулық жағдайына, отбасылық себептерге немесе оқуына байланысты.
Сонымен қатар қоғамда соңғы кезде әскерге шақыру жасындағы қарапайым азаматтарды көшеден ұстап алып, бірден әскери комиссариатқа жеткізу фактілері туралы шағымдар жиілеп отыр. Осыған байланысты көпшілік арасында «танымал жастар да дәл осылай тексеріле ме?» деген заңды сұрақ туындауда.
Бұл мәселе бойынша ресми ұстаным білдірген Қорғаныс министрлігі танымал тұлғаларға да, қарапайым азаматтарға да шақыру рәсімі бірдей қолданылатынын хабарлады.
Ведомство мәліметінше, азаматтың танымалдығы, кәсібі немесе медиа кеңістіктегі беделі әскери есепке алу, медициналық тексеру және шақыру комиссиясының шешіміне әсер етпеуі тиіс. Яғни блогерлер, әртістер мен басқа да қоғамға белгілі жастар да заң талаптарына сәйкес қарапайым азаматтармен бірдей тәртіпте медициналық тексеруден өтіп, шақыру комиссиясында қаралуы қажет.
Сонымен қатар министрлік қоғамда танымал адамдардың балалары да әскери қызметтен босатылмайтынын алға тартады.
Министрлік ірі құрылыс компаниясының негізін қалаушы Айдын Рахымбаевтың ұлы қазіргі уақытта десанттық-шабуыл әскерлері қатарында қызмет етіп жүргенін, блогер Динара Сәтжанның ұлы 2023–2024 жылдары Мемлекеттік күзет қызметінде болғанын, ал депутат Наталья Дементьеваның ұлы 2024–2025 жылдары Қарулы күштерде әскери борышын өтегенін мысалға келтірді.
- Тақырыпқа орай: «Жалғыз ұлымды әскерге жібергеніме өкінген кезім болды» – Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева
Қорғаныс министрлігі әскери қызметті өтеу – әлеуметтік жағдайына, ата-анасының танымалдығына немесе кәсіби ортасына қарамастан, барлық азамат үшін тең міндет екенін жеткізді.