NU түркі әлеміндегі үздік бес университеттің қатарына енді
Nazarbayev University Орталық Еуразиядағы 122 университеттің ішінде үздік бестікке енді.
Астана, NEGE. Беделді халықаралық Times Higher Education рейтингі Орталық Еуразия университеттерінің тізімін жариялады, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Рейтинг 2026 жылғы жаһандық World University Rankings деректеріне негізделген. Оған Түркі мемлекеттері ұйымына мүше бес елдің – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан – университеттері енген.
Nazarbayev University рейтингте түркиялық Boğaziçi University университетімен қатар 4-орынды иеленді.
«2010 жылы құрылғанына қарамастан, NU рейтингке қатысқан қазақстандық жоғары оқу орындарының ішінде Орталық Азияда көшбасшы болып қала береді. Ол тек үш түрік университетіне – Koç University (1993 жылы құрылған), Middle East Technical University (1956 жылы құрылған) және Sabanci University (1994 жылы құрылған) жол берді.
Түрік университеттерінің басымдығына қарамастан, дәл қазақстандық NU шетелдік студенттер, оқытушылар және ғылыми жарияланымдар саны бойынша жоғары халықаралық белсенділік танытып отыр», – делінген хабарламада.
Бұған докторантураны қолдау бағдарламасының кеңеюі де ықпал еткен. NU тарапынан бөлінетін PhD гранттарының саны екі есеге артып, 200-ге жетті. Қосымша гранттар барлық бағыттар бойынша қолжетімді, құжат қабылдау 2026 жылдың наурызына дейін жалғасады.