Референдум Референдум
2 Наурыз 14:15
...

Ковидтен кейін қан-тамыр жүйесінде мутациялық өзгерістер байқалады – нейрохирург

Ұлттық госпиталь
Фото: Ұлттық госпиталь

Бүгінгі медицинада миға, жұлынға, қан тамырларына жасалатын операциялар жаңа технологиялар мен инновациялық әдістердің арқасында бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Дегенмен, кез келген ота – дәрігер мен пациент арасындағы сенімге негізделеді.

Референдум

Алматы, NEGE. Сол сенімді ақтап жүрген мамандардың бірі – Мұсабеков Мақсат Ғабитұлы. Ол – Ұлттық госпитальда нейрохирургия бөлімінің аға дәрігері.

Мақсат Мұсабеков Ұлттық госпитальда 2016 жылдан бері еңбек етіп келеді. Сол жылы ол Мыңжылқы Сайлауұлы бастаған команданың құрамында жаңа бөлімшеде жұмысын бастаған. Бастапқыда небәрі 7 төсек-орынмен ашылған нейрохирургия бөлімшесі бүгінде 25 орынға дейін кеңейген. Алғашында төрт дәрігер ғана қызмет көрсетсе, қазір мұнда оннан астам білікті маман жұмыс істейді. Бұл – бір ұжымның табанды еңбегі мен жүйелі дамуының көрінісі.

Мұсабеков Мақсат Ғабитұлы
Мақсат Мұсабеков, Фото: NEGE

Мақсат Мұсабековтің айтуынша, оның әулетінде дәрігер болмаған. Ол бала күнінде бұзықтау болып, жиі жарақат алып, ауруханаға түсетінін еске алады. Қолы сынып, түрлі жеңіл жарақаттармен емделген сәттерінде ол дәрігерлердің жұмысына қызыға қарайтын. Ақ халат пен крахмалданған биік ақ қалпақ оған ерекше әсер қалдырған. Сол кездің өзінде болашақ мамандығын жүрегімен таңдағанын айтады.

Бұл шешімін әкесіне тікелей айтуға батпай, сырын алдымен анасына ашқанын жасырмайды. Анасы ұлының таңдауына ерекше қуаныпты. Өзі де кезінде медицинаға екі рет тапсырып, өте алмай, педагогика саласын таңдаған екен. 

«Сен дәрігер болсаң, менің де арманымның орындалғаны», – деген анасының сөзі жас жігітке үлкен серпін берген.

Ұлттық госпиталь
Фото: Ұлттық госпиталь

Оның кәсіби бағыт-бағдарына алыс ағайыны, нейрохирург Қожабай Исаев та ықпал еткен. Көп жыл осы салада еңбек еткен маманға еліктеп, оқуын тәмамдаған соң оның жанында жұмыс істейді. Кейін 2010 жылы резидентураға түсіп, нейрохирургияны терең меңгеруге ден қояды.

Бүгінде Ұлттық госпитальдың нейрохирургия бөлімінде жылына мыңнан астам ота жасалады. Мұнда бас миы мен жұлын ісіктері, ми қан тамырларының аурулары және өзге де күрделі нейрохирургиялық патологиялар бойынша ота жүргізіледі.

Мақсат Мұсабековтің сөзінше, қазіргі таңда эпилепсия мен Паркинсон ауруына да хирургиялық ем қолданылуда. Соңғы жылдары операция жасау тәсілдері айтарлықтай өзгерген. 

Бұрын кесіп жасалатын оталар бүгінде аз инвазивті әдіспен, яғни тілікті барынша кішірейту немесе эндоскопиялық жолмен орындалады. Бел омыртқасындағы жарықты (грыжа) эндоскопиялық әдіспен алу тәсілін клиника алғашқылардың бірі болып енгізген. Қазір бұл әдіс тұрақты қолданылады, әрі жас мамандарға үйретіліп келеді.

Ұлттық госпитал
Фото: Ұлттық госпиталь

Дәрігер коронавирус індетінен кейін қан-тамыр жүйесіне қатысты өзгерістер жиілегенін атап өтті.

«Коронавирустан кейін көптеген адамның қан-тамыр жүйесінде өзгерістер болып жатыр. Бір аневризмасы бар науқасты, біраз уақыттан кейін тексеріске жіберсек, екінші аневризмасы шығып жатқан жағдайлар кездеседі. Қанның құрамы өзгеріп, қаны ұйығыштығы артқан науқастар көп. Бұл да инсультке алып келеді. Осындай мутациялық жағдайлар ковидтен кейін көп байқалып жатыр», – дейді дәрігер.

Жалпы Мақсат Мұсабековтің пікірінше, Қазақстанда нейрохирургия мен кардиохирургия саласы әлемдік деңгейде дамып келеді. Халықаралық конференциялар өткізіліп, шетелдік профессорлар тәжірибе алмасуға жиі келеді. Сондықтан отандық мамандардың әлемдік стандарттармен тең жұмыс істеп отырғанын сеніммен айтуға болады.

Ұлттық госпитал
Фото: Ұлттық госпиталь

Нейрохирургия бөлімшесіне түсетін науқастардың барлығы бірдей жеңіл дертпен келмейді. Көбіне шұғыл ота жасауды қажет ететін, тіпті өмірге қауіп төндіретін ауыр жағдайлар кездесіп жатады.

Осыдан төрт-бес жыл бұрын Қырғызстаннан инсульт алған жас келіншек жеткізілді. Ол жақтағы дәрігерлер қажетті емді толық жүргізуге мүмкіндік болмағандықтан, қазақстандық мамандардан көмек сұраған. Науқас санавиация арқылы жеткізіліп, сол түні-ақ шұғыл операция жасалды.

Дәрігерлердің айтуынша, тексеру барысында әйелдің миындағы қан-тамыр аневризмасы жарылып, соның салдарынан миына қан құйылғаны анықталған. Бөлімшеге түскен бойда ол өзінің жүкті екенін айтып, ең алдымен құрсағындағы баласының амандығын сұраған.

Ұлттық госпиталь
Ұлттық госпиталь, Фото: NEGE

Бұл – оның алғашқы жүктілігі еді. Бұған дейін оған «бедеулік» диагнозы қойылып, бала көтере алмай жүрген. Сондықтан ол бұл сәбиді тағдырдың сыйы деп қабылдап, қандай жағдай болса да баланы аман алып қалуды өтінген.

Науқас ең алдымен: «Балам тірі қала ма?» деп сұраған. Дәрігерлер оның жағдайы өте күрделі екенін, өз өміріне де айтарлықтай қауіп төніп тұрғанын жасырмай түсіндірген. Тіпті, «Ем жасалмаса, сізді де аман алып қалу қиын болуы мүмкін», – деп ашық ескерткен.

Соған қарамастан, мамандар ана мен баланың өмірі үшін бар күшін салатынын айтып, үміт сыйлаған. Осы сөздерден кейін науқас операция жасауға келісім берген.

«Жарылған аневризманың ең қауіпті тұсы – ол тасымалдау кезінде қайта жарылуы мүмкін. Сондықтан мұндай науқастарды кешіктірмей, сол күні отаға алу қажет. Гинеколог пен нейрохирургиялық бригада толық дайындалып, барлық тексерулер жүргізілген соң, сол түні операция жасалды. Ота ангиографиялық аппараттың көмегімен, рентген бақылауымен өтті. Сәуленің сәбиге әсер ету қаупі ескеріліп, келіншектің ішіне арнайы қорғаныш құралдарын жаптық. Қауіпсіздік шаралары барынша сақталды. Нәтижесінде операция сәтті аяқталды», – дейді Мақсат Мұсабеков.

Науқас екі апта бойы бөлімшеде бақылауда жатып, кейін еліне аман-есен оралған.

Келіншек босанғанға дейін туыстары дәрігермен хабарласып тұрған. Дүниеге қыз бала келген. Кейін олармен байланыс үзілгенімен, сол сәт ұжым үшін үлкен жеңіс ретінде есте қалыпты.

Мақсат Мұсабеков әр күннің өзіндік сынағы бар екенін айтады. Қажет жағдайда олар өзге өңірлерге де шұғыл аттанады. Дәрігер жақында ғана Шымкенттен оралған. Аймақтарда ауыр жағдайлар туындаса, көмекке шақырады. Өмір мен өлімнің арасында жатқан науқастар үшін олар түн демей, күн демей жолға шығады – жеңіл көлік, пойыз, автобус, ұшақ талғамайды.

Ұлттық госпиталь
Фото: NEGE

Дәрігердің айтуынша, есте қалған ауыр іссапарларының бірі Аягөз қаласына бағытталған. Онда ауыр халдегі науқастың туыстары шұғыл көмекке шақырған. Қыстың қақаған аязында жолға шыққан олар алдымен ұшақпен екі сағатта Семейге жетіп, одан кейін көлікпен сегіз сағат бойы жол жүрген. Айнала аппақ қарға оранып, жолдың өзі әрең көрінген. Соған қарамастан, уақытпен санаса отырып, діттеген жеріне аман жетіп, науқасқа жасалған ота сәтті өткен.

«Жанымызды шүберекке түйіп бардық», – деп еске алады дәрігер.

Кейін ол Семей мен Аягөз арасында пойыз қатынайтынын білген. Қайтар жолда пойызбен келген. Бұл сапар оның жадында нейрохирург мамандығының шынайы жауапкершілігін терең сезіндірген ерекше тәжірибе ретінде сақталыпты.

Ұлттық госпитальдың нейрохирургия бөлімшесінде ем алған әрбір науқас дәрігерлерге шынайы алғысын білдіреді. Солардың бірі – Сергей Журавлев. Ол осы госпитальда омыртқасына жасалған отадан кейін денсаулығын түзеп шыққан.

Сергей Журавлев
Сергей Журавлев, Фото: NEGE

«Мен барлық медицина қызметкерлеріне шын жүректен зор алғысымды білдіргім келеді. Госпитальдың ұжымы шынымен де өте керемет – мейірімді, жанашыр адамдар. Жалпы, науқастарға адамгершілікпен, үлкен қамқорлықпен қарайды. Мен асыра мақтап тұрғаным жоқ, шындығында солай. Сонымен қатар, Мақсат Ғабитұлына жеке алғысымды білдіргім келеді. Ол – нағыз өз ісінің шебері», – дейді Сергей Журавлев.

Сергейге дәрігерлер 6 сағат бойы ота жасаған.

«Менде омыртқа аймағында ісік болды. Адамның жүйке жүйесінің қандай болатынын өздеріңіз жақсы білесіздер. Ол шаш талынан да жіңішке. Мендегі ісік «конский хвост» деп аталатын аймақта орналасқан. Дәрігерлер де, халық арасында да бұл бөлікті дәл солай атайды. Бұл омыртқаның төменгі жағында, құйымшаққа жақын жерде барлық жүйкелер түйісіп, бір-бірімен тоғысатын аймақ. Суретке қарасаңыз, шынымен де, аттың құйрығына ұқсайды. Дәл сол барлық жүйкелер қосылатын жерде менің ісігім орналасқан екен», – дейді емделуші.

Ол соңғы кездерде мүлде жүре алмай қалған. Өте қатты ауырсынғаннан дәрілер де көмектеспеген.

«Бұл ісікті менен алғаш рет осыдан 15 жыл бұрын дәл осы ауруханада анықтаған еді. Сол кезде бір профессор операция жасауды ұсынған болатын. Алайда ол уақытта мұндай технологиялар әлі дамымаған, мұндай күрделі оталар өте сирек жасалатын. Сондықтан мен қатты қорқып, операциядан бас тарттым», – дейді емделуші.

Ол алғашында бұл диагнозбен шыдап жүре аламын деп топшылаған. 

«Қанша жүре алсам, сонша жүре берермін» деп ойладым. Бірақ уақыт өте келе жағдайым күрт нашарлап, енді созуға мүлде болмайтынына көзім жетті. Қозғала алмай қалу қаупі туындаған кезде, басқа амал қалмады. Ал қазір, өздеріңіз көріп тұрғандай, өз аяғыммен жүріп жүрмін», – дейді Сергей Журавлев.

Ұлттық госпитальда ем алып жатқан емделуші Серікжан Жанабаевтың айтуынша, ол ауруханаға жедел жәрдеммен шұғыл жеткізілген.

Серікжан Жанабаев
Серікжан Жанабаев, Фото: NEGE

«Отаға келгенде ес-түсімді білмедім, осы жерге шұғыл жеткізілдім. Ота жасалды. Қазір жағдайым жақсарып келеді. Дәрігерлер жақсы қарап жатыр, уақытымен дәрімді береді. Осы жерде жатқаныма екі апта болды, күтіміміз жақсы. Мен Ұлттық госпитальдің дәрігерлеріне шексіз алғыс айтамын», – деді Серікжан Жанабаев.

Нейрохирургия бөлімінің дәрігерлерінің айтуынша, ауру түрлерінің саны жыл сайын артып жатыр. Дегенмен, әр пациенттің амандығы – дәрігердің жеңісі. Бұл жеңіс тек кәсібилікпен емес, жүректегі жауапкершілікпен әрі адамгершілікпен келеді.

Референдум