Көңілді отбасылық отырыстар. «Отбасы банктің» әкімшілік шығындары НЕГЕ 1,5 миллиард теңгеге өсіп кетті?
«Отбасы банк» АҚ 2020 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есебін жариялады. Былтыр банк 31,8 миллиард теңге таза пайда тапқан. Алайда әкімшілік шығындары да көбейген.
«Отбасы банк» АҚ ұзақ жылдар бойғы аудиторы PriceWaterhouseCoopers көмегімен былтырғы жылдың қаржылық есебін шығарды. Аудиторлық ескертпе жоқ. Мемлекеттік банктің активтері 1,71 триллион теңге болса, міндеттемелері 1,42 триллион теңгеге жеткен. Банк капиталы – 282,8 миллиард теңге.
Пандемияға қарамастан, «Отбасы банк» 2020 жылды табысты аяқтады. Қаржы институтының таза пайдасы 31,8 миллиард теңгені құраған. Бұл жаман көрсеткіш емес.
Проблемалық кредиттердің портфельдегі үлесі жөнінен банктің жағдайы басқаларға қарағанда жақсы. NPL (90 күннен астам төленбеген кредиттер) көрсеткіші 0,17% құрайды.
«Бірақ портфельдегі NPL үлесі несиелік портфельдің агрессивті өсуінің нәтижесінде төмендеді», – деп жазады RiskTakers. Олардың ойынша, бұл «Отбасы банктегі» тәуекел менеджментінің бәлендей жақсарып кеткенін білдірмейді.
«Ұлттық Банк мәліметтері бойынша, 2017 жылдың соңында NPL 1,27 млрд теңге, ал 2020 жылдың соңында 2,16 млрд теңге болды. Көрсеткіш 1,69 есеге артқан. Ал осы кезеңде банктің несиелік портфелі 2,95 есеге өсті»
Тағы бір назар аударарлығы, пандемия кезінде көптеген ұлттық компаниялардың әкімшілік шығындары қысқарса, «Отбасы банкте» керісінше, 1,5 миллиард теңгеге өсіп кеткен. Сондықтан шығындардың құрылымына көз салу артық етпейді.
«Отбасы банк» АҚ 2020 жылғы аудиттелген қаржы есебі. Аудитор PWC
2019 жылы банк өз қызметкерлерінің жалақысына 9,5 миллиард теңге жұмсаса, былтыр осы шығын тағы 1 миллиардқа өскен. Бұдан шығатын қортынды: банкте не айлық көтерілді, не болмаса қызметкерлердің саны көбейді. Бірақ әкімшілік шығындарды арттырып отырған негізгі фактор бұл емес. Банктің программалық софттары мен материалды емес активтерінің амортизациясы 500 миллионнан 1 миллиард теңгеге бірден өскен. Негізгі құралдардың амортизациясы да 1,5 миллиард теңгеге жетіп отыр.
- Тақырыпқа орай: Өседі VS Құлайды. Үкімет баспана бағасының өсуімен НЕГЕ «слух» жіберу арқылы күресе бастады?
Айта кету керек, банк жарнамаға кететін шығынды 668 миллионнан 320 миллион теңгеге дейін екі есеге қысқартқан. Қайырымдылыққа кететін шығындар 5 есе азайған, сонымен бірге іссапар төлемдері 325 миллионнан 75 миллион теңгеге түсіп қалған.
Бірақ, бір қызығы, кеңсе заттары мен типографияға кететін шығындар белгісіз себептермен 4 есеге, яғни 30 миллионнан 120 миллион теңгеге бірден өсіпті. Кім біледі, мүмкін банк газет шығара бастаған болар?..