8 Қаңтар 16:06

Қолма-қол ақша құрдымға жібере ме?

карта
Фото: Фото: pixabay / Ahmad Ardity

Желтоқсан айының соңына қарай кейбір кәсіпкерлер салық төлемес үшін жаңа жылдан бастап қолма қол ақшаға көшетінін айтып, клиенттеріне ескерту жасай бастады. «Тек қана қағаз ақша!» – деп талап қойды. Қазір «қолма қол ақша расымен де тиімді ме, салық тәуекелі жоқ па?» деп бір сәт ойланатын кез келгендей.

Қолма-қол ақша ізді жасыра ма?

Көп адамдардың ойынша, қолма-қол ақшамен төлем қабылдаса, ешкім ештеңе білмей қалмақ. Бірақ бұл адасу немесе өзін өзі алдаумен пара-пар нәрсе. Өйткені, ерте ме, кеш пе, қолма-қол ақшаны әйтеуір бірдеңеге жарату керек болады. Егер үй, көлік немесе саудаңызға арнап көп тауар сатып алғыңыз келсе, онда салық комитеті қандай ақшаға алғаныңызды мұқият тексере бастайды. Бұл қаражаттың салық декларациясында неліктен көрсетілмегеніне шұқшиятын болады.

Естеріңізге сала кетсек, жаппай табысты жариялау аясында, 2024 жылдан бастап жеке кәсіпкерлер, компаниялардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары табысын жария етпек. Табысты жариялаудың мақсаты да сол – салықтан жалтаруға жол бермеу.

Герман империясының алғашқы канцлері Бисмарк бұдан екі ғасыр бұрын: «Салықтың шапаны ешкімге тура келмейді, бірақ сонда да оны бәрібір киіп жүруге тура келеді», – деп айтқаны бар.

Салық шапаны айыппұлдардың кесірінен тым тар болып, өкпені қыспасы үшін салықты әділ төлеген жөн. Оның үстіне, 2024 жылдың 1 қаңтарында бизнесті тексеруге жарияланған мораторийдің мерзімі аяқталды. Фискалды түбіртексіз және салықсыз қолма қол ақшаға көшкендер салық қызметінің қырағы көзіне түспей қоймайды. Бизнестің тазалығы мен адалдығына ресми түрде тексеру жүргізуіне заңды негізі болады. Әсіресе, клиенттерден тек қана қолма қол ақша талап ететіндерді.

«Қолма қолсыз төлемдерден бас тарту заңсыз, өйткені Қазақстан Республикасының «Төлемдер және төлем жүйелері» туралы заңының нормаларында төлемнің түрлі тәсілдері – банктік карталар, QR төлемдері немесе қолма қол ақша (25 бап) қарастырылған», – деп Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өзінің баспасөз хабарласында дер кезінде хабар таратты.

ақша
Фото: Kapital.kz

Төлем карталарын пайдаланып, төлем қабылдаудан бас тартқан кәсіпкерлерге әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Алғашқыда ескерту берілсе, қайталанған жағдайда 147 680 теңге (40 АЕК) көлемінде айыппұл салынады (Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 194 бабы).

Қолма қол ақшасыз төлем жасаудан бас тартса, мемлекеттік кіріс органдарына хабарласқан жөн. Сіз құжаттарды растайтын eOtinish арқылы немесе Wipon Cashback тегін қосымшасы арқылы шағым түсіре аласыз. Тауарды сатқанда немесе қызмет көрсеткенде кәсіпкерлер сатып алушыға фискальды түбіртек беруге міндетті. Фискальды түбіртек беруден бас тартса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Жүзі жарық қашып-пыспайды

Егер салық декларациясында қайшылық көрінетін болса немесе тексеру барысында жарияланбаған немесе түсіндірілмеген артық ақша су бетіне қалқып шықса, онда кемі 10 пайыздық жеке табыс салығын төлеуге тура келеді. Бұл жеке кәсіпкерлер жеңілдікпен төлейтін салықтан (3 пайыз) әлдеқайда артық.

Егер салық төлеушінің табысын жасырып қалғаны анықталса, онда салынған айыппұлдың көлемі салықтан 200 пайызға көп болады.

Бұл Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 275-бабының 1-тармағында көрсетілген. Бұл ереже қайта бұзылса, 300 пайыз көлемінде айыппұл салынады (Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 275-бабының 2- тармағы).

карта
Фото: Gov

Табысын достарына немесе туыстарына да «бөліп» беру де жақсылыққа әкелмейді. «Атымтай жомарт» бола алмайсыз. Бәлкім, жаппай табысты растау аясында әр тиыны үшін салық қызметіне жауап беруге тура келмесе, сіздің «мырзалығыңыз» оларды қуантар бек мүмкін бе еді, кім білсін?

Бұл өткенге оралу ма?

Тағы да мынадай бір фактор бар. Қазір клиенттердің өзі де картамен немесе QR-мен төлеуге үйреніп қалды. Бәрі ыңғайлы. Ешкім қалтасына мыс-мыс ақша салып жүргісі келмейтін болды. Баяғыдай қолма қол ақшаға оралуды қалайтындар аз. Сондықтан қолма қол ақша әкел деп, терминал іздеп тентіретпейтін жерден сауда жасайтын болады. Мұндай клиенттердің қарасы көп.

«Расында да, кәсіпкерлерге, әсіресе, микро және шағын бизнеске өзгеруге тура келеді, – дейді Мәжілістің Қоғамдық палатасының өкілі, Мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі кеңесші Наталья Малярчук.

– Жақын арада таңдау жасауға тура келеді. Өйткені, көлеңкеде немесе «сұр» аймақта жұмыс істеу қымбатқа түседі. Мұны барлық есеп-қисап көрсетіп беріп отыр. Бұл жерде салықшыларға да, үкіметке де халықтың сеніміне кіріп, еліміздің дамуына үлес қосып, оны байыта түсу үшін ұзақ жұмыс істеуге тура келеді».

Десе де, бизнестің өзі де сандық технология мен қағаз-құжаттардың машақатын салмақтап көріп, кәсіпкерлік шотпен төлем қабылдауды, банктік мобильді қосымшалармен төлем қабылдауды дұрыс көре бастайды-ау. Өйткені, олар – бизнестің қарқыны мен қолайына қарай лайықталып жасалған заманауи дүниелер. Уақытыңызды үнемдеп, жүйкеңіз бен күшіңізді сақтайды.

Оның үстіне, жеке кәсіпкерлердің көлеңкеден шығуына банктер қолға алып жатқан қолайлы қызметтер де жәрдем бермек. Шағын бизнес өкілдері банктерден PoS-терминалды тегін ала алады. Кассаға да тегін қосылып, фискальды түбіртектер автоматты түрде шығарылады. Кредиттерді арзан мөлшерлемелермен алу қолжетімді болады. Салық төлеуден жалтарушылардың тізіме кіргеннен гөрі, осы қадамға бару қиын емес, қорқынышты да емес.