Көлгінов көшедегі туалетке НЕГЕ кірмейді?

Елорда тұрғындарының көпшілігі көшеден істеп тұрған туалет таппай, қысылып жүр. Соған қарағанда, Нұр-Сұлтанның әкімі Алтай Көлгінов көшедегі туалетке мүлдем кірмейтін болса керек.
Нұр-Сұлтан қаласында ЭКСПО-2017-нің арқасында қойылған «замануи» модульді дәретханалардың істеп тұрғанынан істемей тұрғаны көп көрінеді. Бұл туралы «Фейсбук» әлеуметтік желісінде белсенді Гүлбану Әбенова дүркін-дүркін жазды. Ол бір ғана Есіл ауданындағы қоғамдық дәретханалардың қалай жұмыс істеп тұрғанын мәселе етіп көтерді. Оған әлеуметтік желідегі жұрт үн қосып, қоғамдық дәретхананың кім үшін және не үшін қойылғанына жауап іздеп әлек.
Дәретхана – үлкен бизнес. Абай айтқандай, қазір «есектің артын жусаң да мал табатын» заман. Әлгі қоғамдық дәретхана үшін де бөлек тендер өтіп, компаниялар арнайы байқауға қатысқан. Осы мәселені бүге-шігесіне дейін зерттеп жүрген блогер Гүлбану Әбенованың жазуынша, Есіл ауданының әкімдігі 2018 жылдан бері «LegoConstraction» ЖШС-мен 13 821 920 теңгеге келісім жасап, бұл соманы әр жылға бөлген.
Білуімізше, бұл компания 2016 жылы Қарағанды қаласында құрылған. Бәзбіреулер мұны 2015 жылы жемқорлық іске қатысы бар деп айыпталған қарағандылық экс-шенеунік Марлен Шалтақовқа қатысы бар екенін айтады. Қазіргі директоры 24 жастағы Ария Шалтақоваға дейін басшы да құтаймапты.
«Ақылды» компания әу бастан жол, құрылыс және коммуналды жұмыстар қызметін атқару мақсатында тіркелген. Алайда, ашылғанына көп болмаған жас фирманың Есіл ауданының қоғамдық дәретханаларын тазалау бойынша ірі тендерді қалай жеңіп алғаны жұмбақ. Себебі, 2016 жылы 300 мың теңгеге ұсақ-түйек тапсырысты орындаса, 2017 жылы мүлдем жұмыс істемегенге ұқсайды. Ал 2018 жылы елорданың Есіл ауданы әкімдігінен ә дегенде ауқымды тапсырысқа, яғни 56 млн теңгеге ие болған. Қалай?
Блогер Гүлбану Әбенованың сериялы посттарына қарағанда, Есіл ауданы аумағындағы қоғамдық дәретханаларды бақылауда ұстап, тазалығына жауап беруі тиіс әлгі фирма өз ісіне жауапкершілікпен қарамаған. Халық көп шоғырланатын орындағы дәретхананың есігі тарс жабық. Саябаққа сейіл құрып шыққан жұрт дәретхана іздеп тентіреп кетеді екен.
«Сол жағалаудағы модульды дәретхана қойылған нүктелерге барып көрдім. Екі жерде жоқ. Опера театры жанындағы дәретхана таза, гигиена заттары бар. Іші жып-жылы. Бірақ оған баратын жолда ешқандай белгі де, жазу да жоқ. Тіпті, тұрғындар бұл дәретхананың бар екенін білмеуі де мүмкін. Ал «Дәулет» теннис орталығы жанындағы модулды дәретхана істемейді. Мұнда кіріп-шығып жатқан адам көрмедім. Қазір дәретхананы алып тастапты. Есіл ауданы әкімдігі мамандарының айтуынша, бұл дәретханалар тек күн жылы кезде ғана жұмыс істейді екен. Елордада жылы кез жаздың үш айы ғана ма? Мәселен, қазір күн әлі жылып тұр. Бірақ дәретхананы алып тастаған. Сонда әкімдік бюджеттің 250 млн теңгесін «LegoConstruction» ЖШС-ға осы дәретхананы ұстап тұру үшін төлеп отыр ма?», – дейді блогер.
Осы мәселеге байланысты Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаеваға хабарласқанымызда, ол қала бойынша 29 модульды дәретхананың бар екенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл дәретханалар тұрғындар көп жүретін қоғамдық орындарда қызмет көрсетіп тұр.
Ал Есіл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Гүлмира Канафина: «Блогер Гүлбану Әбенова көтерген жайтқа жауап бердік. Ол «тазаланбаған, иісі сасып тұр» деген саябақтағы дәретхана бізге емес, саябақ әкімшілігіне тиесілі. Біз сол жерге экологиялық полиция жібердік. Парк қожайынына ресми түрде ескерту жасадық. Олар келесі күні сағат 12-ге дейін ретке келтіретінін айтты» деді.
Сондай-ақ, ол Есіл ауданы аумағындағы дәретхананың бәрі жұмыс істеп тұрғанын айтты. «Есіл ауданында 18 қоғамдық дәретхана бар. Бұл күніне 700 адамды қабылдауға есептелген. Тазалығына, тұрақты жұмыс істеуіне жауапты «LegoConstraction» ЖШС тендер ұтып алған. Келісім 3 жылға жасалды. Әр жылға бөлінген сома бар. Ол ақша коммуналды қызметке, тазалайтын жұмысшыларға төленеді. «LegoConstraction» ЖШС бар міндеттемені орындап жүр. Аудандағы 2 дәретхана ғана қыста қызмет көрсете алмайды. Себебі, жылу құбыры жүргізілмеген, суы қатып қалады. Қалғанының бәрі төрт мезгілде істеп тұр» деп жауап берді.
Дәретхана мәселесін шешпей, ішкі туризмді дамыту туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Қазақстан егемендік алғаннан кейін немістің саяхатшысы әрі жазушысы Дагмар Чрейбердің қазақ жеріне талай мәрте табаны тиіпті. Ол еліміздің біраз аймағын аралап, елордадағы ескі ғимараттарды, Совет одағынан қалған көше атауларын, жаңарған қаланы зерттеп, еліміз туралы бірнеше кітап жазған екен. «Kasachstan» деп аталатын кітабында Дагмар Чрейбер: «Егер кімде-кім дәретхана туралы диссертация жазғысы келсе, Қазақстанға барсын. Ондай мәселелер Қазақстанда толып жатыр», – депті.
Нұр-Сұлтанның әкімі Алтай Көлгінов көшедегі туалеттерге неге кірмейтіні түсінікті болған сияқты. Өйткені олар сасық әрі суық. Дегенмен де Алтай Сейдірұлы біз сөз еткен неміс жазушысының кітабын бір парақтап шықса, артық болмас еді...