5 Ақпан 06:57
...

Қыжыртпа. Сақалдың қасиеті

Фото:

Ішім сезеді, мені көп жұрт көре алмайды. Көре алмаса, көре алмайтынындай бар – өйткені сақалым ұзын. Бұрын белуарыма түсетін,  тағы біраз ұстара тигізбесем, тіземді қаққалы тұр. Соңғы нүкте – тобық. Сол шамаға жеткенде, белден төмен асқанын шалбардың ішінен жіберіп, екі тірсегіме түйіп қойсам деймін. Сонда аттың шашасы құсап, делдиіп тұрады. Балақты неге шолтитқанымды енді түсінген шығарсыңдар?!

Сенгендеріңе – айтам, сенбегендерің – сендер де тыңдаңдар! Өйткені айналып келгенде, барлығың – менің үмметімсіңдер. Тек көбің имамдарға иланып, ит болып жүрсіңдер. Олар не дейді? Ислам – тазалықтың діні, көркемдіктің – символы дейді. Осы да сөз бе? Қазір кім көркем емес, жұрттың бәрі көркем. Кіл көркемнің арасында көрінбейсің, сені ешкім елемейді. Ал таза мұсылман өзгеше болуы керек. Өзгеше болудың бір жолы – сақалды жібер! Сақалың бар ма, онда сен мұсылмансың, сақалың жоқ па, онда кәпірсің! Іліміңнің өлшемі – сақалыңның ұзындығынан білінеді. Мұны ешқашан ұмытпа!

Жалпы, сақалдың тоқсан тоғыз есімі... Астапыралла, есімі дейім-ау, қасиеті бар. Оның бәрін айтып берсем, бір күнде менің деңгейіме көтеріліп кетесіңдер. Бұл қауіпті, өйткені бәрімізді бір сәтте ұстап әкетеді. Ар жағы құпия..! Сонымен бісміллә деп әзірге тоғызын айтайын, осыған мақұл болыңдар!

Бірінші қасиеті, ұзын сақал үрей тудырады. Ел үрке қараса, онда сені мойындағаны.

Екінші қасиеті, әкеңдей кісілер саған «Ассалаумағалейкүм!» деп амандасады. Бұл – саған жасалған кішілік. Демек, сен олардан жоғары тұрсың!

Үшінші қасиеті – сақалың ұзын болған сайын, өзгелер ұйып тыңдайды. Кезінде Абайды тыңдамаған қазақ, енді сенің аузыңа үңіліп отыр. Бұдан артық не керек?

Төртінші қасиеті – жол полициясы сенен ешқашан ақша алмайды. Алғысы келсе де, берме! Бермеудің бір тәсілі – көліктен түсерде сақалыңның етегін шапаныңның ішіне жасырып түс. Ол саған: «Құжатыңызды беріңіз» дейді. Сен «ә, құжат па, қазір» дейсің де, төсқалтаңа қол салмақ сыңай танытып, сақалыңды салаң еткізіп, тастай саласың. Міне, сол кезде әлгінің жанарына тік қара. Екі көзі төртбұрыш болып кетпесе, маған кел!

Бесінші қасиеті – көп ішінде имаммен айтыспа – бәрібір жеңілесің! Ол сені іліммен ұрса, сен оны сақалмен ұр! Не айтса да, «Астапыралла!, Астапыралла!» деп қойып, сақалыңның ұшымен бетіңді желпи бер. Жұрттың назары бәрібір оның сөзіңде емес, сенің сақалыңда болады.

Алтыншы қасиеті – сақалыңды денсаулық үшін де пайдалана біл. Ешкім жоқ жерде, әсіресе, түн ішінде сақалыңды мойынорағыш құсатып мойныңа орап ал – иншалла, тамағыңа суық тимейді.

Жетінші қасиеті – сақалыңды үй жағдайында да кәдеңе жарат. Әйелің салақ болса, сыпыртқы іздеп, ұрыс шығарғанша, сабырлы кейіп танытып, сақалыңмен сыпыра саласың – уәжіп болады.

Сегізінші қасиеті – шыбынұрғышқа ақша шығындамайсың.

Тоғызыншы қасиеті – әрі бұл ең бастысы, таңертең үйден шығарда сақалыңның бір талын жұлып алып, үйіңдегі қостөсеккке көлденең тастап кет! Кім біледі құрсын, жын-шайтанды біз мына жақтан іздеп жүргенде, олар ана жақта жүрмесін!.. 

 

Тегтер: