12 Маусым 14:46
...

«Киік саны 12 миллионнан асты...» – Экология және табиғи ресурстар министрлігі НЕГЕ әрекетсіз отыр?

Министрлік
Фото: Коллаж NEGE

Қоғам белсендісі, кәсіпкер әрі аңшы Батыр Сейкенов киіктің саны ресми органдар мәлімдегендей 4 млн емес, 12 млн-нан асып кеткенін айтып, дабыл қақты.

«Киіктер шабындық пен жайылымдық жерді жайпап жатыр. Киіктің саны 4 млн емес, шын мәнінде 12 млн-нан асып кетті. Олар шаруалардың жерін құртып, көшіп-қонып жүр. Бидайды, арпаны, шөпті жалмап жеп, таптап тастады. Халық күнкөріс көзінен айырылуда.

Киік – сібір жарасын, сондай-ақ үй жануарлары үшін аса қауіпті басқа да инфекцияларды таратушы. Бұл – ауыл шаруашылығы мен ветеринария қауіпсіздігіне төнген қатер.

Миллиондаған киік басқа да тұяқтыларды ысырып шығарып, биобалансты бүлдірді. Өзге жан-жануарлар шектен тыс көбейген киіктен қатты зардап шегіп жатыр. Ал шенеуніктер «табиғатты қорғауға» қыруар қаржы бөліп, «фаунаны сәтті қорғап жүрміз» деп баяндамалар жасаудан жалығар емес», – деп жазды Б.Сейкенов.

Аңшы
Б.Сейкенов. Фото: әлеуметтік желіден

NEGE редакциясы жуырда киік мәселесіне байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігіне ресми сауал жолдаған. Сұрақтарымызға вице-министр Нұркен Шәрбиев жауап берді.

Өткен жылы Экология және табиғи ресурстар министрі Е.Нысанбаев «Қазақстанда киіктің саны 4,1 млн-нан асты» деп мәлімдеген-ді. Біз министрден киіктің саны биыл қанша болғанын сұрадық. Қызығы сол, құзырлы министрлік киік санын нақты білмейтін боп шықты! Білмеген былай тұрсын, кабинеттен шықпайтын шенеуніктер киіктің санын «азайтып» қойыпты тіпті!

«2025 жылдың сәуір-мамыр айларында ғылыми ұйымдар киіктерді көктемгі санақтан өткізді, алайда деректерді камералдық өңдеу жүргізілуде, нақты деректер әлі ұсынылған жоқ. Осыған байланысты, қазіргі уақытта киіктердің нақты санын көрсету мүмкін емес.

Алайда қазіргі киіктердің өсу қарқыны жылына шамамен 40-45%-ды құрайды (бұл көрсеткіш төлдерінің сақталуын қоса есептегенде), осыған байланысты 2024 жылғы төлдерді қоса алғанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы киіктер саны шамамен 4 млн дарақты құрап отыр», – дейді вице-министр.

Былтыр 4,1 млн болса, биыл қалай 4 млн болады? 4,1 млн киіктің кемі 2 млн төлін министрлік қайда жіберді сонда? Ешкімге көрсетпей, ауласында бағып отыр ма?

Ақбөкен
Фото: ғаламтордан

Одан соң министрден киіктердің шекті саны қанша болуы керек екенін сұрадық. Бұл сұраққа да нақты жауап жоқ.

«Киіктердің шекті саны бүгінгі таңда белгіленбеген. Қазіргі уақытта, Зоология институты киіктердің санын сақтау және реттеу мәселелері бойынша 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы ғылыми зерттеуді іске асыруда. Зерттеудің мақсаты – көші-қон дәліздерін анықтау, популяцияның шекті мәндерін белгілеу, эпизоотиялық тәуекелдерді бағалау және реттеу тетіктерін әзірлеу», – депті вице-министр Н.Шәрбиев.

Батыс өңірде шаруалар егістігі мен шабындығын күні-түні киіктен қорып, шабылып жүр. «Экология және табиғи ресурстар министрлігінен де, ауыл шаруашылығы министрлігінен де еш қайыр жоқ. Өз күнімізді өзіміз көріп жатырмыз. Шаруалардың обалы кімнің мойнында жабайы жануарлардың ба, әлде министрлердің бе?», – дейді шаруалар. Ал экология және табиғи ресурстар министрлігінің есебіне қарасаңыз, министрден бастап, бәрі тайлы-таяғымен шабындық қорып жүрген сияқты.

Н.Шәрбиевтің жауабын қараңыз: «Ауыл шаруашылығы жерлерін киіктердің таптауына жол бермеу және фермерлерге көмектесу мақсатында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді патрульдеуге және фермерлерге жәрдем көрсетуге 568 адам мен 261 бірлік техника жұмылдырылды (2024 жылы 175 адам және 77 бірлік техника болған).

Аталған ресурстардың ішінен: Министрліктен – 442 адам және 202 бірлік техника. Жергілікті атқарушы органдардан – 126 адам және 59 бірлік техника.

Киіктер мекендейтін аймақтарда (Ақмола, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар облыстары) жедел штабтар құрылды. Штабтардың жұмысы мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының бекітілген алгоритмі бойынша жүргізілуде».

Вице министр
Н.Шәрбиев. Фото: primeminister.kz

Былтыр министрлік киік санын реттейміз деп, сынның астында қалған. Жұмыс дұрыс ұйымдастырылмағандықтан «қан қасап» жұрттың көз алдында жасалды, жылжымалы тоңазытқыштардың жоқтығынан атылған киіктер теңкиіп-теңкиіп сасып жатты...

Киік санын қалай реттеуді министрлік әлі білмей отыр екен. Ресми жауаптан осыны түсіндік.

«Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі қазіргі таңда бұл мәселені терең ғылыми зерттеулерге сүйене отырып қайта зерделеуде. Киік популяциясының өсу қарқыны, олардың табиғи ареалы мен ауыл шаруашылығына ықпалы жан-жақты бағаланып жатыр.

Министрлік сараланған және аймақтық ерекшеліктерді ескеретін тәсілді ұсынбақ. Бұл ретте қоғамдық тыңдаулар, фермерлер мен ғалымдардың пікірі назарға алынып, ғылыми институттар мен мемлекеттік органдарымен бірлескен жұмыс күшейтілуде.

Киіктерді заңсыз аулаумен күрес, олардың қозғалысын бақылау жүйесін жетілдіру, сондай-ақ құқықтық негізді жаңарту да ұсыныстар қатарына енгізілген. Мақсат – киіктердің санын тек шектеу емес, табиғи тепе-теңдікті сақтай отырып, қоғам мен табиғат мүддесін үйлестіру.

Ғылыми ұйымдардан ұсынымдар келіп түскеннен кейін тиісті шешімдер қабылданатын болады».

Ресми сауал
Министрліктің жауабы. Фото: NEGE
Министрлік
Министрліктің жауабы. Фото: NEGE

Министрлік бұл мәселені «терең ғылыми зерттеп», «қайта зерделеп» жатқанда миллиондаған киік шаруалардың миллиондаған гектар егістігі мен шабындығын тып-тиып етіп жайпап барады. Мәселенің болары болып, бояуы сіңген соң министрліктің «қайта зерделегені» кімге керек?