ҚазҰУ ғылыми жобаларға НЕГЕ басымдық берді?
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығына орай өткен баспасөз-туры аясында БАҚ өкілдері оқу орнындағы соңғы жаңалықтармен танысты.
Әуелі ат басын жалпы ауданы 5 мың шаршы метрді құрайтын «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығына бұрдық.
Мұнда креативті индустрия, жасанды интеллект, стартап жобалар жүзеге асырылады екен. Қазіргі таңда ҚазҰУ ғалымдары құны 32 млрд теңгені құрайтын 400-ге жуық жобаны жүзеге асыруда. Тіпті, оқу орны 2025 жылы Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетімен бірлесіп ғарышқа микроспутник ұшыруды жоспарлап қойыпты. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінен 4 млрд теңгенің мегагрантын жеңіп алған ғалымдар Батыс Қазақстанның экологиялық, әлеуметтік-экономикалық дамуы, су ресурстарын, жануарлар мен өсімдіктер әлемін сақтау және басқару мәселелерін шешу жолын бірлесіп таппақ.
Ал география және табиғатты пайдалану факультетінің 10 зертханасы мен жерді қашықтықтан зондтау орталығы жас ғалымдардың жиі бас қосатын мекеніне айналған. Ең қызығы, әлемде теңдесі жоқ суперкомпьютер де осындағы орталықтан орын алған.
Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер қалай келді?
2019 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің кездесу нәтижесінде Қазақстанға суперкомпьютер әкелу туралы келісімге қол қойылыпты. Ал 2024 жылы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапары барысында екі мемлекет басшысы Орталық Азиядағы ең жоғары суперкомпьютерді ҚазҰУ-ға орнату туралы мәмілеге келген.
Бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты арттыру, сондай-ақ мемлекет басшыларының ғылым мен жоғары білім беруді дамыту бағытындағы ауқымды бастамасы болды. Жоғары технологиялық құрылғы бүкіл Қазақстан ғалымдарына деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеуге, мемлекеттік органдардың түрлі жағдайларын модельдеуге және елдің IT-инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.
Орталық Азияда ең қуатты саналатын құрылғының жоғары өнімділігі 1,94 PFLOPS құрайды. Әлемдегі үздік 600 суперкомпьютердің тізіміне кіретін құрылғы университеттің есептеу техникасы саласындағы мүмкіндіктерін едәуір кеңейтіп, ғылыми зерттеулердің тиімділігі мен дәлдігін арттырады деп күтілуде.
География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаеваның айтуынша, бұл суперкомпьютерге фильтр қойылады. «Бұл мәселені нақтылап жатырмыз.
Біздің факультетте 7 адамға пайдалануға рұқсат берілген. Бір жылда Сейсмология институтына үш-төрт түлек дайындадық. Олар сонда жұмыс істеп, тәжірибе игеруде. Себебі, бізде сейсмолог маман аз. Бұрын бұл мамандыққа көңіл бөлмедік, қазір сұранысқа ие.
Одан бөлек, Жапонияға, Францияға да студенттерді білім жетілдіруге жібердік. Бес жылға қол қойылған келісім-шарт бойынша болашақта еліміздің ғылымын дамытуға үлес қосады деп сенеміз», – деді факультет деканы.
Айтпақшы, бұл суперкомпьютерді жасанды интеллект технологияларын, университет қызметінің негізгі бағыттары бойынша ғылымды қажетсінетін есептеулерді жасау, IT-объектілерді басқару және ұйымдастыру, Smart-технологиялар объектілерін басқару жөніндегі бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу үшін де пайдалануға болады екен.
Жаңа зертхана ауыз су сапасын зерттейді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тұрақты даму және табиғатты тиімді пайдалану ғылыми орталығында су ресурстарының сапалық құрамының динамикасын модельдеу зертханасы іске қосылыпты. Математикалық модельдер негізінде жерасты және жерүсті суларының сапалық құрамының динамикасын бағалау және болжау жұмысымен айналысатын зертхана ғалымдары судың құрамын ластаушы заттарға талдау жүргізіп, олардың деңгейін анықтайды. Осында еңбек етіп жатқан ғалымдардың айтуынша, атқарылған жұмыстың нәтижесі қоршаған ортаға кері әсерін тигізетін факторларды азайтуға мүмкіндік беретін көрінеді.
Су ресурстарының сапалы құрамының динамикасын модельдеу зертханасының жетекшісі, география ғылымдарының докторы Людмила Павличенконың айтуынша, талдау жұмыстары адам денсаулығына су арқылы таралатын инфекцияларды болдырмау үшін алдын ала шара қабылдауға мүмкіндік береді.
«Зертханада алынған талдаулар ауыз судың сапасын бақылауға және жақсартуға көмектеседі. Бұл жалпы адам денсаулығына және қоршаған ортаны қорғауға ықпал етпек. Сонымен қатар, зертханалық деректер мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға су ресурстарын пайдалануға байланысты негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді және су ресурстарын тазарту мен қорғаудың қосымша шараларын енгізу қажеттілігін анықтауға көмектеседі», – дейді Людмила Павличенко.
Яғни, зертхана қызметі бірнеше аспектілерді қамтиды. Біріншісі, су сапасының параметрлерін зерттеу, екінші – су сапасының өзгеру динамикасын модельдеу. Мамандар математикалық модельдеуді қолдана отырып, зертхана табиғи және техногендік факторларға негізделген су сапасының өзгеруін болжауға мүмкіндік беретін модельдер жасайтынын алға тартты.
Үшінші, антропогендік факторлардың әсерін бағалау. Зертхана өнеркәсіптік кәсіпорындар мен коммуналдық шаруашылықтың тазартылған сарқынды суларын пайдалану, ауыл шаруашылығы алқаптары мен жануарларды суару суларын ағызу және т. б. сияқты антропогендік қызметтің су сапасына әсерін зерттейді. Төртінші, судың сапасын жақсарту бойынша шаралар әзірлеу. Далалық зерттеулердің нәтижелеріне, жерүсті және жерасты суларының сапасын бақылау деректері судың сапасын жақсарту және оның ластануын болдырмау бойынша ұсыныстар әзірлейді.
Үш жатақхана 2025 жылы берілмек
Соңғы жылдары Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарындағы шешімін таппай отырған мәселе – жатақхана жетіспеушілігі. Университет бұл түйткілді қалай шешуге тырысып отыр?
Қазіргі таңда ҚазҰУ қалашығында 15 жатақхана бар. Онда 6 мыңға жуық студент тұрып жатса, қосымша тағы 13 мың орын жетіспейді. Оқу орны басшылығы сонау 1970-1990 жылдар аралығында салынған жатақханаға бастан-аяқ күрделі жөндеу жұмыс жүргізудің шығыны жаңасын салумен пара-пар екенін алға тартты. Сондықтан да көбі ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өтіпті.
Дәлірек айтсақ, осы оқу жылында 3 жатақханаға күрделі, 12 студенттер үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 800 есік ауыстырылып, кәріз және электр желілері орнатылған. 4000 матрас, 4000 жамылғы, 4000 жастық, 4000 жайма комплектісі жаңадан алынып, 250 унитаз, 150 раковина, 735 шкаф, 1065 тумба, 450 үстел, 1050 кітап сөресі, 1065 орындық ауыстырылыпты. Мұнымен қоса жатақханалардағы асханаларға 120 тоңазытқыш пен 120 электр плитасы пайдалануға берілген. Осындай күрделі жөндеуден өткен № 9 жатақхана да түгелдей жаңарыпты.
Күн тәртібіндегі мәселені шешуді қолға алған оқу орны 1,32 гектар аумақта үш жаңа жатақхананың құрылысы басталғанын мәлім етті. Әрқайсысы 677 орыннан тұратын, бардығы 2031 орынға лайықталған тоғыз қабатты үш студенттер үйі 2025 жылдың соңында пайдалануға берілмек.
ҚазҰУ-де 27 мыңға жуық студент білім алса, 3 мыңнан астам профессорлық оқытушы құрам жұмыс істейді. 16 факультет, 68 кафедра, 140 ғылыми-зерттеу орталығы бар. «Демек, мұны ескерсек, жатақхана да, оқу корпусын да салу керек», – дейді басшылық.
2022 жылы бекітілген ҚазҰУ қалашығы құрылысының II даму бас жоспары бойынша қалашықта 8 оқу ғимараты, 35 000 шаршы метр емхана, спорттық-сауықтыру орталығы, қызметкерлерге арналған тұрғын үй, технопарк және студенттер мен магистрларға, докторанттарға арналған жатақханалар бой көтереді. Ал 3220 орындық оқу корпустарының құрылысын аяқтау келесі оқу жылына жоспарланған.
Заң мамандары сот сараптамасын жүргізеді
Бұдан былай студенттердің өзі сот сараптамаларын жүргізу мүмкіндігіне ие. Себебі, 2016 жылы құрылған сот сараптамалары орталығы соңғы үлгідегі құрылғылармен қамтылған. Жоғары оқу орындары арасында тұңғыш рет ашылған орталық алғашқылардың бірі ретінде сот сараптамасын жасайтын мамандарды даярлау бойынша лицензия алған. Орталықта студенттер, жас ғалымдар құжаттар, ату құралдары, трасологиялық, баллистикалық, компьютерлік, молекулалық-генетикалық бағыттар бойынша арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізе алады.
Мұнда Ұлыбритания және Түркияда «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алып, біліктілігін арттырған ҚазҰУ оқытушылары студенттерге дәріс береді. Қылмыстық құқық, қылмыстық істер жүргізу және криминалистика кафедрасының ғалымдары орталықтағы заманауи құрылғылар арқылы құқық қорғау органдарына әдіснамалық және әдістемелік көмек көрсетуге дайын екендіктерін айтады.
«Бізде сот сараптамасын жүргізуде, соның ішінде баллистикалық сараптамасын жасауға арналған салыстырмалы микроскоп бар. Оның негізгі ерекшелігі – ату құралдары арқылы жасалған қылмысты зерттеуге арналған. Яғни оқтың ұшу траекториясын, қай бағыттан атылғанын анықтауға жәрдемдеседі. Сонымен қатар салыстырмалы микроскоп арқылы адамның өзіне қол жұмсағанын немесе біреу өлтіргенін білуге болады. Мұндай құрылғы отандық университеттер арасында тек Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бар», – деді ҚазҰУ-дың аға оқытушысы Сұлушаш Даубасова.
Бұдан соң университет басшылығы журналистердің сауалдарына жауап берді. Бүгінде оқу орнының халықаралық деңгейдегі байланысы дамыған. Әлемдік рейтингте 230 орынның 163-іне жайғасуында да осы халықаралық қарым-қатынас жағы басымдыққа ие болған. Одан бөлек ғылыми жарияланымдарға басқа ғалымдардың сілтеме жасауы, бірігіп жазылған мақалалардың көбеюі септігін тигізген. Сондай-ақ, қазір оқу орнының Қырғызстанда, Стамбулда, Омбы қаласында филиалы бар.