Қазақстанда шетелдіктерге суррогат ана болуға тыйым салу ұсынылды
Депутат Гүлдара Нұрымова Қазақстандағы суррогат аналықты қатаң бақылау керегін айтты.
Астана, NEGE. Депутат Нұрымованың айтуынша, суррогат аналарға қатысты қолданыстағы заңнамада елеулі олқылықтар бар. Бұл әйелдер мен балаларды коммерциялық мақсатта пайдалануға, заңсыз донорлық арналардың пайда болуына жол ашады. Сондай-ақ елде бұл саладағы талаптардың жеңіл болуы репродуктивті туризмге қызығушылықты арттырып отыр.
«Халықаралық суррогат аналық жағдайында балалар кімдікі екенін анықтау, азаматтығы мен құқықтық мәртебесін шешу мәселелері жиі туындайды. Қазақстандағы ережелер сәл жұмсақ болғандықтан, кейбір шетелдіктер бұл елге репродуктивтік қызмет алу үшін келеді», – деді депутат.
Депутат әсіресе шетелдік агенттіктердің қазақстандық ЭКО клиникаларымен белсенді ынтымақтастығын сынға алды. Оның пікірінше, бұл балалардың тауарға айналу қаупін күшейтіп, адам саудасының жаңа түріне жол ашуы мүмкін. Себебі бұл салада қаржы айналымы өте жоғары.
Әйелдердің денсаулығына төнетін қауіптерді ескере отырып, ол клиникаларды міндетті түрде лицензиялау, нотариалдық келісімдерді цифрлық есепке алу және бұл қызметті тек Қазақстан азаматтарына ғана көрсету жөнінде ұсыныс айтты.
Суррогат ана болу қанша тұрады?
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде суррогат ана іздейтін және осындай қызмет ұсынатын қосымшалардың жарнамасы көбейді. Бұл платформаларға тіркелгендердің басым бөлігі 18 бен 27 жас аралығындағы қыздар.

Суррогат ана болуға ниет білдіргендер өз қызметінің бағасы мен талаптарын ашық көрсетеді.
Мына скриншоттардан кейбір қыз-келіншектердің бала көтеріп беру үшін 10 млн теңгенің төңірегіндегі соманы талап ететінін байқауға болады.

Жастардың бұған бейім болуының себептерін депутат Екатерина Смоляковадан сұрадық. Оның айтуынша, экономикалық жағдайға байланысты жастар кейде осындай қадамға барады. Сондай-ақ, мұндай қызметті ұсынатын қосымшалардың көбейгенін де жасырмады. Депутаттың айтуынша, бақылаусыз қалған платформаларды тазарту бағытында жұмыс жүргізіледі.
«Экономикалық фактор, ақша табу мәселесі де бар ғой. Жас болса, денсаулығы мықтырақ болады деген сөз. Соның барлығы ескеріледі. Ұлттық құндылықтарымызға әсер ететін, осындай суррогат аналардың қызметін ұсынатын бақылаусыз қалған артық қосымшаларды тазартамыз деп ойлаймын», – деді депутат.
Суррогат аналық арқылы жыл сайын 60-70 бала дүниеге келеді
Қазақстанда жыл сайын дәрігерлер 17 мыңнан астам экстракорпоральді ұрықтандыру бағдарламасын жүргізеді. Соның шамамен 1 пайызы ғана суррогат аналыққа қатысты. Репродуктивті медицина қауымдастығының деректеріне сәйкес, жыл сайын суррогат аналарға байланысты 300-ге жуық процедура жасалады. Алайда олардың тек үштен бірі ғана баланың дүниеге келуімен аяқталады.
Қауымдастық төрағасы Вячеслав Локшиннің айтуынша, суррогат аналықтың арқасында жыл сайын шамамен 60-70 бала өмірге келеді. Көбінесе бұл қазақстандық отбасыларға қатысты, алайда тапсырыс берушілер арасында шетел азаматтары да бар. Оның сөзінше, Қазақстанда бұл қызметтің құны АҚШ пен Еуропа елдеріне қарағанда әлдеқайда арзан. Сонымен бірге, суррогат аналық барлық елде бірдей рұқсат етілмеген.