10 Қазан 16:40
...

Қазақстан және Түркия: өзара тауар айналымы жолындағы ілтипат

Фото:

Екі күннен кейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанды Астана төрінде күтіп алады. Эрдоғанның келуі үлкен геосаяси өзгерістер уақытына тұспа-тұс келіп тұр. Және біз үшін Түркияның экономикалық байланысқа деген болашақ ниеті өте маңызды.

Себебі, Әзірбайжан мен Түркия «Зангезур» коридорының құрылысын аяқтап, бір-бірімен тіке құрлық байланысына шықса, ал біз Транскаспий халықаралық маршруты аясында Әзірбайжанға танкерлік тасымалды арттырсақ, Түркі Одағының экономикалық картинасы нақтылана түспек. Ресей арқылы транзит перспективалары күн санап еріп бара жатқандықтан, Түркі Одағы біздің Еуропа шығатын ең басты күре жолымыз болатын түрі бар.

Тоқаев пен Ердоғанның Астанадағы кездесуінде Ресей/Украина проблемасынан бөлек, осы экономикалық стратегияның сөз болатыны сөзсіз. Түркия біз үшін алғашқы үштікке кіретін сауда серіктесі болып саналады. Және тауар айналымы көлемі жағынан болашақта Ресейді алмастырмаса да, сол межеге жетіп қалуына біз дайын болуымыз керек. Негізі, стратегиялық диверсификация жолында Ресейдің үлесін барынша азайтып, Түркия үлесін арттыру біз үшін негізгі мақсат болуы тиіс.

2021 жылы Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 4,1 миллиард доллар болды. Оның ішінде 3 миллиард доллары Қазақстанның Түркияға экспорты. 1,1 миллиард доллар – Түркияның бізге жөнелткен импорты.

Түркиямен сауда байланысы Ресейге қарағанда бізге жағымды сальдо береді. Яғни, сатып алғанымыздан сатқанымыз көп. Соның арқасында оң төлем балансын жасап отырмыз. Оның үстіне, Түркия Қазақстанға тікелей инвестиция салып жүрген мемлекет, түрік кәсіпкерлері елімізде 5,5 миллиард доллардың инвестициялық жобаларын жүзеге асырып жатыр.

Биыл Түркияның үлесі былтырғыдан да өседі. Мысалы, 2022 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 1,5 миллиард долларға жетті. Осы қарқын сақталатын болса (үшінші тоқсанның статистикасын күтіп отырмыз) біз Түркиямен тауар айналымын осы жылы 5 миллиард доллардан асыруымыз мүмкін.

Түркияға не сатамыз және не аламыз?

Түркияға біз отын-энергетика секторының өнімдерін (мұнай, газ, көмір, мазут), металл, мал мен химия (фосфор, азот) және мал сатамыз. Ал Түркиядан арнайы техника, құрылғылар мен аппараттар, онымен бірге киім (куртка, аяқ киім, іш киім) мен текстиль (мата, орамал) алдырамыз.

Президент Тоқаев дипломатиясы мен оның экономикалық дивидендтері

Ердоған келген күннің ертесінде Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің отырысы басталады. Түркия басшысы ол отырысқа қатысады. Қазақстан Президентінің СВМДА-ны шкаф полкасынан алып, шаңын қағып қайтадан қажетті айналымға жібергені жайдан-жай емес. CICA (СВМДА) біз үшін дипломатиялық қадамдар жасап, оның аясында экономикалық әртараптану мәселемізді шешіп алуға мүмкіндік береді.

Каспийдің құқықтық статусы айқындалғаннан кейін, Әзірбайжанға Атырау жақтан Каспий теңізінің түбінен жүретін құбыр салу үшін бізге баяғыдай 5 елдің емес, Ресей мен Түркіменстанның келісімі ғана керек. Түркіменстанмен арада жақсы түсіністік бар. Енді Ресейді көндіру керек.

Солтүстік көршімізді «келіспесеңдер біз Еуразиялық Экономикалық одақтан шығып кетеміз» деп шантаждаймыз ба, «орыс тілін дамытатын халықаралық ұйым керек» деп алдарқатамыз ба, бәрібір амалын іздеуге тура келеді. Әзірге Қазақстан шантаж жолын емес, әріптестік жолын таңдады.

Бұл біздің мемлекет пен президенттің дипломатиялық әділдік принципіне адалдығын білдіреді.

Тегтер: