Соғыс жағдайындағы инвестициялар. Қазақстан бұған дейін қалай инвестиция тартып келді?
2010 мен 2020 жылдар аралығында Қазақстанға келген тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 249 миллиард АҚШ долларын құраған. Бұл орасан қаржы. Қазақстан аталған көрсеткіш бойынша өз аймағының көшбасшысы атанды.
Ұлттық Банк жариялаған деректер бойынша, сол 249 миллиард доллардың 30,4 пайызы мұнай-газ секторына бағытталған. Бұл - 75,6 миллиард АҚШ доллары. Ал инвестициялардың 23 пайызы тау-кен өндірісі мен металлургияға келген. Бұл 42,1 миллиард АҚШ доллары. Яғни елге он жылда келген барлық инвестициялардың 72,5 пайызы шикізаттық секторға келгенін байқаймыз. Бұл біздің әлі де шикізаттық экономикадан шыға алмай отырғанмызды көрсетеді. Барлық инвестициялардың тек 15,8 пайызы өңдеу өнеркәсібіне жаратылған. Біздің осы өңдеу өнеркәсібіне келген 39,4 миллиард доллар өз жемісін береді деген үмітіміз мол.
Бізде инвестицияларды кімдер тартады? Тікелей инвестиция тарту мәселесі Сыртқы істер министрлігінен бастап, "Самұрық-Қазына" қоры, "Бәйтерек" холдингі, Тікелей инвестициялар қоры, Астана халықаралық қаржы орталығына міндеттелген. Осы мемлекеттік мекемелердің ұйымдастыруымен 2015 жылдан бері экономиканың қайта өңдеу секторларында 967 миллион АҚШ долларына трансұлттық компаниялардың 12 жобасы іске асырылды. Оның нәтижесінде шамамен 3,5 мың жұмыс орны құрылған. Ал экономиканың логистика, газ химиясы және металлургия сияқты секторларында тұрақты, яғни "зәкірлік" статусы бар инвесторлармен бірлесіп 412 миллион АҚШ долларына бес жоба жасалған. Осы бес жоба аясында 690 жұмыс орны құрылды.
Пандемия кезінде Қазақстан өзіне бағытталған инвестиция нөпірінің тоқтап қалмауы үшін барын жасады. Шаралар уақытылы қабылданып, соның нәтижесінде Сыртқы істер министрлігі берген деректер бойынша, 2020 жылы шет елдерден 1,6 миллиард долларға инвестиция тартылған. Осы инвестициялар бойынша 41 инвестициялық жоба іске асырылды. Ондағы ашылған кәсіпорындарда 7 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
Қазақстан Орталық Азия бойынша инвестицияны ең көп тартқан ел. Тікелей шетелдік инвестициялар үшін еліміз қазіргі таңда тіпті қызықты болып отыр. Бастысы проактивті қызметке аса мән беріледі. Яғни, инвесторлар үшін мемлекет неғұрлым оңтайлы жағдайлар жасауға тиіс. Тағы бір атап көрсететіні, бізде қайта инвестицияланған кірістердің үлесі аз болып отыр. Әлемде бұл көрсеткіш 30-35 пайызды құрайды. Ал бізде оның деңгейі 2015-2020 жылдар аралығында 15 пайызға ғана жетті.
Әлем бойынша тікелей инвестициялар азаюда. Қазақстанға не істеу керек?
Шыны керек, ковид пандемиясы әлемдік сауда мен инвестициялардың перспективасын нашарлатты. 2020 жылдан бері пандемияның таралуына байланысты қойылған шектеулер және осыған байланысты туындаған жаһандық сұраныстың төмендеуі әлем бойынша тікелей инвестициялардың жалпы көлемінің төмендетіп жатыр. 2015 – 2019 жылдары тікелей шетелдік инвестициялардың әлемдік легі 27,1 пайызға қысқарды. Ақшалай қарасақ, бұл орасан қаржы – 2,8 триллион доллар.
Осы ретте, Қазақстанда инвестициялық саясаттың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілген. Тұжырымдамаға сай, инвестициялық саясат саласындағы негізгі әлемдік трендтердің ішінде мыналарды бөліп көрсетуге болады.
ESG – өлшемшарттарын қолдану негізінде инвестициялау туралы шешім қабылдау, оларды сақтамау тұтас елдер мен жекелеген компаниялар үшін капитал нарықтарының жабылуына әкелуі мүмкін. Елдердің үкіметтері ESG ұлттық стратегияларын белсенді түрде әзірлеуде және ESG күн тәртібінің жаһандық ықпалының өсуіне байланысты туындайтын тәуекелдер мен мүмкіндіктерді бағалауда.
Көміртекті реттеуді қатаңдату. Таяудағы болашақта көміртекті реттеуді күшейту саясаты парниктік газдар шығарындыларының деңгейі жоғары елдер үшін елеулі проблемалар тудыруы мүмкін. Бұл өндіру-өткізу тізбегінің барлық буындарында сезілетін болады.
Жаңа шектеулер белгілеу және реттеуді күшейту жөніндегі шаралардың өсуі, сондай-ақ ырықтандыру жөніндегі шаралардың төмендеуі. 2015 – 2019 жылдары әлемде инвестициялық саясаттың 588 шарасы енгізілді. Бұл ретте үлестік қатынаста ырықтандыру жөніндегі шаралар 13 пайызға төмендеді, ал қатаңдату жөніндегі шаралар 5 пайызға өсті. Әсіресе, бұл үрдіс 2020 жылы күшейе түсті. Айталық, қабылданған 96 инвестициялық шараның 45 пайызды реттеуді күшейтуге қатысты болды. Бірқатар дамушы елдерде бұрын шетелдік инвестициялау үшін қолжетімсіз болған экономикалық секторларға, оның ішінде жекешелендіру және мемлекеттік-жекешелік әріптестік құралдары арқылы қолжетімділік берілді.
Инвестициялық заңнаманың тұрақтылығын белгілеу жөніндегі жұмысты күшейту. Әлемнің 108 елінің 27-сі инвесторларды заңдар мен нормативтік актілердегі ықтимал өзгерістерден қорғау туралы ережелерді қамтиды, олардың басым бөлігі өтпелі экономикасы бар елдерде.
Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша негізгі капиталға инвестициялар 2010 жылдан бері 4,7-ден 12,3 триллион теңгеге дейін өсті. Бірақ, бір өкініштісі еліміздегі жалпы ішкі өніміндегі негізгі капиталға инвестициялар үлесі 16– 18 пайызды ғана құрайды. Ол тым аз. Экономиканың көптеген салалары инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін қаражаттың тапшылығын сезінуде. Бұған негізгі құралдардың тозуының жоғары деңгейі және тартылатын инвестициялардың жеткіліксіз әртараптандырылуы дәлел бола алады. Жекелеген салалар бойынша ескіру 50-70 %-ға жетеді.
Келесі мақаламызда біз инвестицияны басқару бойынша мемлекеттің ұстанып отырған саясатына шолу жасайтын боламыз.