13 Қыркүйек 12:35
...

Қарапайым заттар экономикасы: Қазақстанда әктас өндірісі басталмақ

Фото:

Жаңа зауыт жобасы жақын шетелден жеткізілетін осы импорттық тауарды толығымен алмастырып, 200-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Инвестицияның жалпы сомасы 25 млрд теңгеден асады. Кәсіпорынның іске қосылуы 2023 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланып отыр.

Зауыт Қарағанды облысы Осакаровка ауданы Сарыопан кен орнында салынуда. Қуаттылығы жылына 330 мың тонна дайын өнімді құрайды. Зауыттың негізгі тұтынушылары – қара және түсті металлургияның барлық дерлік кәсіпорындары, сонымен қатар Қазақстанның шыны өндірісі.

«Біз бұл жобаны 2013 жылы бастадық. Ол кезде әктас сырттан жеткізіліп, Қазақстанда ішкі сұраныстың артып, ал Өзбекстан мен Ресей тарапынан ұсыныстың азайып жатқанын байқадық. Зауыттың ерекшелігі сол, оның іске қосылуы нәтижесінде  жоғары сапалы әктасты отандық өніммен алмастыру мәселесі толығымен шешіліп, саладағы еңбек өнімділігінің айтарлықтай артатыны анық. Тұтас экономиканы жақсарту үшін дәл осы факторларға назар аудару керек деп есептеймін», - деді жобаның негізгі бастамашысы әрі инвесторлардың бірі Жұмабек Жанықұлов.

Зауытта орнатылатын газ тазалау жүйесінің әлемде баламасы жоқ және ауаның жоғары деңгейде тазалануын қамтамасыз етеді. Тазалау көрсеткіші 99,8%-ға дейін жетеді. Кәсіпорынға салынған инвестицияның барлығы ESG  принциптерін енгізумен тікелей байланысты.

Жоба жеке инвестициялар мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында Bank RBK арқылы мемлекеттің қаржысы есебінен қаржыландырылды.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы халық тұтынатын, сырттан жеткізілетін әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен өнімдерді өзіміз өндіруіміз үшін жасалған. Бағдарлама өңдеу өнеркәсібі, қызметтерді көрсету, агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді және бәсекеге қабілетті өндірістің қалыптасуына ықпал етіп, Қазақстанның импортқа деген тәуелділігін азайтады.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына еліміздің 10 ірі банкі мен Аграрлық несие корпорациясы қатысады. Бағдарламаның әрекет ету мерзімі 2023 жылдың соңына дейін ұзартылды. https://epv.kz сайтында бағдарламаның ыңғайлы калькуляторы мен қажетті ақпараттар орналастырылған.

Тегтер: