Қазақстан су тапшылығымен қалай күресіп жатыр?
Су ресурстары және ирригация министрлігінің дербес отау көтеруі сондықтан. Биылғы аптап ыстық пен көрші елдерден келетін су қорының азайып кетуі оңтүстіктегі дихандарға үлкен соққы болып тигені анық. Су тапшылығының салдарын алу үшін кезек күттірмейтін қысқа мерзімді шаралар қабылдануы тиіс.
Жаңа министрлік көктемге дайын ба?
Қазіргі кезде суға деген шаруалардың қажеттілігі ескеріліп, су жетіспеушілігінің салдарын азайту үшін зерттеу жұмыстары жасалуы шарт. Мұндай жұмыстар жүргізіліп жатыр ма? Келесі жылғы науқанға қандай шаралар қабылданып жатыр?
Бұл сауалдарды Су ресурстары және ирригация министрлігіне қойып, төмендегідей жауап алдық.
«Бүгінгі күні Министрлікпен және жергілікті әкімдіктермен бірге 2023-2024 жылдардағы вегетациялық және вегетацияаралық кезеңдердегі жұмыс жоспарының жобасы әзірленіп жатыр. Оның шеңберінде мынадай сыртқы және ішкі іс-шаралар іске асырылмақ. Олар – жоғарғы су қоймаларынан қосымша су ағызуды қамтамасыз ету бойынша шектес елдермен жұмыс атқару; трансшекаралық өзендер бассейндеріндегі мемлекетаралық пайдалану каналдарын жөндеу; суландыру желісінің магистральды және шаруашылықаралық каналдарын тазалау және қосымша жабдықтарды (сорғы қондырғыларын) сатып алу; су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу».
Сонымен қатар, 2024 жылдың ақпан айында вегетациялық кезеңге арналған болжамды кесте әзірленгеннен кейін, министрлік тарапынан өңірлерде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен вегетациялық кезеңге дайындық жұмыстарын талқылау және түсіндірме жұмыстарын жүргізу бойынша кездесу ұйымдастырылатын болады.
Қай өңір қатты шөліркеп отыр?
Cу – тіршілік нәрі. Не ексең де, мол өнім беретін, жері құнарлы оңтүстік өлкеде суармалы алқап көп. Ең алдымен суға зәру болып отырған аймақ та осы. Айталық, биыл жазда Жамбыл облысындағы су қоймаларының табаны көрініп қалды. Мұның бәрі мұздықтардың еріп кетуінің салдары. Десе де, «қалауын тапса, қар жанады» деген сөз бар.
Су ресурстары және ирригация министрлігі қол қусырып қарап отырмағанын айтты. Талас өзенінің арнасына судың түсуін ұлғайту мақсатында «Қазсушар» РМК Қырғызстан аумағындағы коллекторлық-дренаждық жүйелерді тікелей мемлекеттік шекара бойында тазарту жұмыстарын жүргізген. Бұл Талас өзеніне келетін суды ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр. Және бұл жұмыстар су айналымы әдісімен егіннің шығынын азайтуға әсерін тигізді.
«Облыстың АШТӨ арасындағы әлеуметтік шиеленісті болдырмау, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткен жылдардағы тәжірибе бойынша көпжылдық шөптер алынып тасталды. Каналдар мен ауылдық округтер арасындағы су айналымы әдісімен су берілді», – дейді министрлік.
Түркістан және Қызылорда облыстарында да қиындық болды. Бұл облыстарда су тапшылығының кесірінен, Бассейндік инспекция тұрақты суару үшін суды пайдалану лимитін қысқартуға мәжбүр болды. Су айналымы, суары кезектілігі және коллекторлық-дренажды суларды қайта пайдалану қолданылды. Осы шаралардың нәтижесінде Түркістан және Қызылорда облыстарында көп шығын болмаған.
Трансшекаралық өзендер мәселесі қалай шешілмек?
Қазақстанға келетін өзен-сулардың бастауы көршілес елдің жерінде орналасқан. Бұл да белгілі бір қиындық тудыратыны сөзсіз. Су тапшылығы артқан сайын жағдай күрделене бермек. Мұның алдын алу үшін Су ресурстары және ирригация министрлігінің жанынан екі жаңа басқарма құрылады. Олардың бірі Орталық Азия елдерімен қарым-қатынас мәселелерімен айналысады, екіншісі ҚХР және РФ-мен өзара іс-қимылға назар аударады.
Қазақстанда суармалы жерлердің 80%-ы оңтүстік өңірде. Сондықтан Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру қажет. Мұндай функцияларды бөлу біздің шетелдік әріптестерімізбен өзара қарым – қатынасты нығайтуға және нақты міндеттерді шешуге шоғырлануға көмектеседі.
Қазіргі уақытта трансшекаралық өзендер бойынша көршілес елдермен жасалған кейбір келісім шарттар қайта қаралуы мүмкін бе?
«Қазіргі уақытта Орталық Азия және Ресеймен су бөлу бойынша жасалған барлық келісімдер біздің еліміз үшін тиімді. Сонымен қатар, біз Қытаймен су бөлу бойынша келісім жобасын әзірлеу жұмысын 2015 жылы бастаған болатынбыз. Бүгінгі осы бағытта жұмыс жалғасып жатыр», – дейді Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.
Мәселен, Ташкентте өткен Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) 85-ші отырысы аясында талқылау болды. Жиын барысында Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Сырдария және Әмудария өзендерінің бассейндеріндегі су қоймалары каскадтарының болжамды жұмыс тәртібі кестесі мен 2023-2024 жылғы вегетациялық кезеңде су алу лимиті көрсетілген хаттамаларға қол қойды. Сондай-ақ МСШҮК-ның 86-шы отырысы келесі жылдың басында Қазақстанда өтпек.
Осылайша, 1-ші сәуірге дейін Шардара су қоймасына 11,1 текше шақырым су келеді деп болжанып отыр. Ал «Достық» мемлекетаралық каналы бойынша
487 млн текше метр су алу күтіледі. Бұл Түркістан және Қызылорда облыстарында 2024 жылдың вегетациялық кезеңіне қажетті су көлемін жинақтауға, сондай-ақ Арал теңізіне 1,6 млрд текше метр су жіберуге мүмкіндік бермек.
Министрлік көршілес елдер арасындағы трансшекаралық өзендер бойынша ынтымақтастықты қолданыстағы үкіметаралық келісімдер негізінде іске асырады. Сол келісімдерге сәйкес, трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалану және қорғау жөніндегі бірлескен комиссиялар мен жұмыс топтарының отырыстары өткізіліп жатыр. Олардың аясында трансшекаралық өзендердің негізгі мәселелері бойынша шешімдер қаралып, қабылданбақ.
«Трансшекаралық өзендердің су ресурстарын басқару туралы екіжақты келісімге қол қою экономиканың барлық салалары мен табиғи объектілердің мүдделерін ескере отырып, су ресурстарын ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуде өзара іс-қимыл үшін қажетті жағдайлар жасайды», - деп сендіреді министрлік.
Су тапшылығын бірлескен жобалар жоя ала ма?
Әрине, су тапшылығын шешудің бір ұтымды жолы – жаңа технологиялар. Батыстың жаңашыл суару жүйелерін қолдану суды үнемдеуге, тиімді пайдалануға серпін бермек. Бұл бағытты біршама жұмыс істеліп те жатыр. Мәселен, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ирригациялық жүйелерді цифрландырумен айналысатын австралиялық Rubicon Water компаниясының өкілдерімен кездесіп, Қызылорда облысында бірлескен жобаны іске асыру мүмкіндігін талқылады.
Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл жоба алдағы үш айдың ішінде дайын болуы тиіс. Ал осы аптада Rubicon Water сарапшылары қосымша гидрогеологиялық және инженерлік-геологиялық зерттеулер жүргізу үшін Қызылорда облысына келеді.
Компания өкілдерінің айтуынша, жоба – суармалы суды 30% үнемдеуге мүмкіндік бермек. Ал Қазақстанның жекелеген фермерлік шаруашылықтарында іске асырылған осындай жобалар өнімділікті екі есеге жуық арттыруға көмектескен.
Сонымен қатар, Rubicon Water өкілдері еліміздің басқа аймақтарындағы су арналарының жағдайын талдау және бағалау үшін Австралия мен Жаңа Зеландиядан сарапшыларды тартуға дайын. Сондай-ақ, компания өз зауыттарының бірін Қазақстанға көшіру мүмкіндігін де қарастырып жатыр.
Министр өз кезегінде қазіргі уақытта күш-жігерді бір өңірге шоғырландыру қажет екенін атап өтті. Оң нәтижеге қол жеткізу үшін алдымен бір өңірде сумен қамтамасыз етуден бастап, суармалы алқаптарда суды пайдалануға дейін жобаны толық іске асыру қажет.
Содан кейін басқа облыстарда қолға алу қажет. Қазір елдің оңтүстігінде судың дұрыс бөлінбеу мәселесі өте өзекті болып отыр. Rubicon Water компаниясының Түркістан облысында да жобалары бар.
Бұл шаралар аймақтағы су тапшылығы мен ғаламдық жылынудың салдарларын жеңілдетіп, өзгерістерге бейімделуге сеп болмақ.