Қазақстан шетелге заңсыз шығарылған 63 миллиард теңгенің активтерін қайтарды
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан шетелге заңсыз аударылған 63 миллиард теңгені қайтарды, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Алматы, NEGE. Бас прокуратурада облыстар прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлардың қатысуымен, сондай-ақ барлық аумақтық прокуратуралардың онлайн қосылуымен 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысы бойынша кеңейтілген алқа отырысы өтті.
Бас прокуратураның алты айдағы жұмыс қорытындысы туралы есебіне сәйкес, Активтерді қайтару бойынша мемлекетке 312 млрд теңге, оның ішінде шетелден – 63 млрд теңге қайтарылды. 50 млрд теңгеге 513 мың гектар олигополия жері тәркіленді.
Мемлекет басшысының инвестициялар бойынша берілген тапсырмасын іске асыру шеңберінде прокурорлар 32 трлн теңгеге 770 инвестициялық жобаны сүйемелдеді. 350 инвесторға көмек көрсетілді. Олардың экономикаға қосқан үлесі 6,4 трлн теңге болды. Сонымен қатар, мемлекеттік органдардан тексеру тағайындауға және әкімшілік іс қозғауға қатысты 2300 материал «прокурорлық сүзгіден» өткен. Қарау нәтижесінде 31 шектеу, 71 тексеру және 170 әкімшілік іс жүргізу бойынша келісім беруден бас тартылды.
Бүгінгі таңда 44 мың кәсіпкердің құқықтары қалпына келтірілді. Оларға қатысты мемлекеттік органдардың алты мыңнан астам тыйым салу және шектеу шаралары жойылды (олардың басым көпшілігі мемлекеттік кірістер желісі бойынша – 6050). Жалпы, әлеуметтік-экономикалық салада прокурорлардың актілері бойынша 2,5 млн адамның құқықтары қалпына келтірілді. Бюджетке 41 млрд теңге көлемінде келтірілген залал өтелді. 167 қылмыстық іс қозғалды, 75 адам сотталды.
Криминогендік жағдай прокуратураның тұрақты бақылауында. Жалпы, 8%- ке қылмыс төмендеді (61 422-ден 56 369-ға дейін). Конституциялық құқықтардың бұзылуы үш есе төмендеді. Прокурорлардың наразылықтары мен өтініштері бойынша 34 сотталушының жағдайы жақсарды, 2 адам ақталды. 708 заңсыз ұсталған адам босатылды.
Сондай-ақ биыл арнайы прокурорлар бірқатар резонанстық істер бойынша тергеп-тексеруді аяқтады және оларды сотқа жіберді.
Конституциялық Сотта 10 іс жүргізу бойынша құқықтық қорытындылар берілді (сот қорғау құқығын іске асыру, заң алдындағы барлығының теңдігі, заң көмегінің қолжетімділігі жөнінде). Конституциялық Сот Бас Прокурордың 2 жолданымы бойынша оң шешімдер шығарды.
Халықаралық ынтымақтастықты нығайту бойынша жұмыстар жалғастырылуда. 2024 жылы Кипрмен сотталғандарды беру туралы және Катармен құқықтық көмек көрсету және ұстап беру туралы халықаралық шарттарға қол қойылды. Олар Парламентте ратификациялануда. Басқа елдерден шетелде жасырынған 13 іздеуде жүрген адам экстрадицияланды.
Талқылау қорытындысы бойынша Бас Прокурор негізгі міндеттерді белгілеп, алдағы кезеңге нақты тапсырмалар берді. Прокурорлар мемлекет басшысының азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғау, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, активтерді қайтару, әсіресе отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлеңкелі экономикаға, есірткіге, алаяқтыққа қарсы күрес, ұйымдасқан қылмысқа, азаптауларға қарсы іс-қимыл және қадағалау қызметінің басқа да өзекті бағыттары бойынша тапсырмаларын орындауды жалғастырады.