23 Маусым 13:06
...

«Қазақ» газеті – 110 жыл: «Қазақ» газеті және ұлттық баспасөз» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Фото:

«Қазақ Медиа Ассоциациясы» ЗТжЖКБ ұйымдастыруымен және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақ» газетінің 110 жылдығына арналған «Қазақ» газеті және ұлттық баспасөз» атты дөңгелек үстел өтті.

Алматы, NEGE. Дөңгелек үстелді өткізудегі негізгі мақсат –​ биылғы «Қазақ» газетінің 110 жылдық мерейтойын атап өту және қазіргі ұлт баспасөзінің мәселелерін талқылау.  Жиынды «Қазақ Медиа Ассоциациясы» төрағасының орынбасары Өміржан Әбдіхалық ашып, «Алғашқы тәуелсіз әрі ұлттық һәм мемлекетшілдік бағыттағы «Қазақ» газетінің 110 жылдығын атап өту – ұлттық баспасөзге оның тарихына құрмет және борыш», – деп атап өтті.

Дөңгелек үстел Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің шара қатысушыларына жолдаған құттықтау хатымен басталды.

«Қазақ» газеті жарық көрген күннен бастап ұлттың ең тағдыршешті, өткір мәселелерін қаузады. Халықтың жан-жүрегін сыздатқан өзекті тақырыптарын жұртпен бірге талқыға салды. Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, секілді ұлт зиялыларының есімімен ұштасып жатқан басылым – талай тарихтың куәсі, халықтың рухани қазынасы. Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген әйгілі сөзі ғасырдан аса уақыт бойы қазақ баспасөзінің дамуына демеу болып, ұранына айналды» делінген құттықтау хатта.

 

"Қазақ" газетінің 110 жылдығына арналған шарада басылымның тарихына тоқталу заңдылық. Бұл жөнінде тарихшы Светлана Смағұлова шараның алғысөзінде "Қазақ" газетінің тарихына тоқталды.

"ХХ ғасырдың басында журналистиканың шоғыры биік басылымы "Қазақ" газетінің маңыздылығы сонда, біріншіден, бейресми, үкіметтің әкімшілдік, әміршілдігінен ада болды. Дегенмен, газетті үнемі бақылауда ұстады. Екіншіден, басылым қазақтың зиялы қауымын, бас көтерер азаматтарын біріктіріп, жұмылдыра білді. Үшіншіден, ұлттық мүдде жолында қызмет еткен, халықтың мұң-мұқтажын көтере білді.

"Қазақ" газетінің 1913-1918 жылдар аралығында 266 нөмірі жарық көрді. Соңғы нөмірі "Құжаттану және архив ісі жөніндегі ғылыми-техникалық ақпарат орталығынан" табылып, академик М.Қойгелдиев пен шығыстанушы Полтөре Ықтияр толық мәтінін түсіріп, ғылыми айналымға енгізді.

Газеттің шығуына бар күшін салған Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың жан жарасына айналған жер, дін, тіл, оқу және ұлт мәселесін көтерді. Ұлт азаматтарын ашық ой-пікірге шақырды. Демек, "Қазақ" газеті ұлттың тәуелсіздігіне жол сілтеуші, бағыт беруші, – деді.

Тарихи газеттің мерейтойы басылымның шығу, таралу, жалпыұлттық басылымға айналу процесіне қайта үңіліп, газеттің қазіргі ұлт баспасөзімен үндестігі мен сабақтастығы арқылы бағыт-бағдарын, салалық мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді. Алғашқы тәуелсіз әрі ұлттық һәм мемлекетшілдік бағыттағы «Қазақ» газетінің 110 жылдығын атап өту – ұлттық баспасөзге оның тарихына құрмет және борыш.

 

«Жас алаш» газетінің бас редакторы Алмас Нүсіп қазіргі қазақ журналистикасын тәуелсіз деп айтуға келмейтініне тоқталды.

«Бәрі қаржылық жағдайға кеп тіреледі. Тиражы өзін ақтаса, сол кезде ғана газет толық тәуелсіз. Өкінішке қарай, қазір олай емес. Газет – архив үшін керек. Зерттеу жүргізумен айналысатын басылым жоқтың қасы. Ең алдымен, таралым, ақша табу мәселесін қарастыру керек» десе, «Алатау ақпарат» медиахолдингінің бас директоры Ержан Қалымбайұлы: «Ақпараттық кеңістікті қорғауымыз керек. Адамның ақыл-ойын басқару баяғыда басталып кеткен. Бұл өте қауіпті. Дәл қазір заманға сай ақпараттық стратегия қажет. Көптеген басылым сыртын ғана өзгертеді. Мәселе – мазмұнында. Сапалы, өлмейтін, мәнін жоғалтпайтын дүние жариялануы тиіс. Дәстүрлі медиа мен жаңа медианы бір-біріне қарсы қоймай, үйлестіру қажет. Сол кезде біздегі сапалы контентті әлеуметтік желі алып, тарататын болады» дейді бас редактор.

Жиынға қатысқан «Қазақ» газетінің бас редакторы Жасұлан Мәуленұлы «Қазақ» газетінің 1916, 1917, 1918 жылдары кітап болып шықпаған нөмірлерінің алдағы уақытта тұтас жинаққа енгізіліп, кітап болып шығатыны туралы сүйінші хабарды жеткізді.

Сондай-ақ жиын барысында мына мәселелер қаралды:

- қазіргі ұлттық баспасөз мәселелері бойынша тұрақты жұмысшы тобын құру;

- ұлттық баспасөздің салалық, ағымдық мәселелерін талқылап, шешу жолдарын қарастыру;

- қазіргі ұлттық баспасөздің бірігіп көтеруі тиіс мәселелерінде ортақ көзқарас, ұстаным мәселелерін кеңесу;

- желілік басылымдар мен мерзімді басылымдар арасындағы ынтымақтастықты, өзара іс-қимылды жандандыру;

- 110 жылдық аясында «Қазақ» газетінің 264 санының және газет туралы зерттеулердің электронды қорын жасақтау.

Дөңгелек үстелде белгілі журналист Ертай Айғалиұлы, Adyrna.kz бас редакторы Арман Әубәкір, «Заң» газетінің бас редакторы Айнұр Сембаева қазіргі газет-журналдың жағдайы туралы пікір білдірді.

Бүгінгі басқосу құрамына 25 қазақтілді сайт кіретін «Қазақ Медиа Ассоциациясы» өткізіп отырған алғашқы алқалы отырыс. Қауымдастыққа мүше БАҚ алдағы уақытта қазақтілді медиа мәселесін кеңінен қаузауды көздеп отыр.​

Тегтер: