Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба қаншалықты жемісін беріп жатыр?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл бұл жоба шеңберінде 400 АЕК (1 380 000 теңге) мөлшерінде 9,1 мыңға жуық адам жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттарға қол жеткізген.
Бюджет есебінен берілген грантқа алғаш ие болып, кәсібін дөңгелеткен жандардың қатарында Тамара Ақмағамбетова да бар. Қызылорда қаласы, Шиелі ауданына қарасты Шиелі ауылының тұрғыны тігіншіліктің нәсібін көруде.
«2013 жылы денсаулығым сыр беріп қатты сырқаттанып қалдым. Сөйтіп, ем-дом алудың қамымен жүгірістеп жүргенде бірнеше ауруханаға жаттым. Барлығындағы жастанар жастықтың иісі қолқаны қабады. Сол кезде Алла бұйырып, аман-есен бетім бері қараса, қоғамдағы көзге көрінбейтін осы мәселемен айналысатын боламын деп өзіме мақсат қойдым. Бұл бір жағынан менің сырқатқа берілмеуіме мотивация болды», – дейді I топтағы мүгедектігі бар Тамара Асқарқызы.
Екінші отасы сәтті өткен соң облыс орталығындағы «Талсуат» оңалту орталығына орналасқан Тамара Ақмағамбетова ондағы Еңбек бөлімінен қол маторикасын дамыту мақсатында тігіншіліктің қыр-сырын үйренуге ден қояды. Бір аяғының сәл сезімталдығы сақталғанына риза болған болашақ кәсіпкер уақыт өте келе тігін машинасына отырған.
«Бір күні тілеулерін бергір «Даму» қорынан арнайы мамандар келіп, бізге екі күн арнайы семинар өткізді. Сонда қоғамнан қағыс қалмай, тіпті қолдан келген жағдайда кәсіппен айналысуға мүмкіндігіміз барын айтты. Сонда ауруханада жатқан кезде өзіме берген серттің есіме сап ете түскені бар ма?! Сөйтіп, ол ойымды айтқаным сол еді, әлгі «Дамудың» қыздары мені бірден құптап, бизнес-жоспарымды жасауға жәрдемдесті. Қыл аяғы бизнес-идеямды қорғайтын кезде арбаға таңылған мені үшінші қабатқа өздері көтеріп шығарды. Нәтижесінде арада ұзақ уақыт өтпей 1 млн теңге қаражатқа қол жеткіздім», – дейді Асқарқызы.
Осылайша кәсіп ашуға бекінген ол әлгі қаражатқа қос тігін машинасы мен мамық тазалауға арналған «Партер-Стандарт 2» құрылғысын сатып алыпты. Қажетті құрылғыларға қол жетізген соң қасына екі тігінші алып, жұмысты бастап кеткен Тамара Ақмағамбетова бүгінде біраз отбасының жастығын жаңартқанын айтады.
«Күнделікті жастанар жастығымызды тазалап не болмаса жаңартып отырмасақ оған түрлі тозаң мен кенелер үймелейді. Оның соңы түрлі ауруға әкеп соғуы ғажап емес. Мәселен, қазір халықтың басым бөлігінің басында бар аллергия мен асма ауруы жастыққа жиналған тозаңнан туындайтынын біреу білсе, біреу білмейді», – дейді кейіпкеріміз.
Осылайша шағын цехтың тіршілігін дөңгелетіп отырған жандар жаз мезгілінде айына 150 жастыққа дейін жаңартатынын алға тартты. Яғни, ішіндегі мамығын арнайы құрылғының көмегімен, жуып, тазалап, дезинфекия жасап қана қоймай, тыстарын да жаңартып береді.
«Қазір нарықтағы құс жастықтың бағасы өте қымбат. Сондай-ақ оның таза әрі табиғи екеніне де кепілдік берілмейді. Сондықтан апа-әжелеріміз тіккен ескі жастықтарды жаңарту тиімді әрі сатып алғаннан анағұрлым арзанға түседі», – дейді тігіншілер.
Шағын цехтағы ісмерлер қолдары қалт еткенде тоқыма бұйымдарын да жасайды екен. Сонымен қатар, олардың қолынан шыққан шопер, сөмке, қоржын және бедерлей тігілген құрақ көрпелер көздің жауын алады.
«Ендігі арманым қойдың жүнін жуатын құрылғы мен көрпе тігетін тігін машинасын алу. Осы мақсатта мемлекет ұсынып жатқан бағдарламаларды тағы да бағамдап жүрген жайым бар. Бірақ менің жасым көбісінің талабына сай келмеуде. Егер жаны жайсаң жомарт жандар табылып, осы аталғандарды алып беруге қолғабыс болса, тағы бірді-екілі жарымжан жандарға жұмыс көзі табылған болар еді», – дейді кәсіпкер.
Осыған дейін коммерциялық ұсыныс бойынша Облыс орталығындағы үлкен аурухананың тозығы жеткен жастықтарын жаңартып берген тігіншілер бүгінгі таңда көлемді тапсырыстардың арманға айналғанын айтып қалды. Бұған қазіргі таңда мемлекеттік мекемелердің тендерде тасы өрге дөңгелеген цехтармен ғана серіктестік орнататыны себеп болса керек. Ал, арбаға таңылған жанға тендердің әлегімен тентіреудің оңайға түспесі белгілі.
Айта кетейік, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру 4 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Атап айтар болсақ, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру, кәсіпкерлердің өсуін акселерациялау, бәсекелестікті кешенді дамыту және жаңа тауашаларды қалыптастыру.
Биыл 1 қыркүйектен бастап 22 қыркүйекке дейін гранттардың үшінші легі бойынша өтінімдер қабылданды. Қазіргі таңда үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссия өз жұмысын сәтті аяқтағандықтан, келісімшарттарға қол қою және грант алушыларға қаражат аудару жұмыстары жүріп жатыр.
Гранттардың үшінші легі аясында үміткерлерден барлығы 15,5 мың өтініш түскен. Оның ішінде көпбалалы отбасылардан – 9 мың, мүгедектігі бар адамдардан – 3 мың, мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын адамдардан – 1,9 мың, атаулы әлеуметтік көмек алушылардан 771 өтініш қабылданған. Сондай-ақ, асыраушысынан айырылған 586 адам, 57 қандас және 196 қоныс аударушы қатысуға ниет танытқан.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, өтінімдердің дені Түркістан (3,7 мың), Жамбыл (2,1 мың), Қызылорда (1,8 мың) және Шымкент қалаларынан түскен.