23 Ақпан 13:31

Қаржы пирамидаларымен күрес – басым бағыттардың бірі

Қаржы пирамидасы
Фото: yandex.kz

Қазақстанда заңсыз қаржылық қызметтің ең қауіпті түрі болып саналатын қаржы пирамидасын құрушылардың заңсыз әрекеті қаншама рет әшкереленсе де алаяқтықтың бұл түрі тоқтамайды. Көзі қарақты адамдардың өзі алаяқтардың құрығына түсіп қалып жатыр.

Қаржы пирамидалары – бұл жаңа қатысушылар өз ақшаларын жоғары пайда уәдесімен инвестициялайтын алдау жүйесі. Көбінесе пирамидалар инвестициялық компания ретінде жасырылады, бірақ салымшылардың ақшасы ешқандай нақты инвестициялық жобаларға немесе бағалы қағаздарға салынбайды.

Қаржы пирамидалардың белгілерін көре тұра алаяқтардың құрығына түсіп қалып жатқандардың санында шек жоқ. Уәде етілген жоғары пайыздық мөлшерлемелердің тартымдылығы тіпті қаржылық сауаты жоғары салымшылардың өзін соқыр етуі мүмкін.

Қазақстанда жұмыс істейтін қаржылық пирамидалардың көпшілігі желілік маркетинг принципі бойынша құрылған, мұнда әрбір қатысушы жаңа қатысушыларды тартады және олардың жарналарының бір бөлігін алады. Қаржы пирамидаларынан ең алдымен ұйымдастырушылар пайда көреді. Сонымен қатар алғашқы салымшылар да азын-аулақ ақша алады. Бірақ ең көп пайдаға кенелетіндер – ұйымдастырушылар. Өйткені олар жарналардың түсуін бақылайды және жеткілікті мөлшерде қомақты сома жиналғанда, процесті тоқтатып, ақшамен бірге тайып тұрады.

Қаржы пирамидалары өте көп уақыт бұрын пайда болды, сол себепті олардың өз классификациясы бар.

Қаржы пирамидаларының түрлері:

– Бір деңгейлі: олар инвесторлардан ақша тартады, жоғары кірісті қамтамасыз етеді және бірінші қатысушылардың ақшасын кейінгілердің жарналары есебінен төлейді.

Көп деңгейлі: әрбір инвестор жаңа салымшыларды тартады, олардың салымдары пирамиданың жоғары эшелондары арасында бөлінеді.

Матрицалық: инвестор ұйымдастырушыларға ақша аударады және бірінші деңгейдегі қатысушылар санының белгілі бір санға жетуін күтеді. Осыдан кейін қатысушылар екі матрицаға бөлініп, екінші деңгейге көтеріледі. Әрқайсысы өз салымшыларын тартады және солай кете береді. Салынған ақшаның уәде етілген қайтарымы пирамида шыңына көтерілу арқылы алынады. Жылдам емес, бірақ қаржылық пирамидалардың алғашқы екі түрінен айырмашылығы, мұндай схема жылдар бойы жалғасуы мүмкін.

Қаржы пирамидасы
Фото: из открытых источников

Жоғарыда айтылғандай, қаржылық пирамида – бұл ұйым мүшелеріне қандай да бір қызмет арқылы емес, жаңа мүшелерден үнемі қаражат тарту арқылы табыс беру жүйесі. Пирамидалардың қатысушылары белгілі бір қызметпен, мысалы, өнімдерді сатумен айналысатын желілік маркетингтен осылай ерекшеленеді.

Адамдарды қаржылық пирамидаларға тартуға ықпал ететін негізгі психологиялық факторлардың бірі – тер төгіп еңбек етпей-ақ тез байып, жоғары табыс табуға ұмтылу. Қаржы пирамидаларын ұйымдастыратын алаяқтар осы мотивті пайдаланып, керемет табыс табу мүмкіндіктерін уәде етіп, қатысушылардың ашкөздігін пайдаланады. Сонымен қатар, пирамидаға салымшылар көбіне достары, таныстары, туыстарының ұсынысымен келеді. Бұл ұсынысқа деген сенімді арттырады және сыни ойлауды төмендетеді. Өйткені адам өзі жақсы танитын жақын адамына тез сенеді. 

Қаржы пирамидаларымен күрес – мемлекет үшін басым бағыттардың бірі. Қазақстан заңнамасында мұндай схемаларды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға қатысы бар тұлғаларға ауыр жауапкершілік көзделген. Қауіпсіздік органдары мен билік пирамидалық схемаларды белсенді түрде бұзады және кінәлілерді анықтау және жазалау үшін тергеу жүргізеді.

Кез келген қаржылық жобаға инвестиция салмас бұрын оның табыстылығын мұқият бағалап, ұйымдастырушылар берген уәделердің дұрыстығын тексеру керек. Нақты өнімнің немесе қызметтің қолжетімділігіне, қаржылық операциялардың ашықтығына және компанияның беделіне назар аударыңыз.

Қаржылық шешім қабылдағанда қырағы және абай болыңыз. Пирамидалық алаяқтық әшкере болып жатса да оны құратындардың қатары азаймай тұр. Қаржылық сауаттылық арқылы тәуекелдерді азайтуға және шығындарды болдырмауға болады.