28 Наурыз 11:42
...

«Қала болашағы жастардың қолында!» – «Жасыл ел» жобасының жетекшісі Әділ Нұрпейісов

ЖАСЫЛ ЕЛ
Фото: miras.edu.kz

«Жасыл ел» – жұмыссыздықты азайтуға, экологиялық және патриотық тәрбиені насихаттауға, сондай-ақ жастар арасында достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған жоба. Бүгінде «Жасыл ел» республикалық штабы жалпымемлекеттік жастар қозғалысына айналды. NEGE тілшісі осы жобаның негізгі бағыттары мен қала жастарына әсері туралы Алматы қаласы «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жетекшісі Әділ Нұрпейісовтен сұрап білді.

– Әділ, «Жасыл ел» жобасы қандай бағыттарда жұмыс істейді?

– Жобаның негізгі бағыты – жастарды экологиялық бастамалар мен қаланы абаттандыру жұмыстарына тарту. Біз жастар еңбек жасақтарын ұйымдастырып, оларды сенбіліктерге, аумақтарды көгалдандыру, экологиялық акцияларға қатыстыруды көздейміз. Сонымен қатар, бізде «Жас Эко Патруль» атты жастар экологиялық жасақтары бар, олар қаланың заңсыз қоқыс алаңдарын, су нысандарын, құрылыс алаңдарын және Алматы қаласын абаттандыруға бақылау жүргізеді. Бұл процесте біз түрлі бұзушылықтарды анықтаймыз және одан әрі бақылау үшін мемлекеттік органдарға сұраныстар жібереміз. 

ЖАСЫЛ ЕЛ
Фото: NEGE.KZ

– «Жасыл ел» бағдарламасы аясында Алматы қаласында қандай жобалар жүзеге асырылды? 

– Биылғы жылы жоба енді ғана жұмысын бастады, бірақ өткен жылдың нәтижелері бойынша мынадай деректерді келтіре аламын: Алматыда «Жасыл ел» аясында 15-ке жуық сенбілік өтті, 2100 адам жұмысқа тұрды, 10-нан астам экологиялық акция ұйымдастырылды. «Жас Эко Патруль» экологиялық жасақтары мониторинг жүргізіп, 15-ке жуық ірі заңсыз қоқыс алаңдарын анықтады. Мысалы, Медеу ауданында – бес, Түрксіб ауданында – екі, Бостандық ауданында – екі, Алатау ауданында – екі, Жетісу ауданында – бір және Наурызбай ауданында үш заңсыз қоқыс алаңы табылды.

Жарбұлақ, Есентай, Тіксай, Казачка, Тереңқұр, Кіші Алматы, Кереңқұлақ, Қарағалы, Үлкен Алматы каналы өзендері бойынша мониторинг барысында ҚТҚ, құрылыс қоқыстарын жинау үшін 150-ден астам бұзушылықтар анықталды және өзен арналарын бітеп тастайтын тұнба шөгінділері тіркелді.

ЖАСЫЛ ЕЛ
Фото: ortalyq.kz

Қаланың көшелерінде 577 бұзушылық анықталды, олардың 50%-ы қаланы абаттандыруымен байланысты, соның ішінде инфрақұрылым нысандарының бұзылуы, жасыл желектердің жойылуы және тағы басқа күнделікті мониторинг нәтижесінде 20-30 бұзушылық анықталып отыр.

-Соңғы өткізілген экологиялық шара қандай?

Соңғы өткізген шаралардың бірі 21 наурызда Қапшағайға аттанып, біз «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына қатысып, табиғатты қорғауға бағытталған жұмыстар жүргіздік. Бұл акция тек сенбілік емес, елді біріктіріп, экологиялық мәдениетті қалыптастыратын әлеуметтік жоба болып табылады. Біз құрылыс қалдықтары мен тұрмыстық қатты қалдықтарды тазартып, осы жерге 22 000 қарағай көшетін отырғызуға дайындық жүргіздік. Наурыз - жаңа өмірдің, жаңарудың, бірліктің мерекесі. Осы күнді таңдағанымыздың да себебі, біз табиғатты тазартып, жасыл орманның негізін қаладық. Бұл біз үшін тек экологиялық шара ғана емес, жаңа бастама мен жаңару символы. Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, табиғатқа деген сүйіспеншілікті арттыруға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Оған әрбір қазақстандық атсалысуы тиіс. Біз жастар ретінде бұл жобаны жүзеге асыруға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлкен үлес қосудамыз.

ЖАСЫЛ ЕЛ
Фото:NEGE.KZ

– «Жасыл ел» бағдарламасы жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін қалай шешеді?

– «Жасыл ел» жастарға, әсіресе, студенттер мен 18-35 жас аралығындағы жастарға, маусымдық жұмыс орындарын ұсынады. Бұл жоба аясында олар экологиялық бригадаларда жұмыс істеп, қала абаттандыруға, ағаш отырғызуға, экологиялық акцияларға қатысуға мүмкіндік алады. Бұл жастарға алғашқы еңбек тәжірибесин алуға және қосымша табыс табуға мүмкіндік береді.

18-35 жас аралығындағы жастар жобаға қатыса алады, олар өздерінің жоғарғы оқу орындары арқылы өтініш беріп, біздің жоба аясында ынтымақтастық жасайды, сондай-ақ әлеуметтік желі jasylel_almaty_qalasy арқылы хабарласа алады.

– Бұл жобаның патриотық тәрбиемен және экологиялық санамен байланысы қандай? 

ЖАСЫЛ ЕЛ
Фото: ekaraganda.kz

– Қала болашағы жастардың қолында! Бұл жоба қала жастарына үлкен әсер етеді. Жобамыз жастарды қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуға, қоршаған ортаға жауапкершілік сезімін қалыптастыруға және экологиялық мәдениетті дамытуға ынталандырады.

Азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру – жастар қала мен елдің игілігіне жұмыс істейді, бұл олардың өз үлесіне деген мақтанышын арттырады. Экологиялық сананы дамыту – тазалық жұмыстарында және ағаш отырғызуда тәжірибе арқылы қатысушылар табиғатты сақтаудың маңыздылығын түсіне бастайды.

Қоғамдық белсенділік – жастар әлеуметтік маңызы бастамаларға тартылып, топта жұмыс істеуді, мемлекеттік құрылымдармен әрекеттесуді және оң өзгерістерге қол жетізуді үйренеді. Осылайша, «Жасыл ел» жастарға алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға және табыс табуға көмектесіп қана қоймай, табиғатқа және елінің болашағына жауапты ұрпақ тәрбиелеуге атсалысады.

Мүмкіндігі шектеулі және көпбалалы отбасылардан шыққан жастарды жобаға қатыстыру үшін қандай шаралар қолданасыздар?

– Біз әлеуметтік тұрғыдан осал топтардан шыққан жастарға да тең мүмкіндіктер беру үшін арнайы шаралар ұйымдасрытамыз. Жұмысқа алу кезінде оларға басымдық береміз, жоғарғы оқу орындары және әлеуметтік желілер арқылы түрлі науқандар өткіземіз, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ-мен ынтымақтастық орнату жүргізіледі. Мұның барлығы осындай жастардың жобаға қатысуына мүмкіндік береді.

– Жоба жұмысында қандай қиындықтар туындайды және оларды шешу жолы қандай?

ЖАСЫЛ ЕЛ
Фото: aqtobegazeti.kz

Әрине, жастарға қатысты кез келген ірі жобалар сияқты «Жасыл ел» жобасы да түрлі қиындықтарға тап болады. Біріншіден – мердігерлердің теріс әрекеті. Кейде мердігерлер мониторинг жұмыстары барысында, жобаның сынына тым ауыр қарайды. Жастар мониторинг жүргізіп, бұзушылықтарды анықтағанымен, олар кейде агрессияға тап болады. Бұл жағдайда біз ресми түрде әрекет етеміз, бұзушылықтарды тіркеп, мемлекеттік органдарға сұраныс жолдаймыз. Содай-ақ, мердігерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мақсат пен ережелерін түсіндіреміз.

Екіншіден – мониторингке қатысушылардың біздің мақсатты түсінбеуі. Кейде аумақтарды бақылаумен айналысатын жастарды тыйым салынған заттарды тығушалыр деп қателеседі. Бұл тұрғындармен және құқық қорғау органдарымен орынсыз қақтығыстарға әкеп соқтырады. Сол себепті, қатысушыларға жобаның логотипі бар кеудешелер, бейдждер беріледі, мінез-құлық туралы нұсқаулық өткізіледі. Бақылау кезінде жастар топ болып жұмыс істейді және түсініспеушілік туындағанда жедел жауап беру үшін кураторлармен байланысады.

Үшіншіден – жоғары айналым және тұрақты оқыту. Жоба бойынша жұмысқа орналасу тек бір айға созылатындықтан, қатысушылардың әрбір жаңа жиынтығына барлық жұмыс процесін, экологиялық нормалар мен бақылау әдістерін қайта оқыту қажет. Бұл мәселені шешу үшін бейнемазмұндар мен әдістемелік құралдар әзірленеді, тәжірибелі қатысушылар жаңа бастаушыларға жетекшілік етеді.

– «Жасыл ел» бағдарламасы аясында келешекте қандай жаңа жобалар мен бастамалар жүзеге асырылады?

– Келешекте біз экологиялық акцияларды кеңейтуді, экологиялық бұзушылықтарды мониторинг жасауды күшейтуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, жастар арасында экологиялық сауаттылықты арттыру мақсатында түрлі шаралар өткізу көзделуде. Полигондар туралы есептілікті цифрландыруға, ластанған аумақтардың интерактивті карталарын жасауға және экология бойынша білім беру бағдарламаларын іске қосуға байланысты жаңа бастамалар жасамақпыз. Жасыл орманның негізін қалаумен қатар, біз халық арасында экологиялық сана мен табиғатқа деген құрметті арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастырамыз. Бұл біздің еліміз үшін үлкен мәнге ие әрі болашақ ұрпаққа табиғаттың амандығын сақтап қалу міндетін түсіндіріп, экологиялық білім беруді де алға қойған мақсатымыз.

«Жасыл ел» – еңбек жасағы 2005 жылы құрылған жастар ұйымы. Осы бағдарлама шеңберінде 2005 жылы еліміздің 16 өңірінде дамыған инфрақұрылымы бар «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабы құрылды. «Жасыл ел» бағдарламасын іске асыру басталғаннан бері жобаға 250 мыңнан астам жас тартылды. Олар 44, 295 млн ағаш отырғызды, 148 992 гектар жерді тазартты.