Халықаралық әріптестік нәтижесінде киберқылмыс деңгейі 4 пайызға төмендеді
Қазіргі қоғамда азаматтардың қауіпсіздігіне төнген ең өзекті қатерлердің бірі – интернет арқылы жасалатын алаяқтық. Бұл мәселе тек Қазақстанға тән емес, әлемнің ең дамыған елдерінде де кең таралып отыр.
Алматы, NEGE. Цифрлық технологиялардың дамуы қылмыстың жаңа түрлерінің пайда болуына жол ашқан.
Мамандардың дерегіне сүйенсек, азаматтардың атына заңсыз несие рәсімдеу мен банктік қаражаттарды иемдену жағдайларының басым бөлігі шетелде орналасқан ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекетімен байланысты. Мұндай топтар көбіне түрлі мемлекеттерде орналасқан call-орталықтар арқылы жұмыс істейтін трансұлттық желілерге бірігеді.
Осы қауіптің алдын алу мақсатында Қазақстанда «Киберпол» жобасы іске қосылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асқан бұл бастама бүгінде елдің барлық өңірінде енгізілген. Жоба аясында алаяқтар жиі қолданатын жалған нөмірлер арқылы келетін шетелдік қоңырауларды анықтап, бұғаттайтын арнайы жүйе жұмыс істейді.
Нәтижесінде 43 миллионнан астам күмәнді байланыс әрекеті тоқтатылып, интернет-алаяқтықтан зардап шеккендер саны 2,5 еседен астам азайған. Сонымен қатар құқық қорғау органдары банк секторымен және ұялы байланыс операторларымен тығыз әріптестік орнатып, жедел әрекет ету тетіктерін күшейтті. Соның арқасында шетелге шығарылуы мүмкін болған шамамен 220 миллион теңге дер кезінде бұғатталып, тағы 850 миллион теңге көлеміндегі шығынның орны толтырылған.
Жобаның тиімділігі нақты көрсеткіштерден байқалады. Бүгінгі күнге дейін «Киберпол» аясында 3 мыңнан астам қылмыс ашылған. Ішкі істер органдары интернет-алаяқтықпен күресті өз қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде белгілеп отыр.
Жалпы, елімізде бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, 2025 жылы байланыс операторларымен бірлескен шаралар нәтижесінде 19 миллионнан астам күмәнді қоңырау бұғатталған. Ал құқық қорғау органдары жалпы саны 85 миллионнан асатын алаяқтық сипаттағы байланыс әрекеттерінің алдын алған.
Ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы күрес те назардан тыс қалған жоқ. Мұндай құрылымдарды құру және басқару деректері бойынша алты қылмыстық іс тіркеліп, олардың біреуі халықаралық деңгейдегі желімен байланысты екені анықталған.
Техникалық тұрғыдан да айтарлықтай нәтижелер бар. Жедел шаралар барысында алаяқтар пайдаланған 100 мыңнан астам SIM-карта мен 88 арнайы SIM-box құрылғысы тәркіленді. Бұдан бөлек, өткен жылы шетелде әрекет еткен жеті заңсыз call-орталықтың жұмысы тоқтатылса, Қазақстан аумағында тағы алты орталықтың қызметі жойылған.
Ішкі істер министрлігі үшін киберқылмысқа қарсы күрес негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Азаматтардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылданып, мемлекеттік органдармен бірлескен профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізілуде.
Сарапшылардың пікірінше, интернет-технологиялардың қарқынды дамуы дәстүрлі қылмыстың онлайн форматқа көшуіне себеп болған. Бүгінде алаяқтар заманауи құралдарды пайдаланып, азаматтардың сеніміне кіріп, қаржысын заңсыз иемденуге тырысуда.
Осыған байланысты мамандар киберқылмысқа қарсы күресті үш негізгі бағытта жүргізу қажет екенін айтады: құқықтық реттеу, техникалық қорғаныс және алдын алу шаралары. Тек осы тәсілдердің үйлесімі ғана тиімді нәтиже бере алады.
Құқық қорғау органдары тұрғындарға сақ болуды ескертеді. Күмәнді сілтемелерге өтпеу, жеке деректерді бөгде адамдарға бермеу және банк карталарының мәліметтерін үшінші тұлғаларға жария етпеу – қауіпсіздіктің басты шарттары.
Жалпы алғанда, интернет-алаяқтыққа қарсы күрес жүйелі түрде жалғасып жатыр. Алдын алу шаралары мен халықаралық әріптестік нәтижесінде киберқылмыс деңгейі 4 пайызға төмендеген. Бұл – қабылданған шаралардың тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіш.