16 Қараша 14:06
...

Гүлдана Кемелбекқызы: 1 гектардан жыл сайын 300 тонна қызанақ алуға болады

Фото:
Елімізде кәсіппен айналысатындар қатары жыл сайын артып келеді. 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1 миллион 600 мыңнан астам екен. Оның басым бөлігі ауылшаруашылығы саласында еңбек етуде. 2021 жылы «Байтерек» ҰБХ еншілес ұйымы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ

АӨК саласын қаржыландыруға 251,9 млрд теңге бөлген. Бұл соманың 196 млрд теңгеден астамы игерілді.

Несие алғандардың дені өнімдерін алыс-жақын шет мемлекеттерге, тіпті, мұхиттың арғы жағына экспортқа шығаруда. Солардың бірі – Гүлдана Кемелбекқызы. «Қолы білген құм үстінен кеме жүргізер» деген тәмсіл бар. Кейіпкеріміз жаңа әрі заманауи технология жетістіктерін қолданып, 1 гектар жерден жылына 300 тоннаға дейін қызанақ өнімін алып отыр. Сол арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына айтарлықтай үлес қосуда. Nege.kz тілшісі «Shakh Eco Food» құрылтайшысы Гүлдана ханыммен тілдесіп қайтты. 

– Гүлдана, амансыз ба? Білуімше Аграрлық несие корпорациясының игілігін көрген кәсіпкердің бірісіз. Жылыжай ашу қайдан ойыңызға келді?

– Бәрі жақсы, рахмет! Иә, біз сіз айтып өткен «Байтерек» ҰБХ еншілес ұйымы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның «Қарапайым заттар экономикасы» несиелеу бағдарламасы арқылы төмен пайызбен қарыз алып, кәсібімізді жандандырдық. Нақтырақ айтқанда, Алматы маңынан 14,6 гектар жерге жылыжай салып жатырмыз. Өздеріңізге белгілі жылыжай кешендерін дамыту АӨК саласын қаржыландырудағы басым бағыттардың бірі. Бұған дейін мейрамхана ісімен айналысып, шет мемлекеттерді аралап жүріп ұққаным егер өнімді өзің өсірсең, тауарың әрі сапары әрі қолжетімді болады екен. Содан әлемді коронавирус жалмап, пандемия болған тұста «Shakh Eco Food» шаруа қожалығының жұмысын қолға алдық.  Өйткені, бұл кәсіп түрі мен үшін таңсық болмады. Сондай-ақ, Аграрлық несие корпорациясы жылыжай құрылысы мен тамшылатып суару жүйесін сатып алуға биылдың өзінде 21,4 млрд теңге бағыттағанын естідік. Осыдан-ақ, аталған кәсіп өнімдеріне сұраныс жоғары екенін байқауға болады. 

– «Байтерек» ҰБХ еншілес ұйымы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамынан алған несиеңіз тиімді ме? Сосын, ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрі көп қой, неге дәл осы қызанақ өсіруді қолға алдыңыз? 

– Аграрлық несие корпорациясының шарттары өте тиімді болды. Пайызы да аз. Түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Бұл отандық өндірісті, кәсіпкерлерді, одан қала берді ауыл шаруашылығын қолдауға, дамытуға арналған баламасыз бағдарлама. Сол үшін несие алып, отандық тауарды өсіруді қолға алдық. 

Негізі кәсіп бастамас бұрын әр азамат «мен бұл саланы қаншалықты түсінемін» деп өз-өзіне сұрақ қойғаны жөн. «Бастағалы жатқан шаруаның иісі мұрныңа бармаса сол жерден тоқтат» деген қағида бар. Өйткені, білмейтін жолға түссең алдыңда күтіп тұрған кедергілерден бейхабар боласың. Бізде көбі «мына бір кәсіп мол табысқа кенелтеді екен» деп, көрсеқызарлықпен кәсіп бастайды. Ал соңында қарызға кіріп кетеді.

Білетін ісіңмен айналыссаң табыс өзі ақ келеді. Біз осыны ескердік. 

Өзім де, жолдасым да Оңтүстікте, қазіргі Түркістан облысынында тудық. Бала кезімізден қызанақ дейсіз бе, асқабақ, қияр, баклажан, болгар бұрышы сынды өнімдердің түр-түрін егетінбіз. Оның күтімі мен қаншалықты өнімді екенін бір кісідей білемін. Бір жағы Түркияға іссапарымда жергілікті өнертапқыштардың жаңа технологиясына қатты қайран қалдым. Жылыжайдағы жұмыс тиімділігі мен тауар өнімділігін кәсіпкер үшін өте тиімді қалыпқа келтіріпті. Сол себепті қызанақ өсіруді қолға алдық. Былайша айтқанда, шет елге таңданып, сол шетелді елге алып келдік. 

2021 жыл, 30 қыркүйек

– Құпия болмаса сіз айтқан жаңа технологияның тиімділігін толығырақ тарқатып берсеңіз. 

– Бұл жерде бәрі автоматтандырылған. Жылыжай іші белгілі температураны,яғни 19 градусты сақтап отырады. Ауа температурасы салқын болғанда жылыту жүйесі іске қосылса, күн ысып кеткенде арнайы желдеткіштер қосылады. Қызанақ сабағын күннен қорғау мақсатында арнайы перде де автоматты түрде ашылып, жабылып отырады. Суару жүйесі де технология жетістіктерімен жүзеге асады. Осының бәрін бақылап жүру үшін бір гектарға 5-6 адам жеткілікті.

Қазір «Shakh Eco Food» шаруа қожалығы Елтай ауылдық округінде тұратын 50-ге жуық тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Болашақта жылыжай аумағын еселеп арттыру жоспарымызда. Сол үшін де үш қабатты жатақхана салдық, құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Шалғай өңірлерден келген жұмысшыларды жатын орынмен қамтамасыз етпекпіз. 

–  Кез келген бизнестің тиімділігі нәтижеге байланысты екені белгілі. Жылыжайда қызанақ өсіру ісі қаншалықты тиімді?

– Ашылғанымызға көп бола қоймаса да айтарлықтай нәтижеміз бар. Өткен жылы шаруа қожалығының аумағы 4 гектар ғана болса биыл тағы 4,7 гектар қостық. Дәл қазір 6 гектар жылыжайдың құрылысы жүріп жатыр. Бұл нені аңғартады? Осы сала біз күткен нәтижені артығымен көрсетті. Мәселен өткен жылы гектарына 300 тоннаға жуық өнім алдық. Бір Алматы, Қазақстанмен ғана шектелмей көрші Ресей Федерациясына экспортқа шығарып үлгердік.

Менде мейрамхана желісі болғасын, өнімдердің алғашқы партиясын сол жаққа жіберіп, сынақтан өткіземін. Содан кейін Алматы ішіндегі базарлар мен сауда нүктелерін, одан кейін Қазақстан нарығына жөнелтеміз. Ел ішін толық қамтамасыз етіп болғасын ғана экспортқа жібереміз. Биыл енді 4 емес 8,7 гектар алқаптың өнімін күтіп отырмыз. Ол да көп күттірмей жемісін беруге дайын. Отызыншы қыркүйек күні еккен қызанақ көшеттері мінекей жайқалып тұр. 

2021 жыл, 11 қараша

– Жылына 300 тонна өнім беретін бұл көшеттердің ерекшелігі неде?

– Біз қызанақтың «ping paradise» деген сортын ектік. Оның ерекшелігі – жыл 12 ай бойы өнім беріп тұрады. Одан бөлек өнімділігі  күтіміне де байланысты. Жылыжай жұмысын түркиялық әріптестермізбен қатар еліміздің алдыңғы қатарлы ЖОО орындарында оқып, шет мемлекеттерде біліктілігін арттырған өз ісінің мамандары бақылып, бірлесе жұмыс істейді. Біздің қызанақ көшеттері жанға жайылып емес, жоғары өрмелеп өседі.  Ол үшін жанындағы керек емес сабағын жұлып отырамыз. Өнім сапасы жақсаруы үшін жылыжай ішінде ұшып жүрген аралардың өзін сатып алып келдік. Көшеттерді жыл сайын жаңартып отырсақ, топырақты әр үш жылда бір рет қана ауыстырамыз.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Тегтер: