11 Желтоқсан 09:41
...

Ғалымжан Нарымбетов: «Адайды» ойнағанда баянды жыртып жібере жаздау керек

Фото:
Қазір қазақ музыкасына жаңа леп келді. Түрлі жанр, түрлі заманауи коллаборациялар. Әсіресе

, этно-модерн стилінде еңбектеніп жүрген өнерпаздардың қатары артып келеді.

Сондай-ақ ұлттық күйлерді шетел аспабында да орындап, қазақ музыкасының кеңістігін кеңейтуге күш салып жүрген талантты жандар да баршылық. Солардың бірі – Бүкіләлемдік баянист-аккордеонистер ассоциациясы мен халықаралық әділқазылар мүшесі Ғалымжан НАРЫМБЕТОВ.

NEGE-ге сұхбат берген сұхбатында ол: «Қазір оркестрмен бірге аргентиналық композитор Астор Пьяццоллаға арналған кештермен гастрольдедіп жүрсем де, қазақ күйлерін дәріптеуді ұмыт қалдырған емеспін», – деді.

Астор Пьяццолла – «tango nueva», яғни «жаңа танго» жанрының негізін салған жан. Сүйікті аспабы бандонеон. Сіз де осы аспапта ойнайсыз. Бұл композитормен сізді не  байланыстырады?

– Негізі, Пьяццолламен қазақтардың ішкі дүниесі ұқсайтын сияқты. Ол – құштарлық пен қызуқандылық.

Жалпы, тангоның өзі осы сезімдермен біте қайнасып кеткен ғой.

– Иә. Астор – өмірден өз жолын ұзақ іздеген адам. Америкада, Францияда өмір сүрсе де, Буэнос-Айреске айналып келе берді. Сол үшін де оның музыкасынан бірнеше стильді табасың. Әсіресе, өзінің аргентиналық қанындағы асау толқындар да көрініп қалады. Сонысымен баурап алды. Біздер, музыканттар сөзге аса жоқ болғасын, іштегі бар сезімді музыка арқылы жеткізуге тырысамыз.

Бандонеонда қанша жылдан бері ойнайсыз?

– Екі жылдай болып қалды.

Сыртқы формасы баян аспабына ұқсайды екен.

– Бандонеонның баянға ешқандай туыстығы жоқ. Мүлдем басқа аспап. Оның немістер мен аргентиналықтар шығарған бірнеше нұсқасы бар.

Менікі – 1921 жылғы Альфред Арнольд. Және оның құрылымында қатып қалған логика болмайды. Яғни, тілшіктерін әр музыкант өздерінше жалғап, қалауынша түрлендіре берген.

Мысалы, фортепиано, скрипка, баянды алатын болсақ, өзінің нақты логикасы бар. Ал бұл жерде ешқандай схема жоқ.

Сіздің қолыңыздағы бандонеон 1921 жылы жасалған болса, оған бір ғасырдан астам уақыт болыпты ғой? Қай жақтан алдыңыз?

– Оны Аргентинадан арнайылап сатып алдық. Бұл – менің үшінші бандонеоным. Әрине, үнемі жақсысын іздеумен болдым. Көбіне олар орташа деңгейлі болып келеді.

Ал сіздікі қалай?

– Жаман емес.

Бұл аспап Қазақстанда сатыла ма?

– Жоқ, мүлде сатылмайды. Әрі жақсысын табу қиын. Бірақ қызыққан адамдар оны тауып алып, ойнай береді. Қазіргідей дамыған кезеңде аспап жасайтын фабрикаларға тапсырыс беріп, арнайылап жасатып алуға да болады.

Астор Пьяццолланың ғажап туындысының бірі – «Libertango». Мұны хорваттық виолончелист Степан Хаузер мен латвиялық аккордеонист Ксения Сидорованың орындауында тамашалап едім.

– Иә, өзім аккордеоншы болғандықтан, Ксениямен таныспын. «Libertango» – ерекше шығарма. Оны «еркіндік тангосы», «махаббат тангосы» деп те атайды. Мен оны өзімнің баян аспабымда орындаймын.

Жалпы, қанша аспапта ойнай аласыз?

– Оркестрде баян, бандонеон, аккордина аспаптарында. Сондай-ақ фортепианода, гитарада да ойнаймын.

«Ішкі сезімдерімнің бәрін сыртқа шығаруға көмектесетін аспабым–осы» деп қайсысын айтар едіңіз?

– Әрқайсысының орны бөлек. Бала кезден ойнап келе жатқан соң өзіме баян ыстық.

Симфониялық оркестрдегі классикалық композициялардан бөлек, қазақы туындыларды қаншалықты жиі орындайсыз?

– Әрине, өте жиі. Онсыз бола ма?! Мен шетелге гастрольге шыққанда, байқауларға барған кезде қазақтың композитор, күйшілерінің шығармаларын міндетті түрде ойнаймын. Ең көп орындалатыны – «Адай».

– Домбырада да тартасыз ба?

– Жоқ, ол күйлерді баянмен орындаймын. Менің Анатолий ГАЙСИН деген ұстазым бар.

Оның ұлты орыс болса да, қазақтың домбырасындағы күйлерді баян аспабына лайықтап өңдеген. Керемет өңделген бәрі. «Байжұма», «Балбырауын», «Түрікмен» күйлері және қылқобызға арналған «Ерден» күйі бар.

Ерте заманнан бері өтсек, Нұрғиса Тілендиевтің «Аққуы» да дәл солай өзгеше формада орындалып жүр.

Сіздің ойыңызша, аргентиналықтардың тангосындағыдай тулаған сезімдер қазақ шығармаларында қалай көрініс табады?

– Адайларды білесіз ғой? Бірақ «Адай» күйі әу баста домбырада шыққан соң, баянда орындау өте қиын. Бірақ оны естіген кезде керемет әсерде боласың. Нағыз жаужүрек халықтың рухы сезіледі. Ықыластың «Ерден» күйі де дәл солай.

Иә, қызуқандылық, рухты қуат бар әрине біздің күйлерде. Бірақ дәл тангодағыдай жанды жыбырлатып, қанды қоздыратын құштарлықты айтамын...

– Ол да бар. Тек бізде ұлттық шығармалар баянда аз ойналған, аз тыңдалған ғой. Әйтпесе шетелдік баянистер біздің «Адайды» жақсы біледі. Өздері ойнай алмаса да. Себебі менің ұстазым «Әлем кубогына» қатысқан кезде осы күйді ойнаған ғой. Сонда әлемнің әр түкпірінен жиналған көрермен аяққа тік тұрып, қошемет көрсеткен. Сол күй әлі бар. Және ол – шетелде, бүкіл әлемде міндетті түрде ойналатын күйдің бірі.

Жаңағы бандонеон, аккордина сияқты аспаптарда қазақтың ұлттық шығармаларын орындау жоспарыңызда бар ма?

– Негізі, бандонеон аспабында көп дүниені ойнағым келеді. Қазақша шығармаларды оған лайықтап жасауға болады. Лирикалық, жай әндерді бандонеонға келтіре өңдеу үшін оның схемасын білетін жақсы композитор керек.


Сіздің ұстазыңыз сияқты қазақи туындыларды өзге аспаптарға өңдеуге ұсыныс білдірген адамдар болды ма?

– Иә, «жасауға бола ма?», «қалай жасасақ болады?» деген сияқты сұрақ қоятындар көп. Кейде баянның қай нотадан басталып, қай нотадан бітетінін сұрап жатады.

Демек, тек еуропалық композиторларды ғана емес, қазақ туындыларын да шетелде насихаттап жүрмін дейсіз ғой?

– Міндетті түрде! Мен – патриотпын. Шетел, орыс аспабында ойнағаныммен, ішімде қазақы қаным қайнап тұрады. Өзімізді көрсетуге, шетте жүргенде туымызды көтертуге барынша тырысамын. Әңгіме барысында да ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрімізді, тағамдарымыз туралы айтып жүремін.

– Қанша елде концерт қойдыңыз?

– Ансамбльмен де, жеке де талай мемлекетте өнер көрсеттік. Бүкіләлемдік баянист-аккордеонистер ассоциациясының мүшесімін. Сондықтан да шетелге жиі шақырту аламын. Мысалы, Еуропада, Қытайда, Кореяда. Қай жерде «Әлем кубогы» болады, сонда жүреміз.

Ұлттық күйлерімізге деген шетелдіктердің эмоциясын көріп жүрсіз. Ал ел ішінде баянмен ойналған күйді қалай қабылдайды? Домбырадағыдай әсер ала ма?

– Классикалық музыканттар баян аспабында ойнап жатқанда «Өй де!», «Шап!» деген сияқты қазақы қолпаштауларды мүлде естімеген ғой.

Бұрындары қатты риза болған үлкендер: «Ай, мынау қай ауылдың баласы?!» деген сияқты дем беріп отырушы еді ғой. Өйткені баянда көбіне орыс музыкасы мен классикалық стильдегі шығармалар орындалған.

Талай домбырашы, оркестрмен барып, баянмен күй тартыс жасағанбыз. Ақтау, Атырау жақта «Адайды» баянмен ойнаған кезде жиналған халық арқаланып, қиқулап сала берген. Сол кезде ұлттық сезім одан сайын оянып, жай отыра алмай қаласың. Баянды жыртып жібере жаздау керек қой ондай сәтте. Міне, сол кезде қазақтың мінезі көрінеді.

Тегтер: