17 Мамыр 16:17
...

Eurovision байқауы қазаққа қажет пе?

Байқау
Фото: ғаламтордан

Eurovision байқауы биыл да даусыз өткен жоқ. Себебі дәстүрлі жобада ЛГБТ + өкілдеріне басымдық берілгенін батыс ақпарат құралдары да жарыса жазды.

Швецияның Мальме қаласында дәстүрлі түрде өткен ән конкурсында кристалды микрофонды алуға 36 мемлекеттен қатысушылар таласты. Нәтижесінде екілік емес болу тәжірибесі туралы айтатын Немо атымен таныс швейцариялық әнші «The Code» әні арқылы жеңіс тұғырынан көрінді.

Белдемше киген рэпер 591 балл дауыс жинағап, қарсыластарын басып озды. Осылайша ол байқаудың бұған дейінгі тарихында Швейцарияның үшінші рет жұлдызын жаққан қатысушы болды. Бұған дейін бұл елден 1956 жылы Лиз Ассиа және 1988 жылы Селин Дион жеңіске жеткен еді.

Ал екінші орынды Хорватия иеленсе, үшінші орынды украиналық Alyona Alyonа & Jerry Heil дуэті қанжылады.

Жеңімпаз әнінде бұған дейінгі қатысушылардай адалдықты, мейірімділікті немесе әлем елдеріне ауадай қажет береке-бірлікке жұмылуды емес, өзін белгілі бір жыныс ретінде анықталмағанын түсінуден бастаған саяхатын сипаттайды. Мәселен, ол бұған дейін «өзін ер адам немесе әйел сияқты сезінбегенін, соның салдарынан бірнеше кодты бұзуға тура келгенін» айтқан.

ЛГБТ + өкілдерінің атынан қатысқан өзге әншілер де «еркіндікті» насихаттайды. Мәселен, ән додасында өнер көрсеткен Британдық Олли Александр ЛГБТ+ өкілдерінің ашық қорғаушысы ретінде танымал. Ол өзін: гей, квир және бинарлы емес ретінде есептейді.

Айтпақшы, биыл 2014 жылы өткен дәстүрлі шараның мүсіншесін иеленген «сақалды сұлу» Кончита Вурст та Abba трибьютын шырқап, қатысушыларды қолдаған.

Вурст
ғаламтордан

Иә, Қазақстаннан Eurovision байқауына қатысу-қатыспау өзі ішімізде де аз талқыланып келе жатқан жоқ. Бірақ өнерге таласы бар бүлдіршіндер бағын сынап үлгерді.

Мысалы, 2019 жылы Ержан Максим, ал 2020 жылы Қарақат Башанова Junior Eurovision байқауында жүлделі орындарды еншілегені белгілі. Қос талантты байрақты бәсекеге баулыған белгілі композитор Хамит Шаңғалиев «Балалар Еуровидениесі» байқауы бүліне қоймағанын, ал ересектер қатысатынға елімізден ешкімнің жоламай-ақ қойғанын жөн көретінін жеткізді.

Шаңғалиев
ғаламтордан

– Түркия ислам елі болғандықтан, Eurovision байқауына қатысудан мүлде бас тартқан. Біз де осы қағиданы ұстасақ дұрыс болады-ау. Себебі, оларда құндылық басқа. Мен оны барғанда өз көзіммен көрдім. Анығын айтар болсам, байқауда Еуропа айтар әнге көп көңіл бөлмейді. Біріншіден, елдің статусына қарайды. Сосын қалтаңнан қанша қаражат жұмсағаныңды ескереді. Сондай ақ олар дәстүрлі емес бағытты қолдайтын ерекше кейіпкерлерді іздейді. Анығын айтқанда, астарында үлкен саясат жатыр. Ластанып кеткен конкурс. Біздің менталитетке сай келмейді», – деді.

Композитор ұйымдастырушылардың мұндай қағиданы ұстанатындарын телевизиялық шоу болғандығымен байланыстырады. Сондықтан «жастарымыз тәрбиемізге тұрпайы келетін мұндай байқаудан аулақ жүргені абзал» деп түйіндейді.

Айта кетейік, швейцариялық әртіс жеңімпазға тиесілі трофейді алғаннан кейін оны абайсызда сындырып алды. Жүлдені жерге қойған бетте, екіге бөлініп қалды. Мұны желідегі жұрт түрлі ырымға жоруда.