Ермек Тұрсынов Ақан Сатаевты сыбап салды

Nege.kz тілшісі «Қазақфильм» төңірегінде болып жатқан абың-күбің әңгімеге қатысты осы сала мамандарына хабарласып, пікірін сұрады.
Өткенде ғана ҚР Президенті Қ.Тоқаев елімізде біраз тарихи дүниенің түсірілгенін айта келе, бірақ мұның әлі де жеткіліксіз екеніне басымдық берді. «Қазақ тілінің мәртебесін арттыру жолында кинематографияның да алар орны ерекше. Бізге тарихи оқиғаларды дәріптейтін, қазіргі қоғамды да бейнелейтін сапалы дүниелер керек.
Қырғыз киногерлері «Құрманжан датқа» деген мәнді, мағыналы, көз қуантып, көңіл толатын фильм түсірді. Соған бар-жоғы 1,5 миллион доллар жұмсаған. Ал біздің кинематографистер бұдан әлдеқайда көп сұрайды. Ал түсірген дүниелерінің сапасы әрдайым көңілден шыға бермейді. Өкінішке қарай, бүгінде біздің киногерлер де ауызбіршілік таныта алмай отыр. Бұл – шығармашылықты тұралататын жағдай», – деген Президент.
Шынтуайтында, жағдай солай. Біздікілер түсірмей жатып, «жұтып қоюға» дайын. Тарихи фильм түсіруді қолға алғандардың басы сотталып та жатыр. Күні кеше «Қазақфильм» АҚ-ның 75 бөлімнен тұратын «Қасым хан» киножобасы филиалының директоры К.С.Ахметовтың 30 миллион теңгеге жуық қаражат жымқырғаны дәлелденді. Сот айыпталушыларды Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігі 1,2-тармақтары бойынша кінәлі деп танып, «Қасым хан» киножобасының бұрынғы директорын екі жылға бас бостандығынан айыру, ал іске қатысы бар екі қызметкерге үш жылға дейінгі мерзімде бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Ермек Тұрсынов, режиссер:
Қызғанып қалдым, әйелдерінің бәрі сценарий жазғыш екен...
– Өткенде Президент тарихи фильмдер төңірегінде дұрыс әңгіме айтты. Бұл біздің еліміз үшін, жас ұрпақ үшін керек. Өздеріңізге белгілі, соңғы жылдары кино саласы айналасында көптеген қылмыстық іс қозғалды. Одан бұрын Кино орталығына қатысты Гүлнәр Сәрсенова да біраз дауға қалды. Бұл орталықтың да жемқорлықтың ордасына айналғанын естідік. Мұның бәрін Мәдениет және спорт министрлігі біле тұра ешқандай қорытынды шығармаса, бұл жағдай өзгермейді. Президент айтудай-ақ айтты, бірақ жағымсыз оқиғалар болып жатса, қандай тұшымды кино өмірге келеді? Бұл жағдайды бұрыннан бері айтып келемін.
Жақында Ұлттық кеңестен де бас тарттым. Осы кеңестің алғашқы отырысында дәл осы жемқорлық мәселесін көтердім. Мені ешкім тыңдаған жоқ. Қаншама рет билікте отырған лауазымды тұлғаларға да жеткіздім. Міне, бір жыл ішінде қылмыстық іс қозғалуда. Мен мұны әу баста білгем. Сондықтан да ұлттық кеңестен кетіп қалдым. Бәрібір тыңдап жатқан құлақ жоқ.
Тағы бір айта кетерлік жайт – бізде Ақан Сатаевтан басқа режиссер қалмаған ба? «Жау жүрек мың баланы», «Томиристі» түсірді. Мәселен, бұл фильмдер менің көңілімнен шыққан жоқ. Ешқандай көркемдік ізденіс көрмедім. Мұндай киноны 20-30 жыл бұрын көріп қойғам. Голливудтағы режиссерлер баяғыда түсіріп тастаған. Яғни, бұл екі фильмінде батыстың киноларына еліктеушілік қана бар. Сонда Ақанның көрермені екінші сұрыптағы адам болып есептеле ме, білмеймін. Көрерменді сыйлау керек емес пе? Қомақты бюджет қаржысы жұмсалған соң «Осы жолы жақсы кино түсірілетін шығар» деп күтеміз. Ал оған әлгіндей түкке тұрмайтын фильмді түсіреді. Бұл кімге керек? Осындай тақырыпты неге басқа режиссерлер ұсынбайды?
Ақанның өнерін, не істеп жүргенін көріп жүрміз. Киногер ретінде, Киногерлер одағының бірінші басшысы ретінде билікке осы сұрақты қояр едім. Бізде режиссерлер жоқ па? Бәріміз бір Ақан Сатаевқа қарап қалдық па?
Ақан «Қазақфильм» басшысы болып келді. Бір жағынан өзі басшы бола тұра бюджеті көп киноны өзі түсіргісі келгені ұят тірлік. Ол менеджер бола ма, режиссер ме? «Қазақфильмге» президент болып келдің екен, онда сол мекеменің жағдайын түземейсің бе? Ал режиссер болғың келсе, мына жұмысыңды тастап, тек қана өнермен, шығармашылықпен айналыс! Сатаев бюджеті миллиардтаған фильмдерді неге өзі түсіргісі келеді? Қалған режиссерлерді неге ойламайды? Оның істеп жүрген дүниелерінен ешқандай жаңалық күтпеймін. Қазақстанда кино түсіріп жүрген жалғыз Ақан Сатаев емес! Айсұлтан Сейітов, Жанат Алшанова деген дарынды жас режиссерлер бар. Осындай талантты жаңа есімдердің шығуына, көтерілуіне көмектесу керек.
Бір қызығы, Ақан Сатаев кез келген тақырыпта кино түсіреді. Рэкет жайында «Рэкетир» түсіреді, экшн жанрында «Заблудившийсясы» бар, Елбасы туралы фильмі бір бөлек, блокбастер де түсіреді. Ол түсірмеген не қалды?
Режиссер нағыз өнер адамы болса, оның ерекше сүйетін жанры, қолтаңбасы қалыптасады. Мұндай режиссер жанрды көп ауыстырмайды. Бізде жылына бір-екі фильм түсіретін Ақан ғана. Басқа ондай режиссер жоқ. Ал одан еліміздің өнеріне не пайда? Алып жатқан сыйлығы бар ма? «Оскарға» қатысып, топ жарып жатыр ма? Оны қолдап отырған Мәдениет және спорт министрлігі неге осы мәселеге баса мән бермейді? Бұл дұрыс емес.
Бір жағынан менде қызғаныш та бар, оның әйелдерінің бәрі өте дарынды екен. Бұрынғы әйелі де, қазіргі әйелі де сценарий жазғыш. Кино саласында жүрген бізге ондай бақыт бұйырмапты. Сценарий жазу әркімнің қолынан келе беретін іс емес. Бұл өте күрделі, қиын жұмыс. Қарымды жазушының да сценарий жазуы екіталай. Бұған үлкен тәжірибе, дайындық керек. Киноның табиғатын сезіне алу керек. Осыны көре тұра биліктегілер неге үндемейді?
Талғат Теменов, режиссер:
Коронавирус сияқты жемқорлық та бұл саланы жайлап алды
– Мына коронавирус сияқты дәл қазір жемқорлық та барлық саланы жайлап алды. Соның ішінде «Қазақфильм» АҚ да бар. «Қазақфильм» – руханияттың, мәдениеттің, тазалықтың, сұлулықтың, адамгершіліктің, адалдықтың мекені деп ойлаушы едім. Сөйтсем, қателесіппін. Бұл індет бұл мекемеге де жеткен екен.
Елордада болғаннан кейін «Қазақфильмге» жолым сирек түсетіндіктен көп нәрседен хабарсызбын. Бірақ ақпарат құралдары арқылы оқып, жағамды ұстаймын. Қазақта «Ет сасыса, тұз себер, тұз сасыса не себер?» деген сөз бар. Егер руханияттың, тазалықтың, мәдениеттің алаңы осылай сасып жатса, жағдай өте қиын. Бізде тазалық алаңы қалмады. Басқа-басқа мәдениет, руханият таза болмаса, тіпті тазалықтың мінбері таза болмаса, онда өнер де таза болмайды. Ал өнер таза болмаса, көрерменнің жан жүрегі қара күйеге шалынады.
Барлық фильмді түсіру мүмкіндігін неге бір режиссерге ғана беретінін де түсінбеймін. Бір сөзбен айтқанда, бұған «Апам да аң-таң, мен де аң-таңмын».