23 Сәуір 19:47
...

Эмбриолог: Бекболат Тілеухан көп нәрсені білмейді

Фото:

Жуырда Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан  Үкіметке Қазақстан бойынша аталық және аналық ұрықтың бірыңғай базасын құруды және бір реттен артық донор болуға тыйым салуды ұсынып, депутаттық сауал жолдады.

Бұл қаншалықты қисынды? Nege.kz тілшісі «Экомед» клиникасының директоры, эмбриолог Марат Қалдыбайұлымен әңгімелесті.

– Заң бойынша 35 жасқа дейінгі ер адам анонимді түрде ұрық доноры бола алады екен. Оларға қандай талап қойылады?

– Бұл сұрақтың жауабы Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы бұйрығында бар. Бұйрықтың 3-бөлімде донорлық ұрық туралы толық ақпарат берілген. Шәуетті тапсыру алдында 3-5 күндей жыныстық қатынасқа түспеу керек. Ұрықты стирильдi, алдын ала таңбаланған арнайы ыдысқа жинайды. Мұндай рәсiм бөлек есіктен кіретін, тиiстi интерьерi, жуынатын орны мен санитарлық желiлерi бар арнаулы бөлмеде жүргiзiледi. АҚТҚ-ға, мерез бен В және С гепатитке арналған талдаулардың қайталанған терiс нәтижелерi алғаннан кейiн (шәует тапсырылғаннан кейiн 6 ай өткен соң) тек тоңазытылған/ерiтiлген донорлық шәуеттi қолдануға рұқсат етiледi.

Ұрық донорларына қойылатын талаптар:

  • жасы 18-ден 35-ке дейiн;
  • бойы 170 сантиметрден жоғары;
  • соматикалық денсаулығы;
  • тұқым қуалайтын және туа біткен аурулар болмауы керек.

Биоматериалға қойылатын талаптар:

  • эякуляттың көлемi 1 мл-дан аса;
  • 1 мл эякуляттағы шәуеттердiң концентрациясы 60 миллиондан артық;
  • үдеген-қозғалтқыш нысандардың (А+В) үлесi 60% артық;
  • морфологиялық-қалыпты нысанның үлесi 60% артық;
  • криотолеранттық;
  • айғақтары бойынша – жыныс жасушаралының (сперматозоид) үстіңгі жағының иммуннокомпетентті денесін (МАР) айқындайтын тест.

Шәуеттің расталған зерттемесін алу үшін мына талаптарды орындау керек:

  • Шәует тапсырар алдында үш күн бойы жыныстық қарым-қатынастан тартыну.
  • Моншаға баруға болмайды. Себебі – ыстық температура шәуеттің сапасына кері әсер етеді.

Анализ тапсырардың алдында алкогольдік ішімдік ішуге, ащы және майлы тамақ жеуге болмайды.

«Жеті атаға дейін қыз алыспаған халықпыз»

– Ер адамдарға аталық ұрығын тапсыруға шектеу бар ма? Егер барлық талаптарға сай келсе, бір ер адам қанша рет донор бола алады?

– Бұйрық бойынша, бір донордан тек 10 бала ғана дүниеге келе алады.

– Бәрі анонимді түрде жүргізілетіні белгілі ғой. Десе де, анкетада ер адамдар туралы қандай мәліметтер жазылады?

– Қараңыз, анкетада жинақтаған барлық ақпарат толығымен беріледі. Мысалы, шашының түсі, формасы, бойы, салмағы, руы, жүзі, қандай мамандық иесі, қандай оқу орнында оқыған деген сияқты ақпараттар қамтылады. Тіпті жазуы, құлағының, мұрнының пішіні сияқты мәліметті де соңғы кезде жинақтап жатырмыз. Сонымен қатар, донорлармен сөйлескен кезде оларға ақпаратты барынша шынайы түрде беруін ескертеміз. Өйткені пациенттер донордың руы мен жүзіне қарайды.

Арнайы бағдарламаға қатысып жүрген кезде де айтқанмын, егер донор өзі туралы жалған ақпарат берсе, не болмақ? Осыны біз донорға толығымен түсіндіреміз. Ертеңгі күні қан араласу мәселесі болмас үшін, руы мен жүзін жасырмай айтуы маңызды. Жеті атаға дейін қыз алыспаған халықпыз. Сол жағын барынша ескереміз.

 Депутат Бекболат Тілеухан Қазақстан бойынша аталық және аналық ұрықтың жалғыз бір базасын құруды ұсынды.  «Донорлар да тек сол орталыққа тапсырып, барлығы тек сол орталықтан ғана алып отыруы қажет» деді. Бұдан бөлек, депутат бір реттен артық донор болуға рұқсат етпеу керек деп санайды. Бұған не дейсіз?

– Мұны толық құптаймын деп айта алмаймын. Өйткені бірыңғай базаны құру оңай нәрсе емес. Қазіргі кезде бірыңғай база өздігінен жұмыс істейді. Біз арнайы орталықтармен бірігіп, олардың да базасын пайдаланамыз. Яғни, біздің донорлар орталықтардан арнайы код арқылы өткен кезде оларды өздерінің базасына енгізеді. Одан кейін ол донор басқа орталыққа барса, тура сол кодпен түскен кезде, арнайы орталықтан сол жерге мәлімет түсіп, оның басқа жерде донор болғанын хабарлайды. Осылай тосқауыл қойылады.

30 мың теңге үшін басқа қалаға донор үш күн сайын ұшып барып ұрығын тапсырады дегенге сенбеймін. Бұл тиімсіз. Қалтасы көтерген жағдайда да ол арнайы орталықтардың базасында есепте тұрады. Өйткені Республика бойынша бір ғана база бар.

Бұл жерде ерекше айта кететін мәселе бар, көпшілік бізді тек донорлардың ұрығын пайдаланады деп ойлауы мүмкін. Жоқ, біз мүмкіндігінше әркімге өз күйеуінің ұрығын қолдануға тырысамыз. Қазір оның өзіндік арнайы технологиясы бар. Ол технологияның барлығы өз жұбайының ұрығын пайдалануға мүмкіндік береді. Оның көмегі болмаған жағдайда ғана донордың көмегіне жүгінеді. Сонымен қатар, ол жерде тек бір донорды ғана қайта-қайта қолдана бермейді. Әрине, донор табу оңай тірлік емес. Бірақ, оны депутат айтқандай бір рет қана пайдалануға мүмкіндік жоқ.

«Тексіз балалар заңсыз некеден туады»

– Яғни, бұл процесс оңай емес қой?

– Енді қараңыз, бір донорға қаншама тексеруден өту керек. Ол жерге келетіндер көп. Бір орталық бір донорды табу үшін 100 еркекті тексереді. 100 еркектің ішінде 1-еуі ғана жарамды болуы мүмкін. Ойлап көріңіз, 100-200 донорды табу үшін қаншама қаражат керек? Ол қаражаттың барлығы бөлінгеннен кейін, соңында шыққан бір донордың ұрығының құны қанша? Жарнамаға, 100 шақты еркекті тауып, оларды тексеруден өткізуге кеткен шығындарды есептемегенде, тек бір ғана донордың сыйақысын, тексеруін, ұрықты қатыруын, оны 6 ай карантинде ұстап қадағалауын есептегенде, шамамен 700-800 мың теңгедей қаражат кетеді. Енді өзіңіз ойлаңыз, 700-800 мың теңге жұмсалғаннан кейін соны бір ғана адамға пайдаланып, бір ғана бала тууға жіберсе, ол донорлық ұрықтың құны қанша болады?

Жуырда бір телевизиялық бағдарламаға қатысқанымда, депутат: «Болашақ ұрпақтың денсаулығы үшін мемлекет ешқандай ақшаны аямайды», – деді. Егер де, шынымен, аямайтын болса, депутаттарға тікелей ұсынысым бар: сондай орталықты жасап, барлық талаптарға сәйкес келетін донорларды тауып, сол орталыққа оларды жинап, әрбіреуінің ұрығын тек бір ғана адамға беріп отырса, біз сатып алатын едік.

Сатып алмаймыз деп айтпаймын. Болмаса, сол емделушілерді жіберіп, өздері тікелей сол орталықтан сатып алып берсін. Барлық мәселені өз көзімен көрсін деген ұсыныс бар. Сонда ғана олар бір донордың ұрығын бір ғана пациентке қолдану мүмкін емес екенін байқайды.

Егер де мемлекет сол салаға өзінің қаражатын бөліп, шығындардың барлығын жабатын болса, мен қарсы емеспін. Бірақ, менің ойымша, біздің мемлекетте қаражатты қажет ететін басқа қаншама мәселе бар. Ұлт саулығын донорлық сақтамайды. Ұлт саулығы басқада. Оның орнына генетикалық диагностиканы дамытсын, болашақ жастардың білімін арттырсын. Денсаулық сақтау министрлігі ем алуды елге қолжетімді етсін. Ұлт денсаулығы сол кезде сақталады.

– Қан тазалығын қайтеміз сонда?

– Депутат бір донордан туған балалар кейін бір-бірімен үйленіп, қазақтың қан тазалығын бұзады деп ойлайды. Ондай жолмен туған балалар бірін-бірі танымайды. Енді қараңыз, қазіргі бұйрық бойынша бір донордан 10 баладан артық бала туылмайды. Мен осы орталықта 13 жылдан бері жұмыс істеймін. 13 жылда көргенім бойынша, бір донордан 10 емес, ары кетсе 5-6 бала туылады. Ол балалардың барлығы бір уақытта туылмайды. Бұл балалар 5-6 жылдың көлемінде туылады.

Одан кейін, ол балалардың барлығы бір қалада өседі деп ойламаймын. Олар бір-бірімен танысатындай емес. Бір қалада туылғанымен, балалар басқа қалада оқиды. Тіпті, үшінші бір қалада жұмыс істейді. Басқа мемлекетке кететіндері қаншама? Енді генетикалық тұрғыдан қарастыратын болсаңыз, генетикада осы мәселеге қатысты арнайы заң бар. Оны негізін қалаушының әсері деп атайды (Эффект основателя).

Ол заң бойынша, қан тазалығына қатысты жалпы популяцияда  белгілі бір аллелдердің (аллелдер дегеніміз – бір геннің екі түрлі болмысы) бұзылмауын қарастыратын ереже бойынша 800 мың халыққа 25 бала бір донордан туылатын болса, аллелдердің тарауы сол популяцияда бұзылмайды деп есептеледі. АҚШ-та донорлық ұрық бойынша осы ережені пайдаланады. Яғни, 800 мың халық санына 25 бала туылуын есептейді. Соны біз Қазақстан көлемінде қарастыратын болсақ, 18 млн халыққа бір донордан 200 балаға дейін тудыруға мүмкіндік бар. Бірақ, біз сияқты орталықтардың біреуінде де ондай есептегі баланы туғызбайды.

Өзіңіз ойлап қараңыз, 18 млн халыққа бір донордан 5-6 бала тудыртса, оның қаншамасы ер жетеді, оның қаншамасы Қазақстанда қалады? Және де олардың бір-бірімен кездесу мүмкіндігі қаншалықты? 

Ондай балалардың кездесу көрсеткіші өте төмен деңгейде. Өте сирек кездесетін жағдай болуы мүмкін. Бұл мәселе қайта ер адамдардың табиғи жолмен туылған балаларының арасында жиі кезедеседі. Ер адам өзінің заңды некедегі әйелі емес, басқа әйелдерден тудырған балаларын есептегенде, бірталай еркектің арасында өзінің басқа әйелдерде баласы бар екенін білмейтіндері де кездеседі. Олар болашақта кіммен қосылып жатыр, кіммен отбасы құрып жатыр? Оны бақылап жатқан ешкім жоқ. Бәрінің ойы – тексіз бала ЭКО жағдайында ғана дүниеге келеді деп ойлайды.

«Бекболат Тілеуханның 3-4 әйелі, 15 баласы бар дейді...» 

– Яғни донорлыққа шектеу қою мүмкін емес қой?

– Шындығына келер болсақ, ұрық донорлығына шектеу қойылу қажет болса, онда сол мәселеге де шектеу қою керек. Бекболат Тілеуханның өзінің де, менің естуім бойынша, 3-4 әйелі, 15 баласы бар дейді. Болашақта ол балалар кіммен кездеседі оны бір құдай біледі. Сондай мәселелерге де шектеу қою керек деп есептеймін.

Бізде ұрық донорын қажет ететін адамдар жоқ емес. Абсолютті бедеулікке ұшыраған адамдар бар. Ондай адамдарға ұрық тапшылығын жасанды түрде жасайтын болсақ, әрбір донордың ұрығын тек 1-2 адамға ғана қолданатын болсақ, донор ұрығының тапшылығын қолдан жасаймыз. Ондай адамдар не істемек? 5-10 жылдап күтіп отырмайды ғой. Олар көрші мемлекеттерге барып ұрық салдырады. Сонда, біреуі – қырғыздың ұрығын, біреуі – өзбектің ұрығын, енді біреуі қытайдың ұрығын салдырады. Сол кезде қазақтың қан тазалығы қайда қалмақ?

Ер адамдардың тобында абсолютті бедеулік 5% екен. Ондай бедеуліктің емделетін түрлері де бар. Олар жартысына тең, яғни 2,5%. Сол 2,5% еркектің қайсысы менің әйеліме донорлық ұрық қажет деп айтады? Ондай шешім қабылдау оңай емес. Ол барлық еркектің қолынан келе бермейді. Мұндай жағдайда  еркек ағасының немесе інісінің ұрығын қолдану туралы ұсыныс айтады. Ол жерде донор туысы болғандықтан, ол персоналды донор болып есептеледі. Олар да тура сондай тексеруден өтеді. Бірақ оның ұрығы тікелей туысынан қолданылады. Сонда қалған кішігірім бөлігі ғана анонимді донорлық ұрыққа жүгінеді. Ал депутат түймедей мәселені, түйедей етіп көрсетіп жатыр.

Б.Тілеухан

Осыдан 2-3 ай бұрын Бекболат Тілеухан мырзамен бірге бағдарламаға қатыстым. Сонда ол кісіден тілшілер сұхбат алды, журналистер ойына осы мәселені салғаннан кейін мұны дұрыс түсінбей, түбіне жетпей, осындай шешім қабылдап, Үкіметке сауал жолдады деп ойлаймын. Бұл жерде шу көтеретіндей мәселе жоқ. Егер сондай мәселе болса, біз ол кісіден бұрын дабыл қағатын едік.

Тегтер: