27 Шілде 13:55
...

Электронды сауда 2022: пандемиядан кейінгі серпінді сақтап қала аламыз ба?

Фото:

2020 жылдан бастап әлемде онлайн сауданың жалпы бөлшек саудадағы үлесі 18 пайызға жеткен. Ал 2024 жылы осы көрсеткіш 21,8% межесін бағындырады деп күтілуде. Қазақстан жаһандық процесстер тізбегінде болғандықтан, пандемия кезінде және одан кейінгі уақытта да e-commerce нарығының күрт дамуын бастан кешіруде.

2021 жылдың қортындысы бойынша Қазақстандағы электронды коммерция көлемі 1 триллион теңгеге жеткен. Ал транзакциялар саны 45 пайызға өсіп көрсетті. Бұл нәтиже 2020 жылдан 75 пайызға көп. Ал 2019 жылмен салыстырсақ 3 есеге өскенін байқаймыз.

Оның алғышарты неде болды. Қазіргі әлемде мемлекеттердің өзара интеграциясы қоғам өмірінің кез-келген саласымен тығыз араласып кеткен, деп жазады, strategy2050.kz. Ол мемлекеттің ішкі әлеуметтік-экономикалық, технологиялық дамуы және алыс-жақын елдермен сауда, инфрақұрылым және инновация салаларындағы қарым-қатынасының беріктігімен де байланысты. Соңғы онжылдықтардағы цифрлық дамудың ықпалымен «білім экономикасы» деп аталатын экономикалық қатынастардың жаңа парадигмасы қалыптасып, коммерция мен жалпы кәсіпкерліктің интернетке қарай көшуі көзге үйреншікті жағдайға айналды. Электронды сайттар, мессенджерлер мен әлеуметтік желілерді қолдана отырып халықтың күнделікті тұтынатын тауарын сату, оның соңғы жылдардағы әлем бойынша көрсеткіші ұлғайғанын байқаймыз. «Білім экономикасының» басты айырмашылығы да сол – бұл бизнесті электронды қалыпқа көшірудің жаңа мүмкіндіктері және әлемдік экономиканың шаруашылық субъектілері арасындағы ақпарат алмасу, оны өңдеу мен ұсынудың тың тәсілдерінің пайда болуы. Осының барлығы экономикалық, саяси және әлеуметтік-мәдени қатынастардың дамуына, тіпті жаһандануына катализатор ретінде ықпал етеді.

«E-commerce» халықаралық сауданы дамыту, оны қамтамасыз етуде жаңа, бірақ тез дамып келе жатқан саланың біріне жатады. Ғылым мен практикада кеңінен таралған шетелдік «электронды коммерция», ағылшынша нұсқадағы «e-commerce», «e-trading» терминдері қазақшаға аударғанда электронды түрде жүргізілетін сауда мағынасын береді.

Нақтырақ айтқанда «электронды сауда» сөзі:

- ақпаратты, өнімдерді немесе қызметтерді электронды жолмен беру/алу;

- қызметтерді электронды жолмен ұсынуды (өндіру) білдіреді.

Электронды сауда соңғы 15 жылда жақсы дамып келеді. Электронды қол қою, электронды құжаттарды, тауарлар мен қызметтерді берудің тиісті әдістерін қолдана отырып, құқықтық негіз ретінде ұлттық заңдар мен халықаралық келісімдер күшіне енді. "E-commerce"-ті құқықтық қамтамасыз ету бойынша жұмысты БҰҰ Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясы (ЮНСИТРАЛ) атқарады. «E-commerce» – бұл ДСҰ қызметіндегі жаңа бағыт болып саналады. 1998 жылдың мамыр айында министрлер конференциясы (Женева) жаһандық электрондық коммерция туралы Декларация қабылдады. Ол ДСҰ Бас кеңесіне жаһандық электрондық коммерцияның барлық сауда аспектілерін зерттеу үшін арнайы бағдарлама құруды ұсынды. ДСҰ «E-commerce»-ті дамытуға қажетті бағдарлама және аппараттардың импортына баж салығын салмау туралы шешім қабылдады. ДСҰ аясында «E-commerce»-тің салық салу, зияткерлік меншік құқығын қорғау, электрондық құжаттардың құқықтық мәртебесі, түпнұсқаның электрондық құжат көшірмесінен айырмашылығы және басқа да бірқатар мәселелері қаралады. 

Электронды сауда немесе электронды коммерция дегеніміз ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жедел дамып жатқан кезеңде тауарлар мен қызметтерді интернет арқылы сату процесін немесе кейбір бизнес-процестерді автоматтандыруды ғана емес, сондай-ақ өзін-өзі ұйымдастыру, бақылау сияқты әртүрлі операцияларды оңтайландыру жағын да қамтиды. Мәселен Google корпорациясы мен Яндекс интернетте ақпаратты іздеудің бірегей алгоритмдерінің арқасында қарқынды дамып келе жатыр. Олардың негізгі табыс көздерінің бірі – пайдаланушының сұранысына сәйкес іздеу индексіне жарнаманы шығару, яғни Google Adwords және Яндекс.Директ қызметтері. Жарнама саласының заманауи даму тенденциялары "жарнама" электронды бизнес саласына көбірек енетінін, интернетте көптеген сайттар мен жарнаманың барлық түрлері құрылғанын көрсетеді. Ішіндегі негізгісі, әрине, іздеу жүйелеріндегі пайдаланушының тиісті сұранысына жауап беретін жарнама. Ол жарнама мақсатты түрде жарияланып, оған қызығушылығы бар нақты пайдаланушылар тобына арналған. Теледидардағы жарнама клиенттердің кең ауқымын қамтығанымен, белгілі бір өнімді немесе қызметті нақты бір адресатқа жеткізе алмауы да ықтимал. Жалпы алғанда электрондық коммерцияның қарқынды дамуына ақпарат пен жарнаманың, әлеуметтік желілердің таралуы тікелей әсер етіп отыр.

Дүниежүзілік ауқымда қарайтын болсақ, интернет желісіндегі аударымдар мен төлемдер жылдан жылға қарқын алып келеді.

2020 жылы әлемдегі электрондық сауданың көлемі 4,3 трлн АҚШ долларына жеткен екен. Бұл көрсеткіш оның алдындағы жылға қарағанда 27,6%-ға артық (3,4 трлн. АҚШ доллары). Сонымен қатар, бөлшек сауданың жалпы сомасындағы электрондық сауданың үлесі де өсіп жатыр: 2020 жылы ол көрсеткіш 18%-ға жетті (2019 жылы — 13,6% болған). Emarketer компаниясының болжамы бойынша, алдағы бірнеше жылда электрондық сауда секторында оң динамика сақталады. Экономист-сарапшылар 2024 жылға қарай сауда сатылымы 6,4 трлн долларға дейін өседі деп болжап отыр. Бұл ретте электрондық сауда бүкіл әлемдегі бөлшек сауданың 21,8%-ын алатын болады. Мемлекеттердің арасында электрондық сауданың анағұрлым дамыған жүйесі Қытайда, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Жапонияда және Оңтүстік Кореяда қалыптасқан.

Қазақстандағы электронды коммерция перспективалары

Орталық Азия өңірі ресурстарға бай болғандықтан нарықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашуға болады. Орталық Азияның ішкі және сыртқы саудасы әсіресе табиғи ресурстарға тәуелді. Оның ішінде энергетика, көлік, телекоммуникация, минералдар, алтын, медицина өнімдері, автобөлшектер, құрал-жабдықтар, мал шаруашылығы, күнделікті сұранысқа ие тауарлар, азық-түлік, бидай ұны, мақта, жібек, былғары және т.б салалардағы халықаралық ынтымақтастық өсуде. Осы орайда трансшекаралық электрондық коммерция халықаралық сауданы дамытудың жаңа механизмі. Статистикаға сәйкес, Қытайдағы трансшекаралық электрондық коммерция нарығының көлемі 2020 жылы 12,5 трлн юанға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 19,04%-ға өсті. 2021 жылы электронды нарық көлемі 14,6 триллион юаньға жетеді деп күтілуде. Орталық Азиядағы трансшекаралық электрондық коммерция бизнесі қазіргі уақытта күшті әлеуетке ие деп айтуға болады. Covid-19 пандемиясы басталғалы бері дамыған және дамушы мемлекеттердің цифрландырылуы мен электронды коммерциясы жаңа сынақтардан өтіп жатыр.

Қазақстанда электрондық сауда нарығы қарқынды кеңейіп келеді. Электрондық сауда өзінің қолайлылығы, жылдамдығы және жаңашылдығымен халық арасында жиі қолданылып жүр. Соңғы үш жылда бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі e-commerce үлесі айтарлықтай өсті, ал COVID-19 пандемиясы осы процесті одан сайын тездетті. Мәселен, 2018-2019 жылдары электрондық сауданың үлесі 2,9% және 3,8% болса, 2020 жылы ол 3 есе өсіп, 9,7%-ға жетті.

Қатаң карантин уақытында әлеуметтік қашықтықты сақтау, локдаун және басқа да шектеу шаралары тауарларды онлайн сатып алуға, жеткізу қызметін жетілдіруге, сондай-ақ цифрлық байланыс құралдарын пайдалану мен қашықтықтан тапсырыс беру көлемі өсті. Қазақстандағы электрондық сауда ішкі және сыртқы сауданың, қолма-қол ақшасыз төлемнің дамуына, бизнес шығындарын қысқартуға және көлеңкелі айналымды азайтуға айтарлықтай ықпал етті. 2020 жылы қолма-қол ақшасыз төлемдер 2,4 есе артып, 35,3 трлн теңгеге дейін жетті. 2021 жылдың екі айында қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі өткен жылдың сол кезеңімен салыстырғанда 2 еседен аса көбейіп, 7,8 трлн теңге болған. Бұл ретте интернет және ұялы телефон арқылы жүргізілген онлайн-төлемдердің үлесі жалпы көлемнің 82% -ын құрап отыр.

Халықаралық төлем жүйелеріне назар аударатын болсақ, барлық қолма-қол ақшасыз транзакциялардың 99,1%-ы MasterCard Worldwide және VISA International-ға тиесілі екен. Электрондық сауда көлемінің үлкен өсімі B2C сегментінде (business-to-consumers, тұтыну нарығы), сондай-ақ B2B сегментінде (business-to-business, корпоративтік нарық) де байқалады. Сауда қарқыны POS-терминалдарының инфрақұрылымын ретке келтіру, Apple Pay және Samsung Pay-дің Қазақстан нарығына шығуы, банктердің клиенттерді бонус және кешбэк арқылы ынталандыруы, сондай-ақ қоғамдық көліктің барлық түрінде электронды төлемнің көбеюінен кейін артып отыр. Қазір елімізде тауарлар мен қызметтерді карточка, ұялы телефон, QR код арқылы төлеуге болатын 108 мыңнан астам сауда орындары бар.

ҚР Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтановтың мәлімдеуінше, еліміздегі электронды сауда саласында бірқатар кедергілер мен қиыншылықтар да бар. «Мәселен, көлеңкелі экономиканың жоғары үлесі, банкаралық төлемдер, эквайринг бойынша жоғары комиссия, шағын орта кәсіпорындардың дайын еместігі және тауарларды уақтылы жеткізе алмау сияқты проблемаларды шешу керек. Сонымен қоса электронды сауданың өсу қарқынын қолдау үшін нормативтік және техникалық қамтамасыз етуді одан әрі жетілдіру қажет», - деді министрлік басшысы. Салаға жауапты министр отандық компанияларды Алибаба, Amazon, Яндекс, Озон, Shopify сияқты халықаралық онлайн сауда алаңдарына шығару бойынша келісіп жатқанын айтты. Мысалы, Қытайдағы Alibaba платформасына «Алтын жеткізуші» ретінде 50 компания іріктелген екен. Бұл қытайлық және жаһандық тұтынушыларға қол жеткізуді, маркетингтің ішінде кешенді ілгерлету мүмкіндігін қамтамасыз етпек. 

2021 жылдың шілде айында өткен Astana Finance Forum іс-шарасында ҚР Сауда және интеграция министрлігі сауданы дамытудың ұлттық жобасы бойынша 2025 жылға қарай электрондық сауданың үлесі 15%-ға дейін артатынын айтты. Сауда және интеграция вице-министрі Ә.Жанасова  2021 жылы электрондық сауда үлесін 9,9%-ға дейін жетеді деп болжап отыр. Ол дегеніңіз 1,4 трлн теңге қаражаттың айналымы.

Ал 2025 жылға қарай тағы 15%-ға артса, 3,6 трлн теңгеге жетеді. Қазпоштаның мәліметінше, 2020 жылы онлайн-сауда нарығының көлемі 1,1 трлн теңгеден асып, 2 еседен астам өсті және бөлшек сауда көлемінің 9,7%-на жетті. 2019 жылы бұл көрсеткіш 3,7% болған еді. PwC компаниясының Еуразиядағы өкілінің пікірінше, 2021 жылы электронды сауда өсімі айтарлықтай болғанымен, нарық көлемі 2 есе ұлғаймайды. Жауапты министрлік елімізде электронды коммерция экожүйесін үш құралдың көмегімен дамытқалы отыр. Біріншісі – электронды сауданы ынталандыру және шағын және орта бизнесті жаңа дағдыларға үйрету. Екіншісі – жеткізу қызметі мен логистика сервистерін дамыту, үшіншісі – онлайн трансшекаралық сауданы дамыту саласы болмақ. Шағын және орта бизнесті электронды сауданы жүргізуге қалай үйретеді? Астана халықаралық қаржы орталығы Mastercard және Fintech Hub-пен әріптестікте SmartDuken (ШОБ электронды коммерция мектебі) платформасын іске қосуды жоспарлап отыр. SmartDuken – кәсіпкерлерге өз бизнесін онлайн құруға, дамытуға және кеңейтуге көмектесетін платформа. Ол ШОБ-қа тегін білім беру онлайн-курстарын, вебинарларды, серіктестердің тегін ұсыныстарын (IT-құралдар, CRM, төлем жүйелері, сайт конструкторлары және т.б.) ұсынады, сондай-ақ өз бизнесін онлайн режиміне көшіргісі келетін ШОБ өкілдеріне бизнес-акселерацияны береді. 

Сауданы электронды қылудың техникалық алғышарты жүйенің инфрақұрылымын үнемі жетілдіру, атап айтқанда: есептеу техникасын дамыту,оны әмбебап және өнімді қылу, сымды-сымсыз және аралас технологияларды пайдалану арқылы алысқа ақпарат пен тауарды жылдам жеткізу, атап айтқанда мобильді интернетті, 4G және 5G технологияларын пайдалану үрдісімен байланысты болады. Электронды сауда бүкіл әлемде жедел қарқынмен дамып келеді. Қазақстан да осы процестен тыс қала алмайды. Өйткені шығысымызда электронды саудадағы алпауыттары бар Қытай, цифрлық экономикаға ден қойған Ресей және қарқынды дамып келе жатқан Өзбекстан нарығы бар.  Әлемдік және ұлттық нарықтардың тұрақсыздығы мен құбылмалығы, ғылыми прогресс пен инновациялық технологияларды енгізу, сондай-ақ қоғамды ақпараттандыру мен цифрландыру секторы осы саладағы өсімінің негізгі драйверіне айналады. 

GRDI рейтингі

Электронды коммерцияның дамуы еліміз үшін сауда-саттықты жандыруға барынша мүмкіндік ашып берді. Бірақ сауданың даму деңгейін бағалайтын халықаралық рейтинг - GRDI индексі бойынша 15-ші орындамыз. Ол рейтингті көтеруге болады және оған мемлекет те мүдделі болып отыр.

Екі индустриялық бесжылдықты іске асыру қорытындысы бойынша бүгінгі таңда Қазақстанда өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың оң серпіні қалыптасты. Өндіріс көлемі 2,7 есеге артып, 70 триллион теңге сомасына отандық өнім өндірілді. Өндіріс құрылымында металлургия саласының, тамақ өнімдерінің, машина жасау, химия өнеркәсібінің тауарлары басым.

2020 жылдан бастап индустрияландырудың жаңа бесжылдығын іске асыру басталды, онда басты назар өндіріс көлемін ұлғайтуға және ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие өңделген тауарлар номенклатурасын кеңейтуге бағдарланған өңдеуші сектордың тиімді кәсіпорындарына бағытталған.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тамақ өнімдері мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өнімдерінің өндірісін дамыту көзделген. Өндірістің серпінді дамуымен қатар, мемлекет ішкі және сыртқы нарықтарда өз тауарын тиімді, кепілді, болжамды өткізуді қамтамасыз ету бойынша әрбір өндіруші үшін тең әрі қолайлы жағдайлар жасайды.

2020 жыл жаһандық экономиканың өсуінің баяулаудан басталды, оның жағдайында әлемдік саудада сақталып отырған шиеленіс әлемдік жеткізілімдер мен бүкіл әлемдегі одан арғы экономикалық интеграция үшін кедергі жасайтынын айта кету керек. COVID-19 пандемиясының таралуы көптеген елдерде өндірістің тоқтауына алып келді, әлемнің экономикалық белсенділігінің төмендеуіне, сондай-ақ жеткізілімдер тізбегіне кіретін көптеген компаниялардың өнімділігіне әсер етті. Үкімет қабылдаған шешімдер қалпына келтірудің болашақ нысанын және Қазақстанның сыртқы және ішкі саудасының өсу перспективаларын айқындайды. Қуатты, тұрақты және инклюзивті экономиканы қалпына келтірудің негізі қаланады.

Үкіметтің қазіргі позициясы бойынша, сауда фискалдық және ақша-несие саясатымен бірге маңызды компонент болуы керек. Ашық және болжамды нарықтарды ұстап тұру, сондай-ақ бизнес үшін неғұрлым қолайлы ортаны құруға ықпал ету Қазақстан үшін қажетті жаңа инвестицияларды ынталандыру үшін маңызды болады. Осы жолда үкімет арнайы құжат әзірлеп, өзінің сауда саласы бойынша даму сатысын айқындап алды. Ол құжат «Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары» деп аталады. Жоспарда сауда инфрақұрылымын дамыту, электрондық коммерция арналарын, көрсетілетін сауда қызметтерін кеңейту, тауарлар экспортын ілгерілету және сыртқы сауданы дамыту жөніндегі нақты міндеттер айқындалған.

Мемлекеттің ойы бойынша, бірінші кезекте, тұтынушы үшін оның жоғары сапалы отандық тауар мен көрсетілетін қызметтерді әділ бағамен сатып алу жөніндегі қажеттілігін қанағаттандыратын қолайлы орта қалыптастыру керек. Осыған байланысты, ішкі сауда саясаты қолайлы тұтыну ортасын құру үшін сауданың әртүрлі форматтарын, қазіргі заманғы көтерме буын мен сауда инфрақұрылымын дамытуға бағдарлануға тиіс. Сонымен бірге тұтынушылардың құқықтарын қорғау институтын нығайту бойынша кешенді жұмыс қажет, ол бұзылған тұтынушылардың құқықтарын қалпына келтіруге және оған келтірілген залалдың кедергісіз өтелуін қамтамасыз етуге міндетті.

Отандық өндірісті жедел дамыту өнімді өндірушіден тұтынушыға дейін жеткізу тізбегін оңтайландыруға, тауар шығындарын қысқартуға және ел халқының барлық топтары үшін тауарлардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беретін тиімді тауар өткізетін инфрақұрылым құру есебінен мүмкін болады. Сонымен қатар, тауар өткізетін инфрақұрылым қазақстандық тауарлардың экспортына және шетелдік тауарлардың Қазақстан арқылы транзитіне бағдарлануға тиіс.

Ал тауарлардың бағасын тұрақтандыру, болашақ бағаларды сапалы түрде болжау және оларды сақтандыру мүмкіндіктері, сауданы көлеңкеден шығару мәселелерін шешу, оның ішінде қазіргі уақытта ішкі, сол сияқты сыртқы нарықтарда да қарқынды дамып келе жатқан биржалық сауданы дамыту жөніндегі шаралар шеңберінде шешу жалғасады.

Сонымен қатар, ел ішінде, сол сияқты трансшекаралық тұрғыдан электрондық сауданы дамыту ауқымы қарқынды өсіп келеді. Барлық сәлемдемелерді тұтынушыға дейін үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету үшін қажетті инфрақұрылым құрылуда. Қазақстан үшін сауда жүргізу шарттарының өзгеруіне байланысты әлемдік нарықтағы ағымдағы үрдістерді, қатерлер мен сын-қатерлерді ескере отырып, осы сын-қатерлерге уақтылы ден қою және олардың ел экономикасына әсерін азайту, сондай-ақ экономикалық әріптестер мен әлеуетті бәсекелестердің сауда және өнеркәсіптік жоспарларын ескеру де маңызды.

Түрлі халықаралық ұйымдардың саудаға тигізер әсері қандай?

Ұлттық сыртқы сауда саясаты елдің сыртқы экономикалық байланыстарын жолға қою және нығайту, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде өзара тиімді сауда құру, қазақстандық компаниялардың басым бөлігін сыртқы сауда қызметіне тарту, саудадағы рәсімдерді оңайлату және кедергілерді жою, сондай-ақ Қазақстанға қарсы протекционистік шараларды қолданатын елдерге қатысты жауап шараларын енгізу арқылы елдің экономикалық өсуі мен дамуына жәрдемдесуге бағытталатын болады.

Әлемде болып жатқан саяси және экономикалық өзгерістерге байланысты реформалардың қажеттігіне қарамастан, бүгінгі күні Дүниежүзілік сауда ұйымына еш балама жоқ. Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болуы, ең алдымен, осы ұйымның жұмысына белсенді қатысу арқылы қол жеткізілетін оның сауда-экономикалық мүдделерін қамтамасыз ету үшін бірқатар мүмкіндіктерді көздейді. Осыған байланысты елдің әлемдік нарықта артықшылықтарға ие болуына және ішкі нарықта отандық өндірушілердің мүдделерін қорғауға бағытталған бірқатар шараларды қамтитын халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастыққа еліміздің қатысу стратегиясын әзірлеу қажет. Тұтастай алғанда, қазір мемлекет сыртқы сауда және ішкі бәсекеге қабілеттіліктегі артықшылықтарын біледі. Әрі өткізу нарықтарын саралап отырып, қандай тауарлар мен көрсетілетін қызметтерде ұлттық сауда саясатын жүргізулі ойластырып отыр. Халықаралық нарықтағы өзгеріп отыратын жағдайларды ескере отырып, өңделген тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сыртқы нарықтарға ілгерілету бойынша Ұлттық экспорттық стратегияда ұсынылған тәсілдер мен шаралар өзектілендіріліп, елдің экспорттық әлеуетін толық іске асыру үшін пайдаланылатын болады.

Өңірлік және жергілікті деңгейде мемлекет Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы, «Орталық Азия» сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығы базаларын пайдаланып, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыта бермек.

Қазір саудадағы жағдайымыз нешік?

Сауда жалпы ішкі өнімнің өсуіне жақсы әсер береді. Бастысы ол экономикалық даму драйвері болып табылады. Әлемдік жалпы ішкі өнімдегі сауданың орташа үлесі 58,6 пайызды құраған. Демек байлықтың тең жартысын сауда береді. Бірақ, сауданың Қазақстандағы ішкі жалпы өнімдегі үлесі небары 0,13 пайыз болып отыр. Демек осы көрсеткішті арттыру мемлекет үшін өте маңызды. Мысалы, Америка Құрама Штаттарында бұл үлес 6,6%, ал Қытайда 6%, Германияда 4,1 пайызды құрайды.

Қазақстандық өнім сапалы ма?

Мемлекеттік стратегиялық жоспарында өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етудің маңызды құралы техникалық реттеу, аккредиттеу, сертификаттау, стандарттау және өңделген тауарлардың экспортын ынталандыратын өлшемдердің біркелкілігін қамтамасыз ету, сонымен қатар импортталатын өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету, техникалық кедергілерді азайту, саны мен сапасын ескеру кезінде біркелкі тәсілдерді қолдану екені жазылады. Былайша айтқанда, мемлекет өнімнің дайындалу барысын қатаң қадағаламақ.

Мұндай ортақ нарықтағы бірыңғай талаптардың артықшылықтары практикада бірнеше рет дәлелденген. Өндірушілер үшін артық әкімшілік кедергілер жойылады. Қазіргі заманғы талаптарды қолдану тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады, ал тұтынушылар үшін өнімнің техникалық регламенттерге сәйкес келетін қауіпсіздігіне кепілдік беріледі. Қазір, шынымызды айтқанда, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуде жетекші орындардың бірін сапа иеленіп отыр. Тұтынушы үшін пайда мен тартымдылықты және нарықтағы бәсекелестік мүмкіндіктерді айқындайтын сыныптама, сұрыптылық және басқа да сапалық көрсеткіштер. Мұндай стандарттар өнімнің әрбір түрі үшін кешенді түрде әзірленуге тиіс. Тауар сапасының Қазақстан аумағында қолданылатын нормалар мен стандарттарға сәйкестігін айқындау арқылы жүргізілген сәйкестікті бағалау сапаны арттыруда маңызды рөл атқарады.  «Стандарттау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында халықаралық модель негізінде ұлттық стандарттау жүйесі субъектілерінің құзыреттері мен функцияларының ара жігін нақты ажырататын жаңа ұлттық стандарттау жүйесі айқындалған болатын. Бәсекеге қабілетті отандық өнімнің сапасын арттыру және өндірушілердің экспортқа бағдарлануын қолдау мақсатында экономика салаларының басым бағыттарына сүйене отырып, Ұлттық стандарттау жоспары қалыптаспақ. Енді бұдан былай Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қоры жұмыс істейді. Ол қорда барлық техникалық құжаттар бар.

Стандарттау бойынша жүргізілетін жұмыстар шеңберінде стандарттау жөніндегі халықаралық және өңірлік ұйымдармен, сондай-ақ халықаралық стандарттарды ұлттық стандарттар ретінде қолдану мүмкіндігі мақсатында ISO, IEC, CEN, CENELEC сияқты стандарттау жөніндегі ұлттық органдармен өзара ынтымақтастық туралы 29 лицензиялық келісім мен 16 меморандум жасалды.

Ал қазір елімізде сәйкестікті бағалау саласында аккредиттеу жөніндегі орган - Ұлттық аккредиттеу орталығы жұмыс істейді, ол ILAC MRA-ның сынақтар, калибрлеу және медициналық зертханалар бойынша өзара тануы туралы келісімнің, Өнім және менеджмент жүйесі бойынша IAF MLA келісімінің толық құқықты мүшесі және қол қоюшысы, Халал аккредиттеу жөніндегі халықаралық форумның толық құқықты мүшесі болып табылады. Бұл өз кезегінде Қазақстанда халал сертификаттау жүйесін жедел енгізуге, сондай-ақ отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін және қазақстандық тауарлардың Парсы шығанағы елдері мен IHAF-қа мүше мемлекеттердің нарығына экспортын арттыруға өте жағымды ықпал етті.

Өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін еліміз жыл сайын сынақ базаларын дамытып келеді. Қазіргі уақытта елімізде 875 сынақ зертханасы және 83 сертификаттау органы жұмыс істейді. Кеден одағының сәйкестікті растау жөніндегі органдары мен сынақ зертханаларының бірыңғай тізілімінің, сондай-ақ Сәйкестік сертификаттары мен декларациялардың Кеден Одағына сәйкестігі туралы бірыңғай тізілімнің ұлттық бөліктерін  электрондық нысанда қалыптастыру арқылы ЕАЭО шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыс аса маңызды болып табылады. Осы арқылы Қазақстан одақ ішіндегі тауарлардың еркін саудасына жағымды ықпал етіп отыр.  

Бүгінгі күні өнімнің қауіпсіздігіне қатысты ЕАЭО-ның 48 техникалық регламенті қабылданды. Ал оның ішінде 43 техникалық регламент күшіне енді. Қазақстан тек 4 техникалық регламентті сақтамаған. Олар аттракциондар, шағын көлемді кемелер, автокөлік құралдарының құрамдастары мен темекі өнімдерінің кейбір көрсеткіштері. Ал қалған 39 техникалық регламенттің барлығын Қазақстан сақтайды және ол бойынша өз тауарын еркін сата алады.

Қазақстан және контрафакт. Қалай қорғанамыз?

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының қолданыстағы мемлекеттік бақылау жүйесі сәйкес келмейтін өнімді әкелуге жол бермеу үшін алдын алу шараларын қолдануға мүмкіндік бермейді және қауіпсіз емес және сапасыз өнім айналымына байланысты анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтардың салдарларын жоюға бағытталған. Қазақстан нарығында айналымда болатын, нарықта өнімнің әкелінуі мен айналымын толыққанды қадағалауға мүмкіндік беретін өнімдер туралы бірыңғай интеграцияланған ақпараттық жүйенің болмауынан жағдай күрделене түсуде. Нарықты қорғау бойынша қабылданып жатқан ретсіз шаралар қауіпсіз емес және контрафактілік өнімдердің жолы кесілетініне кепілдік бермейді, кедендік режимде шартты түрде шығаруға жататын тауарлардың кеңейтілген тізбесі тауарды үшінші елдерден сынақтарсыз әкелуге мүмкіндік береді.

Жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты аккредиттеу субъектілері мен мүдделі пайдаланушыларды мемлекеттік эталондар мен өлшеу құралдарының эталондық базасымен қамту, сол сияқты өлшеу дәлдігі түрлерін ұлғайту бөлігінде өндірісті метрологиялық қамтамасыз ету деңгейіне қойылатын талаптар күрт өсті. Кәсіпорындарда шығарылатын өнімнің сапасы өлшеулердің саны мен сапасына байланысты болады, олардың көмегімен өндірістік процестердің технологиялық параметрлері, сол сияқты алынатын бұйымдардың параметрлері, сипаттамалары мен қасиеттері де бақыланып отыр.

Эталондарды жаңарту бізге ауадай қажет. Себебі, эталондарды жаңғырту елімізде өлшеулер деңгейін арттыру жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз етеді, метрологияны сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беріп, Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындарында озық технологияларды енгізу үшін жағдай жасайды.Озық технологиялар өлшеулердің жаңа түрлеріне оқытуды, ал жаппай енгізілген өлшеу құралдарын калибрлеу – жаңа калибрлеуді игеруді талап етеді.

Қазіргі уақытта қазақстандық өнім өндірушілер бүкіл әлем бойынша елдермен сауда қатынастарын жолға қоюда. Оларға өздері өндіретін өнімнің халықаралық стандарттардың барлық талаптарына сай келетінін дәлелдеуге тура келеді. Осыған орай, өлшеу құралдарын тексеруден оларды калибрлеуге көшу кезеңінде өлшеу нәтижелерін халықаралық эталондарға қадағалау мәселелеріне көп көңіл бөлінеді. Бұл қадағалау метрология жөніндегі өңірлік және халықаралық ұйымдар ұйымдастыратын халықаралық салыстыруларға ұлттық метрологиялық институттың қатысуы, салыстыру және олардың белгісіздігін бағалау кезінде өлшеудің нақты нәтижелерін алу жолымен көрсетілуі мүмкін. Сәйкесінше олардың негізінде халықаралық шаралар мен таразылар Бюросының деректер базасында өлшеу және калибрлеу мүмкіндіктері жарияланады. Ұлттық эталондық базаның жаңғыруы бізге осы үшін керек.

Бір сөзбен айтқанда, сауда саласы еліміз үшін өте маңызды. Ұлы Жібек жолының торабында отырып, қазірдің өзінде сауданың көптеген шешілмеген проблемаларына кезігіп отырмыз. Келесі материалда мемлекеттің сауданы дамытудың нақты жоспарын қалай көріп отырғанын шолып шықпақпыз.

Тегтер: