29 Қыркүйек 17:11

«Өл», «си»... Мектепте балаңызға не оқытып жатқанын білесіз бе?

Фото:

Биыл 1-сынып оқушылары үшін «Әліппе» оралды деп қуанған едік. Алайда, қазір мектеп баланың жазу дағдысын қалыптастыру үшін қосымша оқу құралдарын пайдалуға кеңес береді. Мұны тағы ата-аналар өзі сатып алды.

Соның бірі – «Менің алтын жазу үлгім» атты жалпы білім беретін мектептердің 1-сыныптарына арналған оқу құралы. Дәл осы қосымша оқу құралындағы «Ө» әрпінде берілген «өл» деген сөздің бар екенін журналист-ата-ана Гүлмира Аймағамбет өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазған еді. Бұған сол кезде көп адам аса мән бере қойған жоқ. Тіпті, кейбір ата-ана: «Масқара, біз мынаны баламызға жазғыздық қой! Мәссаған, баламызға не жаздырып жүргенімізді өзіміз білмей отырмыз ба?! «Ө» әрпінен келетін басқа сөз таппай қалған ба?!» деп бетін шымшып жатты.

Олар  осындай өрескел қате оқулықтарда өріп жүргеніне ашынды. «Өл» дегені несі?», «Өс, өн десе де болады ғой», «Жүре берсең көре бересің» деген осы болар», «Мұны қадағалайтын органдар қайда қарап отыр?» деді желі қолданушылар.

Біз де оқу құралын қолымызға ұстап, шолып шықтық. Сол «Ө» әрпі  бойынша жазуға берілген сөздің қатарында «өш» деген де бар екен. Одан әрі 47-бетінде «си» деген сөзді көзіміз шалды... 

Бұл оқу құралы Алматы қаласындағы «8&8» ЖШС баспаханасында басылған. Авторы – Трофимова Светлана Владимировна. «Оқу құралы арқылы бірінші сынып оқушылары қазақ әліпбиінің бас және кіші әріптерінің жазба кескіндемесімен танысады, олардың жазылуымен жаттығады» делінген.

Жарайды делік, авторы орыс тілді екені анық. Мұны қазақ тіліне аударғандар қайда қараған? Оқу құралында қазақ тіліне аударған – М.Б.Жақиянова деп тұр. Ол қазақ тілінің маманы ма, мұғалім бе, белгісіз. Ал білім ұяларында қолданылатын қосымша оқу құралдарын Білім және ғылым министрлігі қадағаламай ма? «Оқулық» ғылыми-тәжірибелік орталығының сараптамасынан өтпеген бе? 

Оқу құралындағы өрескел қатеге байланысты Білім және ғылым министрлігі не дейді?

ҚР Білім Білім және ғылым министрлігі өкілдері бұл жазу дәптері бекіткен мектептерге арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер тізбесіне енгізілмегенін хабарлады. Сондай-ақ, дәптер мемлекеттік сараптамадан өтпеген.

«ҚР «Білім туралы» Заңына және ҚР Білім және ғылым министрінің 24.07.2012 жылғы № 344 бұйрығына сәйкес мемлекеттік бюджет есебінен тек оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер ғана сараптамадан өткізіледі. Оқу-әдістемелік кешен дегеніміз – оқулықты сүйемелдейтін, міндетті талаптарға сәйкес әзірленген әдістемелік нұсқаулық, жұмыс дәптері, хрестоматия, диктанттар жинағы, тапсырмалар мен жаттығулар жинағы, картографиялық атлас. Бұдан басқа оқу басылымдары мемлекеттік бюджет есебінен өткізілетін сараптамаға қабылданбайды».

Бірақ ведомство мәліметінше, мемлекеттік білім беру ұйымдарына мұндай жазу дәптері сияқты қосымша оқу басылымдарын таңдау құқығы берілген. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрінің 19.01.2016 жылғы № 44 бұйрығының 38-тармағында айтылған екен. «Ресми түрде бекітілген оқу құралдары немесе жазу дәптерлері арасында бұл оқу құралы жоқ» деп кесіп айтты. Сондықтан мұндай оқу басылымдарын сатып алмастан бұрын олардың сапасына, мазмұнына, қажеттілігіне ұйымның педагогтары мен әдістемелік бірлестіктері мұқият қарауы қажет екенін ескертті.

Сонда айналып келгенде, бұл қосымша оқу құралын пайдалану туралы шешімді қабылдаған мектеп директорлары кінәлі ме?

Қазір жасөспірім арасында суицид жасау дерегі көп. Ал кішкентайынан интернеттен түрлі ойын ойнап, «өл» немесе «өлу» сөзін көбірек естіген бала жазу барысында да осы сөзді ұшырастырса, не болғанымыз? 6 жасар оқушы көп нәрсенің байыбына бара бермейді десек те, олардың сұрағы таусылмайды. Әр сөздің мағынасын білгісі келіп тұрады. Сонда бұйрық райындағы «өл» сөзін балаға қалай түсіндіреміз?

Тегтер: