2 Желтоқсан 19:33

Модульді аурухана НЕГЕ жабылып қалды?

Фото:

Алматыда коронавирус індеті өршіп тұрған кезде салынған модулды жаңа аурухананың уақытша жабылғаны туралы ақпарат тарады. Кейбіреулер «аурухана алғашқы аязға шыдас бермеді» дейді. 5 млрд теңге жұмсалып, 18 күнде пайдалануға берілген 280 орындық аурухана неге «сыр» берді? Nege.kz тілшісі арнайы барып, анықтап қайтты.

Тақырыпқа орай: Алматыдағы 5 млрд теңгеге салынған аурухана алғашқы аязды көтере алмады ма?

Бүгін И.Жекенов атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурухана филиалы бас дәрігерінің орынбасары Тамара Утағанова журналистерге медициналық мекемеден науқастардың неліктен көшірілгенін айтып берді. Әуелі жұқпалы аурухананың ауласында сұхбат берген бас дәрігердің орынбасары ішін де аралап көруге рұқсат берді.

Оның айтуынша, ауруханадағы 135 науқастың 116-сы бір күнде Түрксіб ауданында жаңадан ашылған 500 орындық жаңа модульді ауруханаға көшірілді.

«Қалалық әкімдік аурухананың індет белең алған сәуір айынан бері жұмыс істеп келе жатқанын ескеріп, дезинфекциялық өңдеуден өткізуге шешім шығарды. Себебі, 26 сәуірден бері жарты жылдың ішінде үздіксіз жұмыс істеді. 4 мыңнан астам науқас емделді. Мұның бәрі алдын ала жоспарланған шара. Науқастың кейбірі жағдайының жақсаруына байланысты шығарылса, енді бірі үй карантиніне жіберілді. Ал медициналық қызметкерлер 4 күн ішінде ауысты», – деп жауап берді Тамара Утағанова.

Алайда, әлеуметтік желідегі ақпараттарда тарағандай, модульді аурухананың аязды күндері суық болғаны рас па? Бұл тұрғыда бас дәрігердің орынбасары бүй деді:

«Емделушілер не себептен бұлай айтқанын білмеймін. Дәлізде, палаталарда, көшеде термометрия жүргіземіз. Аурухана палаталарындағы температура – 24 градус. Кейде науқастың дене қызуы 40 градусты көрсетсе, тоңғақ қысады. Бірақ бізге осы уақытқа дейін емделушілерден «аурухана іші суық» деген шағым түскен жоқ. Сенбесеңіздер, өздеріңіз кіріп көріңіздер!».

Осы уақытқа дейін қалада пәлен жыл бойы үздіксіз істеп келе жатқан жұқпалы ауруханалардың дезинфекция жасау үшін уақытша жабылғанын көрген де, естіген де жоқпыз. Әсіресе, қазіргідей қиын кезеңде. Тілші қауымы мұны да сұрады. Бас дәрігердің орынбасары Тамара Утағанованың айтуынша, бұл іс-шараның бәрі індеттің екінші толқынына дайындық барысында жүргізіліп жатыр.

«Перзентхана үйіне де әр жарты жыл сайын дезинфекция жасалады. Бұл аурухана біржола жабылып, әрі қарай жұмыс істемейді деген сөз емес. Егер эпидемиологиялық жағдай қалыпты болса, аурухана әзірге істемейді. Ал желтоқсан-қаңтар айында індет тағы өршіп кетсе, қайта қосылады. Модульды аурухана дегеннің өзі – қосалқы аурухана. Бұл науқас көбейіп кеткенде ғана көмекке келеді».

Сонымен, бас дәрігердің айтуынша, аурухана үш күн ішінде толық дезинфекциядан өткен. Мұнда 98 бөлме бар. 280 орындық аурухананың әр палатасы санитарлық талапқа сай екен. Соған қарамастан, ауруханада 20 медициналық қызметкер індет жұқтырған. 28 орыннан тұратын жан сақтау бөлімінде өкпені жасанды желдететін 30 аппарат бар. «Қазір осы және басқа да медициналық құрал-жабдықтар өз орнында. Себебі, науқастар көшірілген жаңа ауруханада бәрі жеткілікті», – дейді.

«Модульді аурухана алғашқы аязға шыдас бермеді» деген ақпаратты әлеуметтік желіде кімнің жариялағаны белгісіз. Не болса да, сондағы емделушілерден шыққаны анық. Осы ақпарат шын болып, Денсаулық сақтау басқармасы аурухананы аяқ астынан дезинфекциялық өңдеуден өткізу үшін жапса ше? Күні ертең сарышұнақ аязы келсе, науқастардың жайы не болмақ?

Тегтер: