19 Наурыз 12:47
...

Қарағанды облысында шенеуніктер бюджеттен 449 млн теңге ұрлап, жеке үй мен «BMW X6» автокөлігін сатып алған

ҚМА
Фото: ҚМА

ҚМА Қарағанды облысы бойынша департаменті «Еңбек» РММ филиалының бұрынғы басшыларына қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. 

Алматы, NEGE. 2021-2023 жылдары РММ және оның аймақтық филиалы «бір көзден сатып алу» әдісімен киім және аяқ киім өндірісіне арналған былғары және трикотаж шикізатын жеткізуге 23 келісім-шарт жасаған. Алайда, тауарлар жеткізілмеген, 449 млн теңге бюджет қаражаты ұрланған.

«Қылмыстық кірісті заңдастыру мақсатында күдіктілер заңмен белгіленген ақшаны қолма-қол айналдыру шегін айналып өтіп, кәсіби ақша жылыстатушының қызметін пайдаланған. Ол ақшаны бөліп, өзінің бақылауындағы 4 жеке кәсіпкердің атынан киім және аяқ киім тігуге арналған тауар жеткізу туралы жалған келісімдер жасаған. Аталған келісімдер мен төлем құжаттары негізінде 122 млн теңге қаражат қолма қол ақшаға айналған», – делінген хабарламада. 

Қылмыстық табыстарға Алматы қаласынан жеке үй мен «BMW X6» автокөлігі сатып алынған, оларды тәркілеуден жасыру үшін сенімді тұлғаларға ресімдеген.

Аталған мүлікке соттың санкциясымен тыйым салынды. Күдіктілер 2 айға қамауға алынды.

Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жарияланбайды.