3 Ақпан 18:58

Дәрігерлер Уханнан жеткізілген студенттердің жағдайын айтты

Фото:

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігінің сапасын  бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасов  Уханнан жеткізілгеннен кейін карантинге жатқызылған студенттердің жағдайын айтып берді.

Алматы, NEGE. Бұл туралы ақпарат министрліктің сайтында жарияланды. 

«Уханнан чартерлік рейспен жеткізілгеннен кейін карантинге 83 қазақстандық жатқызылды.Оның ішінде 80 студент бар. Олардың барлығы Нұр-Сұлтан қаласындағы көпбейінді ауруханаға орналастырылды. Аурухана жаңа, жоғары қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған. Әрбір қабаттағы палаталардың дербес желдету жүйесі бар. Бұл өте жақсы жүйе, «таза үй-жай» деп аталады. Ол ауаның араласуына жол бермейді. Ауа палатадан дәлізге және кері бағытта шықпайды", - деді Нұрқан Сәдуақасов.

Оның атап өтуінше, ұшақ бортында дәрігерлер тағы бір мәрте термометрия жүргізіп, жолаушылардың қызыуын өлшеген.

«Ұшақ бортына көтерілген кезде тағы бір термометрия жүргізген едік. Яғни, ұшақта олармен бірге санитарлық авиацияның дәрігерлері мен дәрігер-эпидемиолог болды. Бір әйелде 37,2 дене қызуы болды. Бірақ, онда қандай да бір сырттай белгілері (коронавиурс белгілері) анықталған жоқ. Олар 2,3 және 4 орындық палаталарға орналастырылды, жағдайлары және тамақтары өте жақсы. Жүктері өңделгеннен кейін сақтау қоймасына тапсырылды», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, көпбейінді аурухананың инфекциялық блогы бір-бірінен оқшауланған.

«Қазақстанның барлық қалаларының, негізінен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Семейден, Алматы, Қарағанды облыстарының балалары. Олар біздің талаптарымызбен келісіп отыр. Себебі ол жақта да дәл осындай талап болған. Олар инфекциялық блоктың оқашауландырылған палаталарында жатыр, дәлізге шықпайды. Барынша қауіпсіздік шараларын қабылдауға міндеттіміз»,- деді Нұрқан Сәдуақасов.

Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қалалық көпбейінді медициналық орталығы инфекциялық блогы директорының орынбасары Сәуле Атығаева каратинде жатқан адамдардың жағдайы қандай екендігін айтып берді.

«Пациенттердің жағдайы бүгін таңертең қанағаттанарлық болды. Олардың тарапынан айтарлықтай шағым жоқ. Интоксикация белгілері байқалмайды, тыныс алуларында кемшілік жоқ, дене қызулары шекті нормада. Медициналық қадағалау инкубациялық кезең бойына жалғасады. Бұл жерде жатқан пациенттердің басым бөлігі коронавирус инфекциясының таралу жоғары аймақта болған», - деді дәрігер.

Тегтер: