1 Қыркүйек 12:59

Бүгін – Білім күні! Кім қалай оқиды?

Фото:

Қазақстанда жаңа оқу жылының басты жаңалығы деп оқушылар мен студенттердің дәстүрлі оқу форматына көшуін айтуға болады. Қоғамда балалардың мектепке оралуына байланысты пікір екіге жарылды.

Бір топ бұл жаңалықты қуанышпен қабылдаса, келесі топ мұның астарынан әлдебір құйтырқылықты көреді. Баласы мектепке баратын ата-ана арасында «оқушыларды мектепке жинап алып, у шашады, сөйтіп балалар жаппай ауырады да, қайтадан онлайн оқуға көшеміз. Бұл балаларға да вакцина салдыру үшін үкіметтің ойлап тапқан қулығы» дейтін сөз желдей есіп тұр.

Осы  ретте індет өршіп тұрған кезде көршілердің оқушылары қалай оқиды деген сауалға жауап іздеп көрдік.

Қазақстан

Алдымен еліміздегі мектептердегі оқу тәртібіне тағы бір тоқталайық.

Биыл мектепке елімізде 3 млн 400 мың бала барады. Үкіметтің шешімімен мектепке тек вакцина салдырған мұғалімдер және өзге де қызметкерлер ғана кіре алады. Денсаулығындағы кінәрат екпе егуге жарамайтындарына ғана екпе салдырмауға рұқсат етілген.

Ережеге сәйкес, сыныптар зарарсыздандырылып отыруы керек. Және белгілі бір уақыт сайын кварцтау жүреді. Оқушылар маска тағып отырады. Күн сайын дерлік әр оқушының дене қызуы тексеріледі делінген. Егер сыныпта бір бала коронавирус жұқтырғаны анықталса, бүкіл сынып онлайн оқуға көшуі мүмкін.

Бізге жеткен дерек бойынша, сабақтардың бір бөлігі онлайн форматта өтеді. Мектептегі бала санын шектеу үшін барлық дерлік мемлекеттік мектепте балалар екі ауысымға бөлініп оқиды.

Интернаты бар мектептерде жатақханаға бұдан былай оқушының ата-анасының да кіруіне рұқсат етілмейді.

Күні бүгінге дейін Қазақстанда 859 мың науқас тіркеліп, оның 12 936-сы көз жұмған. Тамыздың 17-30 аралығында 92 мың адамнан коронавирус анықталған.

Қырғызстан

Қырғызстанда жаңа оқу жылы 15 қыркүйекте басталады. Қырғыз үкіметі бұл шешімді онлайн оқудан дәстүрлі оқуға біртіндеп өтуді көздегенімен түсіндіреді. Қырғызстанның білім және ғылым министрлігі дәстүрлі форматқа көшу үшін қоғамдық денсаулық сақтау мәселелері, эпидемиологиялық жағдай мен дәстүрлі оқуға көшудің артықшылығы мен тәуекелдерін толық бағалап алу керек деп санайды.

Қырғыз үкіметі бірінші кезекте дәрігерлермен бірге мұғалімдерге де екпе егуді бастаған еді. Бірақ бұл елдің білім және ғылым министрлігі екпе егуден бас тартқан мұғалімге ешқандай шара қолданылмайтынын мәлімдеді.

Күні бүгінге дейін Қырғызстанда 176 мың науқас тіркеліп, оның 2 524-і көз жұмған. Тамыздың 17-30 аралығында 3 262 адамнан коронавирус анықталған.

Өзбекстан

Өзбекстан мектептегі оқудың гибридті үлгісіне көшетінін мәлімдеді. Яғни әр өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты, кей мектептер жабылып, қашықтан оқуды жалғастыруы мүмкін. Оларға арнап былтырғыдай мемлекеттік телеарналардан «Онлайн-мектеп» жобасымен бейнесабақтар өткізу жалғасатын болады. Өзбекстанның халыққа білім беру министрлігі таратқан хабарламада коронавирустың мектеп жасындағы балалар арасында таралуының көрсеткіші былтырғымен салыстырғанда күрт өсіп кеткені туралы жазылған. 

Мұнда да мұғалімдер вакцина алуға міндетті. Одан бас тартқандар президент Ш.Мирзиёевтің тамыздағы қаулысына сәйкес жұмыстан қуылады. 

Күні бүгінге дейін Өзбекстанда 156 мың науқас тіркеліп, оның 1075-і көз жұмған. Тамыздың 17-30 аралығында 11 721 адамнан коронавирус анықталған.

Түркіменстан

Түркіменстан Қазақстан секілді 1 қыркүйектен бастап мектептер мен жоғарғы оқу орындарында сабақты дәстүрлі форматта бастау туралы шешім қабылдаған. Мұғалімдер вакцина алуға міндетті. Екпе еккізбегендерге үлкен көлемде айыппұл салынады. Мұнда да оқу екі ауысымға көшірілген. Жатақханада тұратындарға оның аумағынан шығуға, үйіне баруға тыйым салынады.

Түркімен оқушылары мектепке оқу құралдарынан бөлек өзімен бірге күнделікті оксолин жақпасын, 5 маска, сұйық сабын және антисептик әкелуіге міндетті.

Түркіменстанда қанша адамның коронавирус жұқтырып, қаншасы одан көз жұмғаны туралы ресми дерек жоқ.

Қытай

Қытайда да жаңа оқу жылы әдетте 1 қыркүйекте басталып шілде айына дейін созылады. Бірақ биыл бұл елде оқу барлық мектепте бірдей басталмауы мүмкін.

ҚХР білім министрлігі таяуда барлық оқу орнынан коронавирус індетінің алдын алу және бақылау шараларын күшейтуді талап етті. Бұл талапты орындамаған оқу орындарында сабақ басталмайды. Эпидемиологиялық ахуалы нашар немесе орташа өңірдегі оқу орындары сабақты кейін бастайды.

Эпидахуалы қалыпты деп танылған провицниялардағы мектептерде оқушыларға сабақ үстінде маска шешіп отыруға рұқсат етілген.

Ресми түрде 1 млрд 300 млн халқы бар делінетін Қытайда күні бүгінге дейін 94 842 науқас тіркеліп, оның 4 636-сы көз жұмған. Соңғы 7 күнде 27 адамнан коронавирус анықталған.

Ресей

Ресейді 1 қыркүйек күні барлық мектеп дәстүрлі оқу үлгісіне көшеді. РФ білім министр Сергей Кравцов ешқандай қашықтан оқу болмайтыны туралы мәлімдеді.

Ресей мұғалімдері үшін вакцина алу ерікті. Оқушылар мен мұғалімдерді ешкім мәжбүрлемеді. Екпе егуден бас тартқан мұғалімге шара қолдануға тыйым салынған.

Күні бүгінге дейін Ресейде 6 млн 800 мың мың науқас тіркеліп, оның 179 мыңы көз жұмған. Тамыз айынан бері бұл елде күніне орта есеппен 18 мың адамнан ауру анықталады.

Тегтер: