22 Қыркүйек 17:47

Алматыда бір топ белсенді наразылық шеру өткізді

Фото:

20 қыркүйекте Алматының Ақбұлақ шағын ауданында болған оқиға қоғамның бет-пердесін ашып берді. Дәл осы қайғылы жайттан кейін баспанасын несиеге алған талайдан ұйқы қашты.

Бүгін осыған байланысты қоғамдық бірлестік өкілдері, азаматтық белсенділер, сондай-ақ басында қарызы бар оншақты тұрғын Фредерик Шопеннің азалы маршын қойып, шаһардың әкімшілік, қаржылық ұйымдары алдында наразылық акциясын өткізді.

Бес адамның өліміне алып келген қайғылы оқиғаның жай-жапсары жалпақ жұртқа мәлім. Қалай десек те, банкте берешегі бар тұрғын Игорь Дужновтың баспанасын қорғап қалу үшін оқ жаудырған әрекетін ешкім құптай алмайды. Бірақ бұл мәселе ушығып, әбден шарықтау шегіне жеткенін жасыруға тағы болмас.

Нарызылық шеру «БанкЦентркредит» ғимаратының алдында басталды. Қолдарына плакат ұстаған оншақты тұрғын берешегі бар адамдарды баспанасынан күштеп шығару әрекетін доғаруды талап етті. Олардың пікірінше, кешегі қайғылы оқиғаға «БанкЦентрКредиттің» де қатысы бар. «Ең негізгі кінәлі – банк. Дәл осы банктің қитұрқы әрекеті арқылы жылжымайтын мүлік құнының бағасы еселеп өскен. Ер адам әлгіндей шешімге әбден күйініп кеткеннен барды», – дейді наразылық танытушылар.

Алайда, банк өкілдері оларға жауап беруден бас тартқан. Тіпті, қызметкерлері кіреберісінен әрі аттатпаған көрінеді. Жарты сағаттан кейін наразы топ Алматы қалалық сотына барды. «Менің үйім – менің қамалым», «Судьялар – банк қарыз алушыларының қантөгіс жендеттері», «Игорь Дужновты қорғаймыз!», «ҚР Тұрғын үйді қорғау туралы Заңын талап етеміз», «Тұрғын үйді халыққа қайтарыңдар!» деген жазуы бар плакаттар ұстаған олар Дужновтың іс-әрекетіне қолдау білдіріп, оны ақтауды талап етті.

 Әрине, бұл алдын ала келісілмеген акция екені белгілі. Осы тұрғыда  әкімдік қызметкері наразылық шерудің өтетінінен қала әкімшілігі хабарсыз екенін, сол себептен заңсыз деп есептелетінін айтып, тоқтатуға тырысты. Бұл уәж ашынған топқа әсер ете қойған жоқ. Олар шеруін әрі қарай жалғастыра берді. «Бізде бір ғана талап бар. Ол – Дужновтың ісі бойынша сот шешімін шығарғандарды жауапқа тарту және банк ұйымының мүддесін қорғауды тоқтату» деді. Десе де, «БанкЦентрКредит» қаржылық ұйымы сияқты Алматы қалалық соты да есігінен сығалата қойған жоқ.

Алған бетінен қайтпаған топ Алматы қаласының Әділет басқармасына да ұмытпады. Наразы топтың айтуынша, мұндай оқиға бірінші рет болып тұрған жоқ. «Бірнеше күн бұрын жеке сот орындаушылары екі кәмелетке толмаған баласы бар ананы баспанасынан шығарып тастады. Ол ол ма, тіпті жылжымайтын мүліктің бұрынғы иесін де аяусыз ұрып-соққан», – деді. Алайда, олар осы талапты жеткізу үшін тікелей сот орындаушыларына дейін баруға тырысқанмен, күзетшілер ғимаратқа кіргізбеді.

Құзырлы органдардың назар аудармағанына, пікіріне құлақ аспағанына ашынған топ әп-сәтте Әділет басқармасының кабинеттеріне баса-көктеп кірді. Ал мұны сырттай бақылап тұрған сот орындаушылары мен әділет қызметкерлері ашулы әйелдерді көргенде жан-жаққа қаша жөнелді.

Осы шағын айқастан кейін жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы басшысының орынбасары Қайрат Садықов шығып, бұл жағдайды баспасөз орталығында талқылауды ұсынды. Бірақ көп ұзамай шенеунік өзі айтқан кездесуден бас тартып, жиналғандардың сауалын сол күйі жауапсыз қалдырды. Ең қызығы, осы оқиғаның бәрін алыстан бақылаумен шектелген полицияның үш жасағы да сәлден соң тарап кетті.

Сонымен, бұл топтың талабы заңды ма? Бес адамды қырып салған Игорь Дужновтың әрекетін ақтап алуға бола ма? 

Тегтер: