22 Қаңтар 17:30

Алматы – «бақшалы қала» бола ма?

Фото:

Алматыда тұрғын үй құрылысының қарқынды жүруіне байланысты қаншама ағаш оталғаны белгілі. Бұл жайында қала тұрғындары жыларман боп айтты да. Жасыл желек азайған соң экология да ластанып кететіні айтпаса да түсінікті.

Алматы, NEGE. Алматы әкімінің бастамасымен мегаполисте таяу арадағы 3 жыл ішінде миллионға жуық ағаш отырғызылады екен. 

Алматы қаласы әкімдігінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында жасыл экономика басқармасының басшысы Ержан Сейтенов «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар аясында жасыл қорды дамыту перспективалары туралы айтты.

2019 жылы 28 желтоқсанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қол қойды. Алматы әкімдігі 28 жаңа құзіретті енгізуге бастама жасады, оның ішінде жасыл экономиканы дамыту бөлігіне де назар аударды. Сейтенов Ержан өз саласында бір ғана түзету қарастырылғанын, алайда маңызды мәселені қамтитынын жеткізді.

«Бізде Алматы қаласының жасыл желектерін күтіп ұстау мен қорғаудың жеке ережелерін әзірлеу және бекіту мүмкіндіктері пайда болды», – деді Ержан Іргебайұлы.

Жаңа Ережелердің жобасына бірқатар жаңа нормалар енген. Мысалы, ағаштарды санитарлық кесу, жасарту бұдан былай Алматы әкімдігінің келісімімен ғана жүргізіледі, сонымен қатар, кесілген ағаш шығынын өтеудің әдісі жасалды. Нормаға сәйкес ағаш апатты жағдайда кесілсе, оның орнына отырғызылатыны – 1-ге 1, әдейі отырғызылатыны – 1-нің орнына 10, заңсыз алынғаны үшін – 1-нің орнына 100 ағаш отырғызылуы тиіс.

Бұдан бөлек, басқарма басшысы оңтүстік астанаға «Алматы – бақшалы қала» атауын қайтару бағытында жүргізілетін бірқатар жоспарларымен бөлісті. Әкімдіктің рұқсатымен санитарлық жолмен немесе әдейі кесілген ағаштардың орнына жасыл желектер қайта отырғызылады, магистральды көшелердің бойына діңгегі 20-25 см болатын жапырақты ағаш түрлері егіледі.

«Қала әкімдігімен 3 жыл аралығында Алматы қаласында миллион ағаш отырғызылатын болады», – деді Ержан Сейтенов.

Ережелер жобасы кеңінен талқылану үшін ашық көздер арқылы жарияланады, оның ішінде Алматы қаласының жасыл экономика басқармасының ресми сайтында. Ниет білдірушілердің барлығы жасыл қорды жақсарту жөніндегі жеке ұсыныстарын жібере алады.

Тегтер: