28 Сәуір 15:49

1 мамырдан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан арасында ұшақ қатынай бастайды

Фото:
Алматы мен Нұр-Сұлтан арасындағы ұшулар 1 мамырдан бастап басталады, деп хабарлады ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі

.
Алматы, NEGE.  Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында әуе тасымалдаушылар ағымдағы жылдың 1 мамырынан Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары арасында ұшуды қайта бастауға дайын. Күніне 4 рейстен болады, оның ішінде 2 рейсті "Эйр Астана", 1 рейсті "Fly Arystan" және 1 рейсті "SCAT" әуе компаниясы орындайды», - делінген дүйсенбідегі хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, билеттер бүгіннен сатыла бастайды. Әуе компаниялары олардың бағасын рейстер тоқтатылғанға дейінгі деңгейде сақтауға міндеттеме алады. Әрі қарай жағдай жақсарып жатса, рейстер санын және әуе кемелерінің сыйымдылығын арттыру мәселесі қаралады.
Ұшулар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Көліктегі бас санитарлық дәрігері бекіткен санитарлық талаптардың күшейтілген нормаларын сақтай отырып, жүзеге асырылады. Олардың негізгілері мыналар:
- жолаушыларда COVID-19 тестінен өткені және оның нәтижесі теріс болғаны туралы анықтама болуы қажет (анықтаманың қолданылу мерзімі - берілген күннен бастап 7 күн);
- жеке қорғаныс құралдарын пайдалану (бетперделер, қолғаптар);
- термометрия, әлеуметтік қашықтық сақтау;
- әуежайлар мен әуе кемелерін күшейтілген негізде залалсыздандыру.
«Санитарлық қауіпсіздік талаптары бойынша аталған рейстерде бортта тамақ берілмейді. Аталған бағыттарға ұшатын азаматтар коронавирус инфекциясына тестті өз қаражаты есебінен ақылы негізде жасататынын айта кету керек», - делінген хабарда.
Еске салсақ, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «егер індет жаппай өршімесе, 11 мамырдан бастап төтенше жағдай режимі тоқтатылады» деп мәлімдеді. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан мен Алматы арасындағы әуерейстері де 1 мамырдан бастап жұмыстарын жандандырады. Бастапқы кезеңде ұшу жиілігі күніне төрт рейстен болады.

Тегтер: