20 Мамыр 12:48
...

Екпенің жыры: Міндеттеу дұрыс па?

Фото:
Қоғамда екпе мәселесі дауға айналғалы қашан. Бұл

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс талқыға түскелі бері күн тәртібінде тұр. Заңнамалық құжат әзірге Парламент Мәжілісінің екінші оқылымында мақұлданды. Алайда, жұрт оны «бізге айтпай қабылдап тастады» деп даурығып әлек.

Әу баста кодекс аясындағы талқылау халыққа дұрыс түсіндірілмеген сияқты. «Екпе міндетті және ерікті болады» дегеннің мән-жайына қанықпаған жұрт ә дегеннен «Бұл қалай?!» десті. Тіпті, Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова екі түзету қабылданғанын айтып, «оның біріншісі профилактикалық екпелерді жүргізу бойынша пунктте «міндетті» сөзін «құқылы» деген сөзге ауыстыруға қатысты болды. Ал екінші түзету екпе жасалмаған балалардың балабақшаға баруын шектейтін норманы жоюға байланысты. Дегенмен бұл түзетулер қабылданбады. «Нәтижесінде, барлық екпелер міндетті және ерікті болып нақты бөлінеді, ал балалардың балабақшаға баруы осы ұйымдағы «ұжымдық иммунитеттің» деңгейіне қарай жүзеге асырылады деген шешім қабылданды», – дегені де көпті күмәнді жағдайда қалдырған.

Бұдан соң халықты басу үшін министр Біртановтың өзі мән-жайды түсіндіріп беруге тырысты.

Е.Біртанов

«Парламент Мәжілісінің депутаттары «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Бірақ біз жолдың жартысын ғана басып өткенімізді айтқым келеді. Жұмыс әлі аяқталған жоқ, әлі де көп іс тындыру керек. Бірақ қазірдің өзінде Мәжілістегі кодекс жобасын қарау барысында вакцинация, донорлық, трансплантация, психикалық және репродуктивті денсаулық, скрининг, жеке медициналық мәліметтерді жинау және темекіні тұтынуды реттеуге қатысты нормалар туралы консенсус табылды», – деді министр.

«Кейінгі кезде әлеуметтік желілелерде кодекске, оның ішінде міндетті вакцинация, сапасыз вакцина мен сатып алу міндетін дұрыс орындамайтындар, вакцинаны дұрыс тасымалдамайтындар мен вакцинадан кейінгі қиындықтар туралы әңгіме жиі көтеріліп кетті. Бұл – қоғамдық сананы ашық манипуляциялау. Қазақстанда вакцинация – мәжбүрлі емес! Бүкіл әлемдегі секілді біздің елде екпе жасату – ерікті және міндетті болады. Бірақ әрбір жағдайда ата-аналардың ақпараттық түрде келісім беруге немесе вакцианциядан бас тартуға құқығы болады! Екпе жасалмаған балалардың құқығын шектейтіндей ешқандай норма жоқ. Ұжымдық иммунитетті қамтамасыз ететін, яғни балабақшаға баратын барлық баланың денсаулығын қорғайтын тек бір норма бар», – деді Біртанов пікірін толықтырып.

Қоғамда екпеден зардап шеккендер көп пе? Министр келтірген мәліметке сәйкес, 2019 жылы 4 841 334 екпе жасалып, 6003 жағдайда екпе жасатпайтындарын айтып, бас тартқан (тек 0,12 пайызы). Осы 4 841 334 адамның ішінде тек 143-і екпеден кейін жайсыз күйді (температураның көтерілуі, терінің қызаруы) сезінген (0,003 пайызы). Ал Қазақстанда вакцинадан 2019 жылы бірде-бір адам көз жұмбаған. «Қазақстандағы әрбір вакцина қауіпсіздік, тиімділігі мен сапасы бойынша көпсатылы тексерістен өтеді. Ол тексерістің бәрі де өндірістік тәжірибенің (GMP) халықаралық стандартына сай келеді», – деген Елжан Біртанов  кодекс заманға сай әрі дамыған денсаулық сақтау жүйесін құруға бағытталған және бұл бағыт біздің медицинаның деңгейін жаңа белеске көтереді деген сенімде.

Екпенің сапасына күмән бар ма?

Қазақстанда вакцинаның сапасын қадағалау – оны тіркеу кезеңінен басталады. Алдымен вакцинаның құжаттар тізімінің толыққанды сараптамасы жүргізілсе, Дәрі-дәрмекті сараптаудың ұлттық орталығының сарапшылары өндіріс алаңына барып, алгоритмге сәйкес олардың стандарттарын тексереді. Екінші аналитикалық кезеңде вакциналарға лабороториялық зерттеу жүргізіліп, клиникалық зерттеу тарихы мен вакцинаның эпидемиологиялық тиімділігі қаншалықты екені тексеріледі. Тіркелгеннен кейін вакциналардың әрбір партиясы – қауіпсіздік пен сапа бойынша тағы бір сынақтан өтеді. Егер вакцина халықаралық ұйымдар арқылы сатылып алынса, оның қауіпсіздігі мен сапасы ДДСҰ деңгейінде тексеріледі.  Яғни, Қазақстанға Франция, Бельгия, Үндістан, АҚШ, Корея, Ресей елінен ДДСҰ-ның талаптарына жауап бере­тін вакциналар ғана әкелінеді.

Жауап беруден неге қашты?

Nege.kz тілшісі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасын талқылаған жұмыс тобының төрағасы, депутат Зәуреш Аманжоловадан пікір алғысы келген. Әуелгіде телефон тұтқасын көмекшісі көтергенде, қандай мәселе бойынша хабарласып тұрғанымызды айттық. Алайда, бір сағаттан кейін қайта телефон шалуымызды сұрады. Одан бері бір емес, бірнеше рет қоңыраулатсақ та, тұтқаны ешкім көтермеді.

З.Аманжолова

Жұмыс тобының тағы бір мүшесі, қоғам белсендісі Мұрат Әбенов мырзаға хабарласып едік: «Екпеге қатысты пікір бермеймін деп шештім. Біраз талқылау болды. Мен қарсылық танытып та, қолдап та ештеңе айтпаймын. Соңғы екі-үш айда ешқайда пікір беріп жүргем жоқ» деп жауап беруден бас тартты.

Кім қарсы, кім қолдайды?

Денсаулық сақтау экс-министрі, жұмыс тобының белді мүшесі  Жақсылық Досқалиев: «Заң Мәжілістен өтті. Мәжілістің 104 депутатының 103-і мақұлдады. Қарсы болған Бекболат Тілеухан Парламент емес, ол жай ғана депутат» деді.

«Енді Сенатта талқыланып мақұлдаса, Президент әкімшілігіне барады. Сосын заңды орындау үшін құжат қабылданады. Кім біледі, заңды Сенат қайтаруы да мүмкін. Кейбір заңның жоғары жағында үкіметтің немесе министрліктің құзырына кіреді деп жазылып тұрады. Осы екпе мәселесі Үкіметтің құзырында. Осыған орай, кімге қандай екпе жасалуы керек, бұл үкіметтің қаулысымен бекітіледі. Жұмыс істеп тұрған кодекс бойынша республикалық бюджеттен 17 екпе, жергілікті бюджеттен 4 екпе қаржыландырылады. Жаңа заң қабылданғаннан кейін 20 екпе болады. Оның 13-і міндетті түрде, ал 7 екпе ұсыныс, эпидемиологиялық жағдай бойынша салынады. Соңғы 7 екпенің ішінде тұмауға қарсы екпе де бар. Оны салсаң да, салмасаң да өз еркің. Ал міндетті түрде салынатын 13 екпені алу керек», – дейді ол.

Ж.Досқалиев

Дамыған елдерде екпе мәселесіне қалай қарайды? Бұл сауалға экс-министр Досқалиев: «Мысалы, Еурродақты алайық. Егер оларда екпе салдырмаса, 100-500 еуро аралығында айыппұл төлейді. Германияда 2,5 мың еуро айыппұл төлейсіз. Демек, жауапкершілік қатаң. Ал бізде ешкімді зорлау жоқ. Бірақ кейін мәселе туындауы мүмкін. Мысалы, балабақшаға баратын 95 пайыз баланың екпесі бар. Ал қалған 5 пайыз балаға 95 пайыз баланың ата-анасы қарсы болады. Сондықтан «екпе мүгедектікке әкеп соғады, ауру қылады» деген – алыпқашпа, бос әңгіме. Қырылса, неге Еуропа халқы қырылып қалмайды? Біздің кейбір азаматтар дамыған елдерге барып емделгісі келеді. Ал олардың жыры әлгіндей. Екпесіз ешқайда қабылдамайды.  Халықты бостан-босқа дүрліктірмеу керек. Ата-ананың ең басты міндеті – баланың келешегін ойлау. Егер балаңыз аман-есен өсіп, денсаулығы мықты азамат болсын десеңіз, онда оған екпе салдыру керек» деп жауап берді.

БҰҰ-да «Баланың құқығы туралы» конвенция бар. Бұл құжатты барлық ел ратификацияланды. Соған байланысты мемлекет алдымен екпені басқаратын инфекцияны қамтамасыз ету керек делінген. Яғни, келісім берген мемлекеттер екпе жасатуға міндетті. Тағы бір бабында: «Ата-ана және бала тәрбиелеуші басқа да тұлғалар екпені сатып алып, салдыруға міндетті» делінген.

«Мұның бәрі бізде тегін жасалса, басқа елдерде өздері қаражат төлейді. Ал оның сапасы туралы да жаңсақ пікір көп. Соңғы он жылда алып жүрген екпенің бәрі Франция, Бельгия, АҚШ, Оңтүстік Корея сияқты дамыған елден келген. Қазір министрлік туберкулезге қарсы екпені Жапониядан алдыртады. Сондықтан сапа жағына күмән келтіруге болмайды. Халық арасында іріткі салушы арандатушылар бар. Олардың сөзіне ермеу керек» деп түйіндеді пікірін Жақсылық Досқалиев.

Белгілі композитор Жарылқасын Дәулеттің пікірінше, екпе салдыру – халықты түп-тамырымен құрту. «Алла тағала жер шарын адам үшін жаратып, «төбелеріңнен жұлдызбен сәндедім» деген сөзі Құранда таңбаланған. «Адамды жер бетіне патша қылып жібердім»  дейді тағы бірде. Осыншама нығмет берген адамзатты мәжбүрлеуге кімнің қақысы бар? Әркімнің жақсы өмір сүргісі келеді. Өзің ойлап қарашы, көз алдыңда өзіңе сенген туған балаңды апарып, екпе салдырып, мүгедек қылып, өмірінің талқанын шығарсаң не болады? Егер екпе денсаулыққа пайдалы болса, небір аурудан қорғаса, әңгіме басқа. Жаңатаста қаншама бала қайтыс болды, Шымкентте де бірталай бала мүгедек болып қалды. Бұдан кейін екпені балаға қалай салдырамыз? Ешкімге сенбей-ақ қояйық десек, шын мәнінде қазір жастар арасында белсіздік көп. Үйлене салып, ажырасып кетуде. Не себепті? Әрине, екпе. Осыны біле тұра сәбиіме екпе салдырамын ба? Мен жауыз әке емеспін. Баламды өз қолыммен мүгедек қылғым келмейді. Осыны Біртанов білмей ме? Депутат Бекболат Тілеухан мұның айналасында үлкен қаржы жатыр деді. Егер екпе еккен балаға дерт жұқпаса, неге көбі ауырып жатыр? Өз халқын Билл Гейтс сияқты миллиардерге байлап бере ме? Бұл – үлкен жауыздық. Бұл бізді азайтудың жолы. Онсыз да саны аз халықпыз. Енді екпеден қырыламыз ба? Швейцария мемлекеті екпеден бас тартты. Біз бәріне бас шұлғи беретін мал емеспіз ғой. Бұл мемлекеттің халқына жасаған қастандығы. Өз басым қазақтың көгенкөздерін мүгедек қылуға қарсымын. Бұған Президент қол қояды деп ойламаймын» деді.

Композитор ересек балаларына екпе салдырса да, кейінгілеріне келгенде бас тартқанын айтады.

«Басында мұндай зауал келгенін білмедік. Қазір екпенің түрі көп. Үлкен балаларыма салдырдым. Екпе алған қызым 7 айлығында ауырып қалды. Қараттық, тексердік, жұлынынан анализ алды. Ақыры екі құлағы естімей қалды. Қазір 20-дан асқан қызым әлі зардабын тартып келеді. Бұл – екпенің кесірі. Одан кейін кішкентай балаларыма екпе салдырған жоқпын», – деді ол.

Түйін: Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, 2014 жылдан бері 14823 адам екпе салдырудан бас тартқан. Атап айтсақ, 2014 жылы – 2971, 2015 жылы – 5412, 2016 жылы – 1302, 2017 жылы – 3188, 2018 жылы 1950 адам вакцинаға қарсылық білдір­ген. Бас тарту жағдайы бойынша басым үлесті Алматы облысы алып отыр.  Тағы бір деректерге сенсек, екпеге қарсының көбі – діни наным-сенімді ұстанғандар. Елімізде жыл сайын 5 миллионға жуық адам екпе салдырса, оның 1,3 миллионы – балалар.

Тегтер: