Екпе егуді міндеттеу дұрыс па?
Медицинада екпе деген бар. Соңғы кезде мұның пайдасы мен зияны туралы әңгіме көп. Кейбіреулер өзімбілемдікке салынып, екпеден бас тартып та жүр. Әсіресе, әсіредіншілдер балаларына екпе егуге қарсы.
Неге?
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен кесте бойынша сәби бір жасқа толғанға дейін 12 түрлі екпе алуға міндетті. 16 жасқа жеткенше балаға тағы бес екпе салынады. Содан кейінгі екпе адамға 10 жыл сайын беріліп тұрады. Оның кейбірі міндетті саналса, енді бірі адамның өз еркінде. Мәселен, полиомиелит, гепатит, коклюш, дифтерия, столбняк деген дертке әлем болып қарсы күрес жүргізілді. Алайда, мұның емі тек екпе делінді. Жасыратыны жоқ, қазір ата-ана осы екпелерді де алудан бас тартады. Сан түрлі себепті алға тартады.
Біріншіден, екпе саларда дәрігер баланың жағдайын бақылауы керек. Егер сәби тұмауратып немесе жөтеліп тұрса, екпені салуға болмайды.
Екіншіден, соның салдарынан баланың сал болып қалу қаупі жоғары. Міне, дәрігердің салғырттығынан сау бала ауыр дертке шалдығып жатқан соң, қоғамның екпе туралы пікірі екіге жарылды.
Екпе демекші, таяуда ғана отбасымен дінге жақын танысымның 4 жастағы қызы коклюшпен (көкжөтел) ауырды. Себеп – екпе алмаған. Жөтелсе, қып-қызыл болып, тұншығып қалады. Ауа жетпейтіндей көрінеді. Егер бұл дерт сәби кезінде жұқса, тіпті шетінеп кетуі де мүмкін. Баласымен бірге ауруханаға жатып, ем алған әлгі танысым: «Бұған дейінгі балаларыма екпе салдырдым. Осы қызымды дүниеге әкелгенде «екпе алмаймыз» деп шештік. Интернеттен баласы мүгедек, сал болып қалған ата-ананың зарын тыңдап, қорықтым. Енді «неге екпе салдырмадым екен? Екпе алсақ, ауырмас па едік?!» деген еді.
Осыдан 6 жыл бұрын, яғни 2013 жылдың сәуірінде депутат Бекболат Тілеухан сол кездегі Үкімет басшысы К.Мәсімов пен Денсаулық сақтау министрі А.Дерновойға депутаттық сауалнама жасаған. Онда: «Халықты вакцинациялау екі құжат бойынша жүзеге асырылады. 2003 жылғы №488 қаулы мен 2004 жылы ереже мен норма шыққан еді. Адам инфекциялық аурудың (туберкулез, мерез, алапес) таратушысы болса, ол басқа мәселе. Бізге көп хат келеді. Оның бәрі «Типтік екпе адамды дертті етіп, ауыр аллергиялық реакция беріп, неврологиялық ауруға әкеп соғып, иммунды жүйені бұзады. Баланың ағзасын мүлдем әлсіретіп, шетінеуіне дейін әкеледі» деген сарында. Екпенің құрамында қорғасынның бар екендігі вирусолог Галина Червонскаяның «Прививки: мифы и реальность» кітабында айтылған.
Әлгі екі құжатта азаматтардың екпені таңдау құқы айқындалмаған. Шынтуайтына келгенде, «қой тоғытқан» секілді адамның еркінен тыс жаңа туған баланың аузына екпені құя салады. Оның құрамында не бары белгісіз. Халық бұл жайында мүлдем хабарсыз» деген-ді.
Енді бір-екі күндікте екпе салдыруды заңмен міндеттеу туралы заң жобасы мәселе көтерілді. Заң жобасын талқылауға салған отырыста тағы да депутат Бекболат Тілеухан шыр-пыр болды.
«Бұл – адамның құқығына қол сұғу. Бұл – Конституцияға қарсы.
Екіншіден, Қазақстанда тұратын халық екпе алуға міндетті екен. Бұл ақымақтық емес пе?! Менің балама өзімнен басқаның жаны аши ма? 18 млн адам қараңғы ма? Адамның жаны алдымен өзіне керек. Екпеге қарсы емеспін, бірақ оны міндеттеуге қарсымын! Қазір екпенің салдарынан мүгедек болған қаншама бала бар. Келесі жолы дерек ретінде бейнежазбасын алып келемін», – деді.
Ол бұл заң жобасын қабылдауға соңына дейін қарсы тұратынын жеткізіп: «Бәрін білемін, мұның артында үлкен миллиардтаған ақша жатыр. Халық неге ренжулі? Халық талқысына салайық. Бітті», – деп еді, отырыстың модераторы, депутат Зәуреш Аманжолова: «Сіз біз үшін шешпеңіз! Заң жобасын жасақтаушы топ талқыға ұсынды. Біз талқылауға тиіспіз!», – деді.
Қазақстанда баласына екпе салдыруға қарсы тұрғындар саны былтыр шамамен екі мың адамға жеткен. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Нұршай Әзімбаеваның сөзінше, 2016 жылы елде баласына екпе салдырудан бас тартқандар саны он мыңға толмаса, 2017 жылы 12800-ге жеткен. Неге?
Екпеге Ислам шариғаты қарсы емес. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ғұламалар кеңесінің шешімі бойынша, 2015 жылдың 25 мамырында құрамында этилдік спирті бар дәрі-дәрмектерді қолдануға болады деген пәтуа берген. Алайда, Ақтөбе облысында қайбір жылдары екпе алмайтындар саны артқан. Оның көбі – дін жолындағылар. №3 қалалық емхананың өзінде бір жылдың ішінде 100 бала міндетті вакцинаны қабылдамаған.
Ал теолог, дін насихатшысы Арман Қуанышбаев: «Екпе салу – діни мәселе емес. Егер оны денсаулыққа зиян десеңіз, қазір зиян емес нәрсе бар ма? Қолыңыздағы телефон, компьютер, жейтін тағам да зиян. Сондықтан мұны діни мәселеге айналдыруға болмайды. Мысалы, екпені салдырмай, сіздің балаңыз сол дертпен ауырса, оны басқа балаға жұқтырса, сіз себепкерсіз.
Екіншіден, екпе алмағаны үшін біздің азаматтарды кейбір мемлекет қабылдамауы мүмкін...», – дейді.
Екпе алу керек пе, жоқ па, өз еркіңіз. Егер бала қауіпті дертке шалдықса, оған отандық медицина көмек қолын соза ала ма, жоқ па, тағы белгісіз. Ал екпе салуды заңмен міндеттеуге қалай қарайсыз?
Динара Мыңжасар
Қазір оқып жатыр
Тоқаев: Қазақ тілінің мәртебесі төмендеді деп байбалам салудың қажеті жоқ
«Масылдық ұғымынан біржола арылу қажет»: Президент дотацияға сеніп отыратын әкімдерді сынады
«Ересектермен бірдей жазаға тартылады»: ІІМ ата-аналарға ескерту жасады
«Кастетпен ұрған»: Таразда тоғызыншы сынып оқушысын жеті қыз жабылып соққыға жыққан