13 Желтоқсан 08:08

Экологиялық мәселе: Қоқыс қайда кетіп жатыр?

Фото:

Біз күнделікті тұрмыста пластик бөтелкелердегі сусынды жиі пайдаланамыз. Одан бөлек, дүкен сөрелерінде толып тұрған тағамдардың көбі пластик ыдыстарға салынған. Ақшасын төлеп, пластик ыдыстардағы заттарды целофандарға орап алатынымыз тағы бар. Бұл бәрінің басындағы жағдай. Мән бермесек те күнделікті тұрмыста қайталанып жатыр. Бұл жағдайдың табиғатқа қандай залал келтіріп жатқанын да ұғынбаймыз. Бір реттік қолданып, қоқысқа лақтырып жатқан пластик ыдыстар жер бетінде жылдар бойы сақталады. Қоршаған ортаны ластағаны былай тұрсын, жергілікті жердің флорасы мен фаунасына да зиян келтіреді. Мұхит, теңіз, көлдер қоқысқа толды, орман-таулар да қоқысқа көмілді, тіпті жол жиегіндегі қоқыс қалдықтарынан да аяқ алып жүре алмайтын жағдайға жеттік.

Болмашы әрекеттің өзі әлемдік деңгейдегі трагедияға айналып бара жатыр. Бұл жағдайға бей-жай қарамайтын адамдар да баршылық. Олар әлемді қоқыстардан келетін қауіптен қорғаудың жолдарын тауып, шешімдерін ұсынып келеді.

2050 жылға қарай жер бетіндегі халық саны 9,6 миллиард адамға жетеді деген болжам бар. Халық саны артқан сайын, олардан қалатын қоқыс қалдықтары да ұлғаяды. Қоқыстар мен қалдықтар бүгінде әлемде күрделі мәселеге айналды. Nature журналында жарияланған мақалада қоқыс пен қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесі әлемді алаңдатып отырғаны жазылған. 21 ғасырдың соңына қарай (2100 жылға қарай) әлем бойынша тәулігіне 11 миллион тонна қоқыс қалдығы шығарылуы мүмкін. Бұл бүгінгі деңгейден үш есе көп.

Қалдықтарды сұрыптау жұмыстарына сұраныс күн сайын артып келе жатқандықтан, бүкіл әлем бойынша кәсіпкерлер, инженерлер және өнертапқыштар экологиялық мәселелерді шешудің жаңа жолдарын ойластыруда.

Қоқыс полигондарында жиналған қалдықтар шіріп, оның иісі айналаға тарап, ауаны ластап жатыр. Олардың кейде ашық жерге төгіліп жатқаны да жиі байқалады.

Қоқыс үйінділерінде әдейі, кейде байқаусызда өрт шығады. Ашық жерде жанып жатқан өрттің иісі ауаға таралып, жақын маңда тұратын тұрғындардың денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару және канализация көлемінің ұлғаюы, сондай-ақ өнеркәсіптен шығатын қалдықтардың суды ластауы айтарлықтай мәселеге айналды.

Ертеректе қоқыс тек органикалық қалдықтардан тұратын. Уақыт өте келе химиялық заттардың қалдықтары қоқысқа айнала бастады. Одан бөлек, тұрмыстық, ауылшаруашылық және өндірістік қалдықтардың көлемі де артты.

Елімізде жыл сайын тонналаған қалдық пен қоқыс шығарылады және оның тек бір пайызы ғана қайта өңделеді екен. Қоқыстың көп пайда болуының бірнеше себебі бар. Мұның бір себебі – урбанизация мен әл-ауқаттың артуы. Ел немесе қаланың қаржылық жағдайы неғұрлым күшті болса, соғұрлым көп қалдық шығарады.

Қоқыс ауаның ластануына қалай әсер етеді?

Бүгінде жер, су, ауа ластанған. Қоқыс ашық жерлерде шашылып жатыр. Сонымен қатар ірі зауыттардан көп түтін шығады. Түтіннің құрамындағы шаң бөлшектерінің әсерінен де ауа ластанады. Жағымсыз иістің таралуымен қатар, микробтар шіріген қоқыста көбейіп, әртүрлі ауруларға алып келеді. Масалар, шыбындар және тышқандар қоқыс үйінділерін аралап, ауру таратады. Тұрмыстық және өндірістік қалдықтар өзендерге, көлдерге, тіпті мұхиттарға түседі.Бұл жер бетіндегі суды ластайды. Осылайша, үйдегі, көшедегі немесе су көздеріндегі қоқыстардың көбеюі ауаның ластану мәселесін одан сайын қиындата түсті.

Қалдықтарды өртеу қоршаған ортаға қалай әсер етеді?

Микробөлшектер – бұл өте кішкентай улы бөлшектер, олар тыныс алу арқылы біздің денемізге еніп, әсіресе өкпені зақымдауы мүмкін. Бүкіл әлемде қалдықтардың кез келген түрін, соның ішінде пластик бөтелкелер мен электрониканы сұрыпталмастан өртеп жатады. Ғалымдардың айтуынша, бұл ауаның ластануының басты себебі де осы. Қоқыс жаққанда шығатын түтін ауаны улап қана қоймай, аурудың таралуын арттырады. Соңғы зерттеулер қалдықтарды жағу кезінде көмірқышқыл газы мен көміртегі тотығы сияқты улы газдардың ауаға көп мөлшерде бөлінетінін көрсетті. Сонымен қатар, жағу кезінде бөлінген зиянды бөлшектер көптеген ауруларға себеп.

Қоқыстар мен қалдықтар дамыған және дамушы елдерде қоршаған ортаны ластаудың негізгі себебі болып саналады. Қалдықтарды дұрыс тастамау салдарынан қоршаған орта ластанады. Бірақ заманауи технологияларды пайдалана отырып, көптеген дамыған елдер қалдықтарды қайта өңдеу арқылы қоршаған ортаның ластануын азайтып отыр. Сонымен қатар оны негізгі энергия көзіне айналдыра бастады. Қоқыс жәшігіндегі заттарды сұрыптап, қайта пайдалануға болады. Ресурстарды қайта өңдеу арқылы ысыраптың алдын аламыз және қоршаған ортаның экологиялық жағдайын реттейміз.

Ауылдық жерлерде мал қиы, тұрмыстық және ауылшаруашылық қалдықтары толығымен жойылмайды. Сондықтан ауылдық жерлерде қоршаған ортаның ластануына жол бермеу үшін ауыл тұрғындарына қалдықтардан тыңайтқыштар өндіру туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Қалдықтың өзін пайдаға асыруға болады.

Қалаларда қоқыс қалдықтарын жинауды дұрыс ұйымдастыруды муниципалитеттер жүзеге асырады. Бірақ әрбір азамат жұмыстың қалыпты жүруін және қалдықтардың белгіленген жерден қоқыс полигонына тасымалдануын қадағалауы керек. Бұл жағдайды бақылау әрбір адамға ортақ іс. Егер барлығы орнымен атқарылып жатса, онда ол біздің табиғатқа қосқан кішкентай үлесіміз болып есептеледі. Қоқыс қалдықтарын басқару заманауи технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылса, қоршаған ортаны ластаудан қорғауға болады.

Әлем елдерінің тәжірибесіне сүйенсек, бұл жағдайда Швециядан көп нәрсені үйренуге болады. Швеция өз аймақтарында пайда болған қалдықтардың 47 пайызын қайта өңдеп, оны пайдаға жаратады және қалдықтардың 50 пайызын энергия өндіру үшін отын ретінде пайдаланады. Өндіріссіз қалдықтардың тек 3 пайызы ғана полигонға жатады. Сондай-ақ, полигондардан улы заттардың тарап кетуіне жол бермеу шараларын жүргізеді. Швецияда қалдықтарды жинауға және қайта өңдеуге асқан жауапкершілікпен қарайды. Ол жерде қателік жібермеуге тырысады және сылтауды қабылдамайды.

Әлемнің көптеген елдерінде қоқыстан табыс табуға болатын жағдай жасалған.

Ал Қазақстанда мәселе қалай шешіліп жатыр?

Қазақстанда қоқыс полигондарындағы қалдықтарды басқару мәселесі өте өзекті болып отыр. Үкімет бұл мәселені шешу үшін түрлі шараны қолға алуда. Сол себепті қалдықтарды басқарудың тиімді жүйесін дамыту Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасының негізгі қағидаттарының бірі. Аталмыш Тұжырымдамаға сәйкес Қазақстан 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайызға, ал 2050 жылға қарай 50 пайызға дейін арттыруды көздеп отыр. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасына сәйкес ұлттық экономиканың басым бөліктері қалдықтарды жинау, қайта өңдеу, пайдаға асыру және кәдеге жарату салаларын қамтыған. Қазақстанда қалдықтардың айналымы мен оларды басқару мәселелері әртүрлі деңгейдегі заңнамалық және нормативтік актілермен реттеледі.

Қалдықтардың көлемін азайту үшін Қазақстан полигондарды пайдалануды азайтуды және қалдықтарды кәдеге жаратудың баламалы әдістерін көбірек қолдануға ұмтылып жатыр. Қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі қалдықтарды басқару жүйесіндегі ең күрделі және маңызды міндеттердің бірі.

Дамыған елдердің көпшілігінде қалдықтарды кәдеге жарату өте тиімді бизнеске айналған, кейбір елдер қалдықтарды өз үйінде өңдеп қана қоймай, басқа елдерден де қалдықтарды сатып алады. Дегенмен, Қазақстанда мұндай әдіс енді ғана дамып келе жатыр десек болады. Қазақстан әлі де дамудың бастапқы кезеңінде тұр. Бүгінде Қазақстанда қайта өңдеу деңгейінің әлі де төмен және қалдықтарды басқару жүйесінің тиімсіз болуының көптеген себептері бар. Олар:

– қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, шығаруға, кәдеге жаратуға, қайта өңдеуге белгіленген тарифтің төмен болуы;

– қалдықтарды дұрыс сұрыптау мүмкіндігінің болмауы;

– саланы қаржыландырудың болмауы;

– бәсекелес ортаның жоқтығы.

Қазіргі уақытта Қазақстанда қалдықтармен жұмыс істеу мәселелерін мемлекеттік реттеуді бірнеше министрліктер жүзеге асырады. Олар: Ұлттық экономика министрлігі, Энергетика министрлігі, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және т.б.

Бүгінде бізде қалдық шығармай жұмыс істейтін бірде-бір қызмет түрі жоқ. Ең таза деген ірі қалалар, тіпті ауылдар да қоқыстың астында қалды. Бұған дейін ауылдардың барлық қажеттіліктері жергілікті жерде шешілетін. Қазір урбанизация ауылдық жерлерге де еніп кетті. Қазіргі кезде балшықтан жасалған қыш құмыралар жойылып, олардың орнын пластикалық ыдыстар басып жатыр. Қаладағыдай ұялы телефондар, мотоциклдер және басқа да заманауи бұйымдар ауылдарда дабар. Демек, қала мен ауылдағы қоқыс көлемінің айырмашылығы жоқ. Қоқысты сұрыптау мәдениетін күнделікті тұрмыстағы дағдымызға енгізетін кез келді. Әр адам өз үйінің айналасын таза ұстауы міндет.

Қоқыс табыс құралына айналғанда, қайта өңдеу жұмыстары да арта түседі. Мемлекеттік қазынаға түсетін жүктеме азайып, жұмысқа орналасу мүмкіндігі де пайда болады. Жақсы ұйымдасқан жағдайда бұл жүйе өздігінен алға жылжи береді. Біз қоғам ретінде ысырапшылдыққа немқұрайлы қарамай, қоқысты оңды-солды тастау әдетінен арылуымыз керек. Қоқысты тек мемлекет басындағылар ғана реттеуі керек деп ойласақ, әбден қателесеміз. Айналасындағы қоқысқа әрбір адам өзі жауап бере алуы тиіс. Бұл өзгеріс бүкіл қоғамның санасына енуі керек. Соның арқасында біз қалдықтарды кәдеге жарату бағытында белсенді қадам жасай аламыз.

Есіңізде сақтаңыз, қоқыстың дұрыс емес жерде жатуы – күрделі мәселе, бірақ дұрыс өңделген қоқыс – пайдалы ресурс. Біздің өмір салтымызды қайта қарастыратын уақыт келді. Осыдан 30 жыл бұрын біздің халық қанша болса да, қалдықтардың мөлшері соншалықты көп емес еді. Жыл өткен сайын адамның тұрмыстық заттарды қолдану аясы кеңіп жатыр. Соған сәйкес қалдықтардың да үлесі артып келеді.

Тегтер: