2 Желтоқсан 14:08
...

Ресейде алғаш рет АИВ инфекциясы бар науқасқа жүрек трансплантациясы жасалды

Операция
Фото: ТАСС

Ота Санкт-Петербургтегі АИТВ орталығы мен Алмазов ұлттық медициналық зерттеу орталығы мамандарының бірлескен күшімен жүзеге асты. 

Астана, NEGE. Науқасқа бұған дейін бір жарым жыл бұрын жасанды сол жақ қарынша құрылғысы орнатылған. Алайда жүрек жеткіліксіздігінің үдеуі трансплантацияны қажет еткен. Петербургтегі орталықта тиімді терапия алып, тұрақты бақылауда жүрген науқастың АИВ-инфекциясы ұзақ уақыт бойы ремиссияда сақталып келген.

«Науқастың вирустық жүктемесі толық бақылауда, CD4 лимфоциттерінің деңгейі жеткілікті. Ол барлық қажетті тексерулерден өтті. Осыдан кейін Алмазов орталығының мамандары трансплантация жасау туралы шешім қабылдады», – деді инфекционист дәрігер Светлана Майорова.

12 сағаттан астам уақытқа созылған күрделі операция сәтті өтті. Кардиологтар отаның стандартты хаттама бойынша жасалғанын және ешқандай асқынусыз аяқталғанын жеткізді. Қазір науқас оңалтудың алғашқы кезеңінде және жағдайы тұрақты.

«Бұл жағдай АИВ инфекциясы дұрыс бақылауда болған кезде және медициналық орталықтардың өзара үйлесімді жұмысы қамтамасыз етілгенде, АИВ-пен өмір сүретін пациенттер де күрделі операцияларды, оның ішінде орган трансплантациясын, сәтті өткере алатынын дәлелдейді», – деді Петербург СПИД орталығының бас дәрігері Татьяна Виноградова.

Тегтер: