13 Қаңтар 12:33

Зейнетақы салымы: Құдайбергенов қалай-қалай құбылтады?

Фото:

Үкімет Президент тапсырмасын тиісінше орындамағаннан кейін, мәселені шешуге халықтың өзі кірісті. Қарапайым азаматтар үкімет айтып отырған 10-12 миллиондық шектеу емес, адамның жасына қарай зейнетақы салымдарын пайдалануға мүмкіндік беру механизмдерін ұсынып отыр. Және президент кеңесшісі Олжас Құдайбергеновтің өзі осы идеяны қолдады.

Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жаққан бастамаларының бірі – зейнетақы салымдарын баспана алу мақсатында қолдану мүмкіндігін қарастыру. Үкіметке 2019 жылдың аяғына дейін осы мәселеге қатысты нақты шешім ұсыну тапсырылған. Оған екі ай мерзім берілген болатын. Мерзім бітуге жақын қалғанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов баспасөз-мәслихатын өткізіп, онда үкіметтің мемлекет басшысына дайындаған ұсынысы туралы сөз болды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов. Фото: ortcom.kz

«10-12 миллион теңге жинаған кез-келген азамат оның үстіндегі артық сомасын еш кедергісіз қолдана алуы тиіс. Ал егер белгіленген соманы жинамаса, онда жас ерекшелігін ескеру керек: Ер адамдар 10 миллион, ал әйелдер 12 миллион теңге жинауы шарт... Бұл дегеніміз, адам өзін-өзі зейнетақымен қамтамасыз ету шегіне жетуі керек деген сөз. Ал одан артылған ақшаны басқа мақсаттарда жұмсауға болады деп ойлаймыз. Қазіргі ұсыныстар бойынша солай. Зейнетақымен қамтамасыз ету шегі бар. Одан артылғанды пайдалануға болады», деді Нұрымбетов.

Қазір зейнетақы қорында ондай ақша жинаған халықтың үлесі 1 пайыздан аспайды. Бар-жоғы 102 мың салымшының ғана үкімет белгілеген сомадағы жинағы бар болып шықты. Және бұл азаматтарды баспанаға зәру деп айту қиын. Сонда үкімет жұмысының нәтижесі тағы да қарапайым халықты айналып өткенін және президенттің түпкі көздегені үкімет айтып отырған шешіммен мүлдем жанаспайтынын анғаруға болады.

Халық үкіметтің бұл шешімімен келіспейді және министрлер кабинетінен еш қауқар болмағандықтан, Олжас Құдайбергеновтің фейсбук парақшасында өз механизмдерін ұсынып отыр. Мысалы, Ardak Berdibekov есімді азаматтың ұсынысы мынадай:

«10-12 миллион теңге жинаған кез-келген азамат оның үстіндегі артық сомасын еш кедергісіз қолдана алуы тиіс. Ал егер белгіленген соманы жинамаса, онда жас ерекшелігін ескеру керек:

30 жасқа дейінгі азамат – 10-12 миллион теңгенің жартысын қолдана алуы тиіс. 30-35 жастағылар соманың 45%-ын, 35-40 жастағылар - 40%-ын, 40-45 жастағылар 30%-ын, 45-50 жастағылар 20%-ын, 50-55 жастағылар 10%-ын қолдана алатын болуы керек. 55 жастан асқан азаматтар тек 10, 12 миллион теңгенің үстіндегі соманы пайдалана алады».

Айтылған ұсынысты президент кеңесшісі қолдап отыр. Ол тіпті болашақты бұл жүйе қолданысқа енуі мүмкін екенін де айтты. Бірақ Олжас Құдайбергеновтің осы мәселеге байланысты өзінің пікірі түсініксіз.

Олжас Құдайбергенов. Фото: csi.kz

«Президенттің тапсырмасы орындалған жоқ. Жұмыс тобының мүшесі ретінде мен бұл шешімді жұмыс тобының емес, Еңбек министрлігінің шешімі деп мәлімдеймін. Мен 100% қарсы болдым. Президент үшін шешім халықтың пайдасына 1 пайыз емес, 99 пайыз шешілуі керек», деп жазып, халық қолдауына ие болған.

Артынша Құдайбергенов бірден бұлт ете қалып, былай деді: 

«Кеше мен Еңбек министрімен екі рет кездестім. Ал бүгін Президент әкімшілігінде тұрғын үй сатып алу үшін зейнетақы жинақтарын пайдалану туралы жалпы жиналыс өтті. Енді біз осы 102 мың азаматқа тұрғын үй сатып алу үшін зейнетақы жинақтарын пайдалануға мүмкіндік беру керек деп есептейміз. Бұдан әрі тұтастай зейнетақы жүйесін реформалау жұмысы жалғасады. Механизмдер зейнетақымен және тұрғын үй жүйелерімен байланыстырылатын болады. Айтпақшы, министр сингапурлық модельді қолдайтынын айтты. Осы тұрғыда, менің ойымша, президенттің тапсырмасы орындалды деп санауға болады».

Олжас Құдайбергеновтің жеме-жемдегі бұлғағы, солқылдақ позициясы әріптес-сарапшылардың наразылығын туғызып, фейсбуктегі текетіреске алып келді. Нәтижесінде Олжас Құдайбергенов өзін сынағандардың көбінен теріс айналып, «банға» жіберді.

Қалай болғанда да, зейнетақы қорында жинақталып қалған мол қаржыны тұрғын үй саласына аудару ірі қаржылық топтардың мүддесін көздейтін мәселе болып отыр. Оны өз пайдасына шешу үшін түрлі топтар ештеңеден аянбайтыны анық. Бұл жағдайда ең бастысы халықтың мүддесі аяқсыз қалмауы тиіс және үкіметке осы ұстанымды бірінші кезекке шығару керек.

Тегтер: