Экономиканы энергетикасыз дамыту мүмкін емес
Nege.kz Қазақстан экономикасын дамытудың алғашарттары бойынша сериялы мақалалар циклын жалғастырады. Биыл Қазақстан экономикасы стагнациядан шығып, ішкі жалпы өнімнің кем дегенде 2 пайызға өсуі болжанып отыр. Бірақ, өңдеуші өнеркәсіп саласында ілгерілеушілік көрсету үшін, тұрақты энергия генерациясы ауадай қажет.
Үстіміздегі жылдың екінші жартысында Үкімет Президенттің экономикалық өсім бойынша тапсырмаларын қалай орындайтыны бойынша ақпарат таратты. Ұлттық экономика министрлігі бағыты бойынша инфляция деңгейін бақылау және төмендету, тарифтердің күрт көтерілуіне жол бермеу, жаңа салық-бюджет саясаты мен квазимемлекеттік секторды реформалау бойынша жұмыстар атқарылмақ.
-
Тақырыпқа орай: Коммуналдық қызмет тарифтері өзгереді
Инфляция деңгейін тұрақтандыру мақсатында Үкімет мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2022-2024 жылдарға арналған инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асырып жатыр. Шаралар кешені 67 іс-шараны іске асыруды қамтиды, оның ішінде осы жылы 38 іс-шара (жедел шаралар) және 2024 жылға дейін 29 іс-шара (жүйелі шаралар) іске асырылады. Әзірге оның 13-і орындалды. Ал 25 шара орындалу үстінде. Жалпы, шаралар кешенін іске асырудың тұрақты мониторингі жүргізілуде және жартыжылдық негізде шаралардың орындалу барысы туралы жиынтық есепті Үкіметке енгізу көзделген.
ҚР Министрлер кабинеті. Фото: primeminister.kz
Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықовтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Министрлік халыққа коммуналдық қызмет тарифтерін көтеруге 180 күнге мораторий енгізді. Осыған байланысты 100-ден астам табиғи монополия субъектісінің тарифтері түзетілді, бұл халыққа 3,2 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді.
Бүгінгі таңда табиғи монополиялар салаларында 1 450-ден астам қызмет көрсететін 1 250-ден астам ТМС қызметін жүзеге асырады және 60-тан астам қызмет көрсетеді. 250-ден астам ТМС шекті (ұзақ мерзімді) тарифтер бойынша жұмыс істейді, бұл тұтынушыларға тарифтердің болжамдылығын, инвестициялар салу есебінен қызметтердің сапасын арттыруды қамтамасыз етеді.
Қазіргі кезде мораторий аяқталды. ІІ жартыжылдықта тарифтердің биылғы инфляция дәлізі шегінде өзгеруі күтілуде. Тұтынушылар мен табиғи монополия субъектілері мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету, сондай-ақ, коммуналдық қызметтер тарифтерінің күрт өсуіне жол бермеу мақсатында келесі шаралар қабылданатын болады:
қаражаттардың мақсатты пайдаланылуын бақылау;
тұрғын үй көмегі тетіктерін дамыту;
әр аймаққа әлеуметтік-экономикалық жағдайын ескере отырып, жеке әдіс көздеу.
Сонымен қатар жаңа салық-бюджет саясаты шеңберінде бюджетаралық қатынастарды реформалау және мерзімдері мен кезеңдерін екі есеге қысқарта отырып, бюджеттік жоспарлаудың реинжинирингі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Өңірлердің пайдасына қарай қаржы-экономикалық функцияларды орталықсыздандыру бойынша жұмыс басталды.
«Бүгінгі таңда Бюджет кодексіне өңірлердің өзін-өзі қамтамасыз етуін күшейту бойынша, оның ішінде түсімдердің қосымша түрлерін жергілікті деңгейге беру арқылы түзетулер әзірленді. Субвенциялар мен бюджеттік алымдарды есептеу кезінде жергілікті атқарушы органдардың шығыстар бойынша құзыреттері кеңейтіледі және іс-шараларды іске асыру бойынша жауапкершілігі көтеріледі», — деді бірінші вице-министр.
Сондай-ақ, газ жобалары бойынша фискалдық преференциялар мәселесін пысықтау тапсырылды. Осы мәселе бойынша Жақсартылған модельдік келісімшартты әзірлеу шеңберінде негізгі тәсілдер әзірленді. Аталған тәсілдерге сәйкес, инвестициялар толық өтелген кезеңге дейін корпоративтік табыс салығынан (КТС), экспорттық кедендік баждан (ЭСА) босату бойынша преференциялар, сондай-ақ, жер қойнауын пайдалануға арналған баламалы салықтың преференциялық режимін қолдану құқығы (ЖБС) ұсынылады. Бұл ретте қарсы міндеттемелер ретінде өндірілген газды ішкі нарыққа жіберу, инвестициялардың мәлімделген көлемдерін салуды қамтамасыз ету, әлеуметтік пакет ұсына отырып, «қазақстандық» кадрларды жұмысқа орналастыру ұсынылады.
Өз кезегінде квазимемлекеттік сектордың рөлін қайта қарау шеңберінде мемлекеттік меншікті басқаруды жетілдіру және «Самұрық-Қазына» қорын реформалау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Осы бағыт бойынша мемлекет қатысуының нақты өлшемі, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жаңа сыныптамасы, сондай-ақ, корпоративтік басқарудың жаңа ұйымдастырушылық нысандары мен модельдері айқындалатын болады.
«Самұрық-Қазына» қорының миссиясы жеке инвестицияларды тарта отырып, жүйе құраушы жобаларға белсенді ортақ инвестициялауға баса назар аударып, қайта қаралады. Қор активтерін нарыққа шығару процестері жеделдетіледі. Бұл тиімділігі жоғары, жинақы және ашық квазимемлекеттік секторды қалыптастыру үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді», — деді Тимур Жақсылықов.
Бірақ экономиканы тұрақты өсу жолына қою үшін тек қана коммуналды тарифтерді реттеу жеткіліксіз. Бізде энергия тиімділігінің үлкен проблемасы бар. Яғни, энергия жоғалту деңгейі өте үлкен болып тұр.
Осы тақырып төңірегінде Nege.kz 25 жылдық тәжірибесі бар энергетик, сарапшы, Haırýshev energy телеграм-каналының негізін қалаушы Жақып Хайрушевпен тілдесіп, оның ұсыныстарымен танысқан болатын. Энергетика маманы осы тақырып төңірегінде бізге ауқымды түсініктеме берді:
«Жылумен жабдықтау - тұтынушылардың кең тобына көрсетілетін қызметтердің ең маңызды саласы, бұл - біздің қоғамымыздың әл-ауқатын, әлеуметтік тұрақтылығын және ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын сала. Қазақстандағы жылумен жабдықтау саласы бұрынғы КСРО құрамында болған басқа елдерімен қатар өзінің ауқымы бойынша әлемде теңдесі жоқ. Қазақстанда жылумен жабдықтаудың ауқымы орасан зор, жылу желілерінің жалпы ұзындығы 12 300 км құрайды, оның ішінде магистралды – 30%, орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінде отынды пайдалану көлемі де аса маңызды.
Энергетика саласының сарапшысы Жақып Хайрушев. Фото: exk.kz
Суық климат жағдайында жылумен жабдықтау жүйелері стратегиялық сипаттағы өмір сүруді қамтамасыз ететін маңызды жүйелердің біріне жатқызылады. Температура режимдерінің ерекшеліктеріне сәйкес жүйелер шұғыл түрде өзгеретін жүктемелермен жұмыс істейді.
Дамыған елдермен қатар, дамушы елдерде де энергетикалық жүйелерді дамыту энергия ресурстарын жалпы тұтынуды азайту арқылы сұранысты тиімді қанағаттандыруға бағытталған. Энергия тиімділігін арттыруға бағытталған негізгі заманауи трендтерге үлестірілген энергетика тұжырымдамасы, "ақылды желілерді" дамыту есебінен сұранысты басқару, сондай – ақ когенерация-көмірсутекті және жаңартылатын отынның әртүрлі түрлерін пайдалана отырып, бірыңғай циклде жылу және электр энергиясын бірлесіп өндіру технологиясы жатады.
Когенерацияның басты артықшылығы - электр және жылу энергиясын бөлек өндірумен салыстырғандағы отынды айтарлықтай үнемдеу. Сонымен қатар, когенерацияның дамуы электр энергиясы мен қуат нарығына қосымша әсер етеді. Мысалы:
жекелеген когенерациялық энергия көздеріне шоғырланған резервтермен неғұрлым икемді маневр жасау есебінен тұтынушыларды электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыру;
жоғары вольтты желілерге шамадан тыс шығындарсыз, жылу беру режимінен шықпай электр қуатын терең реттеу мүмкіндігі бар маневрлік жылу электр орталықтарын (бұдан әрі – ЖЭО) құра отырып, тікелей қалыптасқан тұтыну тораптарында электр қуатының қажетті өсімін қамтамасыз ету мүмкіндігі;
когенерациялық энергия көздерінің бірлік қуатын арттыру және оларға неғұрлым қуатты заманауи когенерациялық қондырғылар орнату жолымен жылу энергиясы өндірісінің шоғырлануын арттыру есебінен жылу энергиясы көздерінің тиімділігін арттыру;
түрлі энергетикалық ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру;
жылу жүктемелерінің кестесі бойынша электр энергиясын өндіру есебінен тиімділікті арттыру;
электрмен және газбен жабдықтау жүйелері авариялық болып ажыратылған кезде қалаларды энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету (тіршілікті қамтамасыз ету объектілерін қоса алғанда, бөлінген электр жүктемесіне арналған жұмыс, резервтік отынды пайдалану мүмкіндігі, кепілдендірілген жылумен жабдықтау).
Аталған әсерлер капитал салымдары мен отынды айтарлықтай үнемдеуге қол жеткізуге, еңбек өнімділігін арттыруға, энергияның өзіндік құнын төмендетуге, электр энергия мен қуат нарығындағы когенерациялық энергия көздерінің пайдасын арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда әлемде де когенерацияға деген назар өсуде: болашақта 2025 жылға дейін когенерация қуаттарының жыл сайынғы өсімі 2,8% деңгейінде болжануда. Алайда, әлемдік тренд "таза" энергия көздерін пайдалана отырып, "шағын" когенерацияны дамытудан тұрады, ал біздің елде "кең" когенерацияны дамыту туралы сөз атылуда.
Еуропа елдерінде когенерацияның пайдасын ұғына отырып және қоршаған ортаны қорғау тұрғысынан – бұл көмірқышқыл газының шығарылуын азайту, климаттың өзгеруі туралы 2015 жылғы Париж келісімі шеңберіндегі міндеттемелерді орындау.
Мәселен, 2018 жылы Еуроодақ елдерінде электр энергиясының шамамен 20% когенерациядан алынды. Данияда, Финляндияда және Нидерландыда когенерацияның нарықтағы таралу көрсеткіші ең жоғары болып табылады, бұл электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінің 58% құрайды, дегенмен Ирландия, Франция, Грецияда когенерация қосалқы рөл атқарады, бұл жалпы өндірістің шамамен 5% құрайды. Мысалы, Германияда ЖЭО электр энергиясын өндіруді елдегі жалпы электр энергиясының 13% - дан 2022 жылға қарай 25% - ға дейін екі есеге арттыру мақсаты қойылды. Ұлыбритания да когенерацияны қолдауда. Онда 2050 жылға қарай көмірқышқыл газының шығарылуын 60% төмендетуге қол жеткізу үшін Үкімет қаржылық ынталандыру және гранттық қолдау арқылы когенерацияны қолдайды. Еуропалық Одақтың көптеген басқа елдерінде когенерацияны жүзеге асыратын компаниялар үшін салық жеңілдіктер қолданылады.
-
Тақырыпқа орай: Жақып Хайрушев: Тариф пен экологияның дұрыс балансын қалыптастыруға аса жауапкершілікпен қарауымыз қажет
Мемлекеттің стратегиялық шешімдерін орындау жөніндегі есептілік жалпы жұрт қабылдаған тәжірибе болып табылады. Мәселен, 2004 жылғы 11 ақпандағы когенерацияны дамытуды қолдау жөніндегі 2004/8/EC директивасына сәйкес Еуропалық одаққа кіретін барлық елдер 2005 жылдан бастап электр энергиясы мен жылуды құрамдастырылған өндіру көлемі, электр энергиясы мен жылуды жалпы өндірудегі когенерация үлесі, когенерация тәртібінде электр энергиясы мен жылуды өндіру үшін отын шығыны туралы ақпаратты жариялайды.
Сонымен қатар, Қазақстанда жалпы пайдаланудағы жылу электр станцияларында құрамдастырылған өндіру үлесі соңғы 30 жылда өнеркәсіптік жылу тұтынудың төмендеуіне байланысты үштен бірге төмендеді, тиісінше жылу тұтынудағы электр энергиясын өндіру де азайды.
Электр энергиясының көтерме нарығында ЖЭО-ның бүгінгі бәсекеге қабілетсіздігінің басты себебі жазғы кезеңде тұтынушыларды жылумен жабдықтауды өшіру қажеттілігінен, сондай-ақ ЖЭО жүктеме орталығында болғанда ескі жабдықтар мен тозудың жоғары деңгейінен көрінеді. Осыған байланысты, мемлекет тарапынан ЖЭО-ға көмек көрсетудің негізгі міндеті жылу және электр энергиясы нарықтарының жұмыс істеуіне әділ жағдайлар жасауды қамтамасыз етуде көрінеді.
Қазіргі уақытта Қазақстанда жылумен жабдықтауды әртүрлі меншік нысанындағы және әртүрлі ауқымдағы ұйымдар ұсынады. Жылумен жабдықтауды реттеудің едәуір бөлігі биліктің өңірлік және коммуналдық деңгейлеріне берілді, өңірлердің жылумен жабдықтау жүйелерінің жұмыс істеу сапасы оларға байланысты. Отын-энергетика кешеніндегі біріктірілген өндіріс жүйелерінің төмендеуіне әсер етуді жалғастыратын негізгі факторлардың ішінде жылу тасымалдау жүйелерінің созылмалы тозуын бөліп көрсету қажет, бұл тұтынушылардың бір бөлігін жылумен жабдықтаудың жеке көздеріне көшуге мәжбүрлейді.
Нәтижесінде, когенерация – электр энергиясы мен жылу өндірісінің ең тиімді технологиясы - бүгінде отандық энергетикадағы ең тиімсіз сектор болып шықты. Ірі ЖЭО түрлі себептермен жылу жүктемесін жоғалтатын және әрі де жоғалтуда.
Біріншісі - өнеркәсіптік кәсіпорындарда және ішінара коммуналдық-тұрмыстық секторда меншікті қазандықтарды дамыту, бұл жылу энергиясын жеткізуді және жылу тұтынуда электр энергиясын өндіруді азайтуды білдіреді.
Екіншісі - орталықтандырылған энергия когенерациясы жүйесін дамытуға қызығушылықты төмендететін жылу энергиясын тасымалдау кезіндегі үлкен шығындар. ЖЭО - ның едәуір бөлігі өндіруші қуаттардың қанағаттанарлықсыз құрылымына және олардың жоғары тозуына ие, бұл төмен орағытушылыққа әкеледі – олардың 60% тозғаны белгілі.
-
Тақырыпқа орай: Ұлы дала биткоины. Криптодержаваға айналған Қазақстан үшін НЕГЕ жасыл энергетика ауадай қажет?
Соңғы бірнеше жылда айтылған жылумен жабдықтауды дамыту стратегиясы жылумен жабдықтау саласын стратегиялық дамытудың және оның жұмысының тиімділігін арттырудың негізгі бағыттарын анықталуы қажет.
Жылу энергиясымен қамтамасыз ету саласындағы осы стратегияның басым міндеттері – компаниялар мен тұтынушылар мүдделерінің теңгерімдерін сақтай отырып, жылу желісі кешенінің сенімділігін арттыру және когенерация басымдығымен жылумен жабдықтаудың тиімді нарықтарын қалыптастыру (көмірсутекті және жаңартылатын отынның әртүрлі түрлерін пайдалана отырып, бірыңғай циклде жылу және электр энергиясын бірлесіп өндіру технологиясы) болып табылады.
Осы міндеттерді шешудегі басым құрал ретінде жылумен жабдықтау саласындағы баға белгілеумен қатынастар моделін қолдану болып табылады:
тұтынушыларды сенімді және тиімді жылумен жабдықтауға жауапты бірыңғай жылумен жабдықтаушы ұйымдардың жергілікті жылу нарықтарында тиімді жұмыс істеу жағдайларын қалыптастыру;
когенерация деңгейінің өсу басымдығымен орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінің тиімділігін арттыру;
жылу энергиясына тарифтерді толық реттеуден өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, "инвестицияларға айырбас тарифі" қағидатын белгілеуге көшу;
тұтынушыларға жылумен жабдықтаудың схемалары мен тәсілдерін таңдауға және тиімді технологияларды қолдану үшін ынталандыруға нақты мүмкіндік беретін жергілікті жылу нарықтарының модельдерін іске асыру;
жылумен жабдықтаудың баламалы көздерін, оның ішінде геотермалдық көздерін пайдаланудың, ауаны рекуперациялау жүйелерін, төмен әлеуетті жылуды пайдаланудың үздік тәжірибелерін тарату;
магистральдық жылумен жабдықтау желілерін экономикалық дәйекті дамыту, оның ішінде ұлттық жобалар мен ұлттық бағдарламаларды іске асыру шеңберінде тұрғын үй құрылысының қажеттіліктерін сенімді және сапалы қамтамасыз ету үшін.
Жылумен жабдықтауды ұйымдастыру үшін электр және жылу энергиясын аралас өндіруді пайдалану басымдығы "Жылумен жабдықтау туралы" жаңа заңмен де айқындалуы тиіс.
Өңірлердің жылумен жабдықтау жүйелерін дамытуды кешенді жоспарлау
Қазақстанда жылумен жабдықтау жүйелері мен электрмен жабдықтау жүйелерінің өзара әсері өте жоғары. Қазақстанның әрбір облысы мен қаласында белгіленген тәртіппен әзірленген және бекітілген Жылумен жабдықтау схемалары болуы қажет, олар жылу желілерін дамытуды ғана емес, сондай-ақ жылу энергиясының көздері ретінде жаңа ЖЭО салуды және әрекеттегілерді қайта жаңартуды да айқындайды.
Тиісті қалалар мен облыстардың Жылумен жабдықтау схемаларында жылумен жабдықтау жүйесін дамыту, оның ішінде орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерін дамыту мен электр және жылу энергиясының аралас көздерін басым пайдалану, қолайлы техникалық шешімдерді іске асыру, оларды қаржыландыру көздері және жылу энергиясын түпкілікті тұтынушылар үшін тарифтік және әлеуметтік-экономикалық салдарларды бағалау мәселелері қамтылуға тиіс.
Сонымен қатар, Жылумен жабдықтау схемаларын жыл сайын әзірлеу және өзектендіру осындай аймақтардың бүкіл экономикасын сауатты жоспарлауға әкелуі мүмкін.
Бұл ретте Жылумен жабдықтаудың өңірлік схемалары елдің бекітілген ОЭТ-мен және басқа да стратегиялық құжаттармен үндестірілуі тиіс.
Қазақстан БЭЖ-де жүйелі авариялар туындаған жағдайда электр және жылу жүктемелері орталықтарында орналасқан өңірлік ЖЭО-лар қалалардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерінің сенімділігін (өміршеңдігін) арттыру мақсатында осы ЖЭО-ның электр энергиясы мен жылуды тұтынушыларды жоғалтпай аралдық режимде жұмысқа ауысуын қамтамасыз етуі тиіс.
Әрекеттегі ЖЭО-ның жұмысын талдау экономикалық негізделген деңгейлерге қатысты жылу энергиясына тарифтердің созылмалы төмендеуі салдарынан көтерме сауда нарығының генерациясының өзге түрлеріне қатысты осы ЖЭО-ның бәсекелестік қабілетінің төмендеуін және соның салдарынан жылу энергиясын сатудан айтарлықтай аз түсім алуды көрсетеді. Бұл жағдайда ЖЭО-ның инвестициялық бағдарламалары азаяды, нәтижесінде тозу мен апаттылықтың жоғарылауы байқалады.
Жылумен жабдықтауды тарифтік реттеу
Жылумен жабдықтауды тарифтік реттеудегі негізгі тәсілдеме ретінде жылу электр энергиясымен субсидиялау болып қала береді. Сондай-ақ, бүгінде реттеудің тиімсіздігі тариф шығындардың белгілі бір тізбесі мен пайданың рұқсат етілген мөлшері негізінде белгіленуіне байланысты. Бұл ретте жылумен жабдықтаушы ұйымды тиімді дамыту үшін пайдалы болатын көптеген шығындарды (мысалы, тұрғын үй сатып алу, жалға алу, күтім, жұмыс қорытындысы бойынша қызметкерлерге сыйақы беру, балабақшалар үшін, емханалар қызметі үшін төлемдер және т.б.) тарифке енгізуге тыйым салынады.
Нәтижесінде субъектілер шығыстарды қысқартуға, тиімділікті арттыруға мүдделі емес, әйтпесе келесі тарифтік кезеңде субъектіге тариф бұрынғыға қарағанда аз орнатады.
Түсінікті қағидаттарға негізделген тариф белгілеудің түбегейлі өзге әдістеріне көшу қажет.
Жылумен жабдықтауда баға белгілеудің негізі жылу энергиясы нарығының нысаналы моделі негізінде жылумен жабдықтаудың орталықтандырылған жүйелерінің тиімді жұмыс істеуі және дамуы үшін экономикалық ынталандырулар жасайтын жылумен жабдықтау саласындағы қатынастарды ырықтандыру болуға тиіс.
Жеке капиталды тарту үшін инвестицияларды қайтару кепілдігі қажет. Жылумен жабдықтау саласында бүгінде инвестицияларды кепілдендірудің жалғыз тетігі тариф болып табылады, ол жоғарыда айтылғандай, белгілі бір "әлеуметтілігі" салдарынан төмендетілген.
Қазіргі уақытта Үкіметтің жер қойнауында қуат нарығына төлемақы сомасын ұлғайту мәселесі қарастырылуда, бұл да жылумен жабдықтау жүйесіне инвестициялар тартудың пәрменді тетігі болып табылады.
Жылумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту
Жылу энергиясы нарығының нысаналы моделіне көшудің негізгі міндеттерінің бірі ағымдағы деңгейге қатысты инвестициялардың еселеп өсуі болып табылады. Жылу желілерін жаңғыртуға немесе салуға инвестициялар маңызды басымдық болып табылады, өйткені олардың тозуы жылумен жабдықтаудың төмен тиімділігі мен сенімсіздігінің негізгі себебі болып табылады. Ескі жылу желілерінің болуы когенерацияның әсерін жоққа шығарады.
Сонымен қатар, егер барлық магистральдық жылу желілерінің 45%-ы нормативтік деңгейден 30 жылдан астам қызмет ету мерзіміне ие болса да, магистральдық жылу желілерінің жай-күйі аз немесе аз қанағаттанарлық деп танылуы мүмкін болса, онда тарату желілері, көбінесе, өз ресурстарын толығымен таусып, апаттық жағдайда және ауқымды ауыстыруды қажет етеді.
Бұл ретте, басым инвестициялық жобаларды айқындау және инвестициялардың тиімділігін бақылау үшін, сондай-ақ орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесін жедел басқаруды жақсарту және апаттылықты барынша азайту үшін жылу желісі мен клиенттік инфрақұрылым, шығындар деңгейі, тұтынылатын жылу энергиясының саны мен сапасы туралы деректердің цифрландыру деңгейі мен объективтілік дәрежесін арттыру қағида тұрғысында маңызды.
Фото: elements.envato.com
Қазақстанның көміртек бейтараптығына 100% көшуі жағдайында және энергетикалық тиімділікті арттыру мақсатында әрекеттегі көмір ЖЭО отандық машина жасау және импорттық үлгілерді оқшаулау мүмкіндіктерін ескере отырып, үздік әлемдік үлгілерге сәйкес келетін көрсеткіштерді жақсарту талаптарымен бу-газ циклын пайдалануды қоса алғанда, жабдықты терең жаңғыртудан өтуі тиіс.
Қазақстанның энергетика саласында бу-газ циклінің (БГҚ) заманауи және тиімді технологияларын ауқымды енгізу қазақстандық компаниялардың климат және экономиканы декарбонизациялау жөніндегі Париж келісімін дамыту жөніндегі іс-шараларды орындаудың, сондай-ақ елдің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясының нысаналы көрсеткіштерін орындаудың ең тиімді және арзан тәсілі болып табылады.
БГҚ негізінде отынның үлестік шығындары төмен ЖЭО жаңғырту жобаларын іске асыру шығарындыларды едәуір қысқартуға, қазақстандық ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге, электр энергиясын өндіруге жұмсалатын отынның үлестік шығынын төмендетуге мүмкіндік береді, бұл электр және жылу энергиясын тұтынушылар шығындарының айтарлықтай төмендеуіне әкеледі. ЖЭО-ны жаңғырту кезінде БГҚ технологияларын қолдану жылу энергиясына, әсіресе жазғы кезеңдерде қажеттіліктің төмендеуінің байқалған үрдісін ескере отырып, жылу мен электр энергиясын өндірудің неғұрлым оңтайлы арақатынасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бірыңғай жылумен жабдықтау ұйымдары
Жылумен жабдықтау жүйелерінің тиімді жұмыс істеуі үшін "Жылумен жабдықтау туралы" заңның жобасында тұтынушының алдында сапа мен сенімділікке жауапты, тұтынушылар үшін бірыңғай "терезе" ретінде бірыңғай жылумен жабдықтаушы ұйым (БЖЖҰ) ұғымы енгізілетін болады.
БЖЖҰ таңдау критерийлері жылу энергиясын тұтынушылардың да, жылу энергиясын мен табастау қызметтерін жеткізушілердің де мүдделерін қажетті қорғауды қамтамасыз етуі маңызды. БЖЖҰ мәртебесі жылумен жабдықтау жүйесінде қаржылық тұрақты және неғұрлым ірі жылу активтеріне ие ұйымға берілуі тиіс, бұл тұтынушылар мен жеткізушілер алдындағы міндеттемелердің орындалуына кепілдік береді.
Жылумен жабдықтаудағы маңызды мәселелердің бірі жоғары дебиторлық берешектің болуы болып саналады. Жылумен жабдықтаушы ұйымдардың негізгі мәселелері нормативтен тыс шығындарға, саланың елеулі инвестицияланбауына, сондай-ақ жылумен жабдықтаушы ұйымдардың шығынсыз қызметі үшін жылу тұтыну тарифтері мен нормативтерінің жеткіліксіздігіне әкеп соғатын қазандықтар мен жылу желілерінің жоғары тозуымен байланысты.
Жоғарыда айтылғандай, бұл мәселелерді шешу үшін жабдықтар мен жылу желілерін жаңғырту қажет, бұл шығынсыз қызметті ғана емес, сонымен қатар инвестициялық салымдарды қайтаруды қамтамасыз ететін экономикалық негізделген тарифтерді белгілеусіз мүмкін емес. Азаматтар төлемінің өсуін шектеудің бүгінгі таңдағы тәжірибесі өсудің шектеулерін ескере отырып, экономикалық негізсіз тариф пен халық үшін тарифті белгілеуге алып келеді. Осылайша, аймақтық бюджеттерден өтелетін белгілі бір айырмашылық айқындалады. Бюджет қаражатының тапшылығы жағдайында өңірлердің көпшілігі экономикалық негізделген тарифтің өсуін жасанды түрде тежейді, ол көбінесе жаңғырту мен қайта құрылымдауға арналған инвестициялық шығындарды көздемейді, сонымен қатар сапалы жылумен жабдықтауды ұйымдастыру жөніндегі қызметті қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз.
Осылайша, өңірлік билік ешқандай жауапкершілік көтермейді және жылумен жабдықтаушы ұйымдарды (ЖЖҰ) толық қаржыландырмау мәселелерін энергия ресурстарын жеткізушілерге жүктейді. Бұл ретте жылумен жабдықтау жағдайы нашарлайды, энергия ресурстарын, оның ішінде газ, мазут және т.б. төлеу бойынша берешек деңгейі артады.
Бұл ретте мынадай шараларды (тиісті нормативтік құқықтық актілерді қабылдай отырып) қараған орынды:
1. Коммуналдық немесе мемлекеттік меншіктегі жылумен жабдықтау объектілерін жеке меншікке немесе сенімгерлік басқаруға беру жабдықты жаңғыртуға елеулі инвестициялар салынған, жылумен жабдықтау жүйесінің ағымдағы және нысаналы жай-күйін тіркеген және инвестицияларды қайтаруды және шаруашылық жүргізуші субъектінің шығынсыз жұмысын қамтамасыз ететін тариф белгіленген жағдайда ғана жүзеге асырылады.
2. Күнкөрісі төмен азаматтар үшін тарифтің өсуін шектеу кезінде атаулы әлеуметтік көмек бағдарламасы бойынша өңір бюджетінен айырманы қаржыландыруды көздеу.
3. Заңнамаға энергия ресурстары үшін ақы төлеу бойынша төлем тәртібін, оның ішінде жылумен жабдықтаушы ұйымдардың төлем тәртібін арттыруға бағытталған өзгерістер енгізу.
Жылумен жабдықтау саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жағдайлар жасау
Қазіргі уақытта жылумен жабдықтау саласындағы заңнама салаға инвестициялар тартуды барынша арттыруға мүмкіндік беретін бірқатар жетілдіруді талап етеді. Жоғарыда көрсетілген жүйелік проблемалардың шешімдері ретінде мыналарды қарастыруды ұсынамыз:
1) жауапкершілік аймағын "бірыңғай" терезеге ауыстыру арқылы жылу энергиясы нарығының нысаналы моделін жетілдіру;
2) шығыстарды үнемдеуді сақтауға қатысты жылумен жабдықтаушы ұйымдар үшін экономикалық ынталандыруды қалыптастыру бөлігінде тарифтік реттеуде жинақталған қайшылықтарды жоюға міндетті;
3) жылумен жабдықтау саласындағы жобаларды қаржыландыру үшін инфрақұрылымдық дамудың мемлекеттік қаржылық бағдарламаларындағы шектеулерді жою;
4) халықтың күнкөрісі төмен топтарына атаулы әлеуметтік көмек бағдарламаларына өзгерістер енгізуді жеделдету.
Жоғарыда аталған проблемаларды жүйелі түрде шешу, әрине, инвестициялар тартуға және жылумен жабдықтау жүйелерін дамытуға күшті ынталандыру береді.
Экологиялық қауіпсіздік жылумен жабдықтаудың жаңа бағыты ретінде
Қазақстан энергетикасының алдында тұрған ең өзекті міндеттердің бірі, тұтынушыларды сенімді және сапалы электрмен және жылумен қамтамасыз етумен қатар, энергетика саласының қоршаған ортаға теріс әсерін азайту болып табылады.
Экологиялық мәселелерді шешу үшін қалаларда орталықтандырылған жылумен жабдықтау және когенерация жүйесін дамыту, тозған жылу желілерін ауыстыру мен қайта салуды, ескірген шағын қазандықтарды шығарындыларды тазарту дәрежесі жоғары сүзгілері, жоғары құбырлары (270 м-ге дейін) бар заманауи ЖЭО-ның жылумен алмастыруды қоса алғанда, бұл қазандықтармен салыстырғанда шығарындылардың таралу аймағының кең болуына себеп болады (50-70 шақырым км) және қала ішіндегі жеке үйлерді орталықтандырылған жылытуға ауыстыру.
Жылумен жабдықтаудың өңірлік схемаларын әзірлеу кезінде экологиялық жағдайды сауықтыруға бағытталған техникалық, схемалық-режимдік және инвестициялық шешімдерді көздеу қажет. Бұл ретте жылумен жабдықтау схемаларына қойылатын талаптарға тиісті өзгерістер енгізу жеткілікті өтпелі кезеңді көздеуі тиіс.
Әзірленетін талаптар энергетиканың қоршаған ортаны ластауға нақты үлесін бағалауға, іс-шаралардың белгіленген көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін қажетті іс-шараларды пысықтауды, осындай іс-шаралардың құнын бағалауды, сондай-ақ тарифтік және әлеуметтік салдарларды бағалауды қоса алғанда, ластаушы заттардың шығарындылары мен төгінділерінің көлемі мен төмендеу серпіні бойынша жоспарлы көрсеткіштерді айқындауға және одан әрі қол жеткізуге бағытталуы тиіс.