23 Қыркүйек 19:05

Алматы мен Жапония арасындағы тауар айналымы 177,2 млн долларға жетті

Фото:

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямаданы қабылдады.

Алматы, NEGE. Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуды, сондай-ақ Алматы қаласы мен Күншығыс елінің префектуралары арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтуді талқылады.

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Алматы мен Жапония арасындағы тауар айналымы 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,6%-ға өсті және 177,2 млн долларға жетті.

Оның ішінде экспорт - 0,3 млн доллар, импорт - 176,9 млн доллар. Мегаполисте 12 бірлескен және 40 жапондық кәсіпорын тіркелген.

Мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл аясында Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ сияқты университеттер мен Жапонияның Цукуба университеті, Токио университеті және тағы басқа ынтымақтастық орныққан.

Қазақстандықтардың «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында жапондық 4 университетте білім алуға мүмкіндіктері бар. Алматыда 2002 жылдан бастап «Нархоз» университетінің базасында адами ресурстарды дамытудың Қазақ-жапон орталығы жұмыс істейді.

Тегтер: