9 Қазан 09:40

Әл-Фарабиге жан бітпек

Фото:

"ҚазМұнайГаз" бен "Лукойл" Каспий теңізіндегі мұнай кенін бірлесіп игермек. Екі компания басшылары осыған қатысты келісім-шартқа Мәскеуде қол қойды.

«ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Алик Айдарбаев және «Лукойл» президенті Вагит Алекперов «Әл-Фараби» жобасы бойынша келісімге қол қойды, деп жазады, ҚМГ баспасөз қызметі. Бұрын учаске «І-R-2» деп аталған болатын.

Қол қойылған құжат осы жоба бойынша ҚМГ және Лукойлдың құқықтары мен міндеттерін айқындайды. Бұл 2019 жылдың маусымында жасалған қағидаттар туралы келісімнен кейінгі келесі кезең. Ендігі қадам көмірсутек шикізатын барлау мен өндіруге келісімшартқа отыруды көздейді.

Бірлескен кәсіпорында ҚазМұнайгаздың үлесі 50,01%, ал Лукойлдың үлесі 49,99%-ды құрамақ.

«Бүгінгі келісім «ҚазМұнайГаз» бен «Лукойл» арасындағы серіктестіктің қарымды дамуының тағы бір айғағы. Ресурстық қорды дамыту – ҚМГ-ның стратегиялық міндеттерінің бірі. Біз бұл жұмысты жалғастыруға ниеттіміз. ҚМГ мен Лукойл Каспий теңізінің қазақстандық секторын тиімді игеруге бар күш-жігерін жұмсайтын болады», – деп атап өтті Алик Айдарбаев.

«Лукойл мен ҚМГ арасындағы ынтымақтастықтың стратегиялық мәні бар. Компаниялар Қарашығанақ, Теңіз, Құмкөл ірі жобаларында да, мұнай тасымалдау бойынша Каспий Құбыр Консорциумы арқылы да бірлесе жұмыс істейді. 2019 жылдың 1 сәуірінде Қазақстанның Энергетика министрлігі, ҚМГ және Лукойл арасында "Жеңіс" теңіз учаскесіндегі көмірсутектерді барлау мен өндіру бойынша келісімшарт жасалды», - деп еске алады, Лукойл тарапы.

Әл-Фараби алаңы Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан. Учаске ішіндегі су тереңдігі 150-500 метрді құрайды. Ал жағалауға дейінгі қашықтық 100-130 шақырым. Кен орнының ауданы 6 мың шаршы метрден асады. Бір қолайлысы, бұл жерде мұз қатпайды.

Тегтер: